Бұл туралы Спорт және мәдениет вице-министрі Ержан Еркінбаевтың Алматы облысы тұрғындарымен кездесуінде белгілі болды. Кездесуде алдымен еліміздегі туристік саланың дамуы жайлы баяндалды. 2019 жылы елге 6,7 млн турист келген болса, 2023 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 9 миллионға жетеді деп болжанып отыр. Аталған саланың дамуына Алматы облысының қосар үлесі мол. Өңірдің өзіндік туристік нысандары бар. Туристермен қатар тұрғындарға қызмет көрсетуші компаниялардың да саны артып келеді.
Сонымен қатар Ержан Еркінбаев Қапшағай су қоймасының мәртебесін нақтылау жайлы айтып, бұл аумақтың республикалық туристік нысанға айналатынын тілге тиек етті.
«Қазіргі таңда Қапшағай Экология министрлігінің балансында. Жақын арада облыс иелігіне өтеді. Сонда көптеген мәселелер шешіледі. Көл республикалық туристік нысанға айналса, бюджеттен қосымша ақша бөлуге мүмкіндік ашылып, көрсетілетін қызмет сапасы артады», – деді вице-министр.
Саланың оң динамикасына қарамастан, әлі де бірқатар мәселелер бар. Мысалы, Қонаев қаласының жағажайында қызмет ететін кәсіпкер бизнес орындарын жалға алу уақыты ендігі жылға дейін созылатын, я созылмайтынын сұрады. Кәсіпкерге жауап берген вице-министр мен қала басшылығының айтуынша, барлық сұрақ заң аясында шешіледі. Жиында тау туризмі үшін арнайы транспорттардың қажеттілігі, жаңа бағыттардың ашылуы, балық аулау туризмінің дамуы, субсидияны уақытында алу проблемалары да қозғалды.
Alatau News