Парламент Сенатының депутаты Жанболат Жоргенбаев бүгін Алматы облысына жұмыс сапарымен келді.
Депутат Қонаев қаласына сапары барысында облыс әкімі және мемлекеттік органдар басшыларымен кездесіп, суғару жүйелерін жаңғырту бойынша құрылыс жұмыстарымен танысты, туындаған мәселелерге қатысты су пайдаланушы шаруа қожалығының өкілдерімен кездесті. Сенатта атқарылып жатқан жұмыстардан хабар берді.
Сенатор Жөргенбаев Шеңгелді ауылына қарасты Сарыбұлақ ауылындағы № 5 насостық станциясының жұмысымен танысты. Мұнда сарқынды су жинағышының суы ауыл шаруашылығы дақылдарын суғаруға пайдаланылады. Сорғы станциясының қуаты 1730 гектар алқапты сумен қамтуға жетеді, қазір 806,3 гектар аумақ қамтылып отыр. 2022 жылы суару желілерін қайта жаңғыртуға республикалық бюджет есебінен 5,3 млрд. тенге бөлінген.
Сенатор су пайдаланушы шаруа қожалығының өкілдерімен кездесу барысында сумен жабдықтау, су жинау құрылыстарында санитарлық қорғау аймақтарын күтіп ұстау, тазалу және су шаруашылығы объектілеріне күрделі жөндеу жүргізуге қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
«Сенаторлардың аудандарға жұмыс сапары басталды. Бірінші кезекте су шаруашылығы мәселелеріне назар аударамыз. Олардың проблемалары мен өзекті мәселелерімен танысуымыз керек. Әрине, олардың кейбірі бізге белгілі, бірқатар бағыттар бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бірақ орталық деңгейде қарауды қажет ететін мәселелер бар. Мәселен, бүгінгі кездесуде суармалы егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету жайы нашар екені айтылды. Алматы облысында барлығы 263,8 мың гектар суармалы егістік бар, ұзындығы 9,4 мың шақырым. Суару желілері мен гидротехникалық құрылыстарды реконструкцияламай және күрделі жөндемей ұзақ уақыт пайдалану салдарынан тозығы жетіп, жол-жөнекей су ысырап болып, суармалы жерлер толығымен игерілмей отыр. Бұл мәселені шешу үшін облыста 8 аудан мен Қонаев қаласында айналымнан шығып қалған 54,1 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру үшін сурау желілерін реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді сенатор Жанболат Жөргенбаев.
Сенатордың жұмыс сапары бұдан әрі Іле ауданында жалғасты. Мұнда ол Қараой ауылдық округіне қарасты «Чала» және «Құралас» каналдарының жағдайымен және Ащыбұлақ ауылдық округіндегі кәріз тазарту құрылғыларының жағдайымен танысып, ондағы су пайдаланушы шаруа қожалығының өкілдерімен кездесті.