Қарапайымдылықтың, кішіпейілдіктің, жалпы адами қасиеттердің бәрін алыстан іздемей-ақ, кеше ғана арамыздан кеткен халқымыздың ұлы тұлғасы, мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың өзім куә болған мына бір қарапайым іс-әрекетін оқырманға паш етсем деп отырмын.
Бұл оқиға өткен ғасырдың 70-ші жылдарында болған еді. Сол кезде мен Алматы облысы Жамбыл аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып істейтінмін. Сенбі, жексенбі күндері нұсқаушылар бірінші хатшымыз Аймұхамбет Мансұровтың кабинетіндегі телефонда отырып, жоғарғы жақтан түскен телефонограммаларды, хабар-ошар, нұсқауларды журналға тіркеп отыратынбыз.
Күн жексенбі болатын. Күз айының бірде киіз, бірде мүйіз кезеңі. Біресе тұман, біресе жауын, біресе қар… Аудпарткомның ауласына бір қара «Чайка» кіріп келді. Мен жүгіріп барып ашамын дегенше, ішінен Дінмұхамед Қонаев шықты. Сәлемдестім. «Ой, көп жаса, балам!» – деп, арқамнан қақты да сөзін жалғастырды.
«Мына көлігімізге байланысты бір шаруаның туып тұрғаны. Астынан бір сылдыр естіледі. Соны бір жақын жердегі гаражға апарып тексертіп берсеңдер жақсы болар еді. Қырғызстаннан, Фрунзеден келе жатыр едік. Мен Байкенге телефон шалдым. Ол көлігін жіберсе, сонымен қалаға кете берем. Машина артымыздан келеді», – деді Димаш аға.
Мен: «Бірінші хатшымызға телефон соғайын. Келгеніңізді хабарлайын » – деп едім: «Жоқ, балам, оның қайда жүргенін білемін. «Рославль» совхозында. Жүз шақырым жерден қайдан тез жетсін. Біз қазір жүреміз ғой”, – деді. Ол кісінің жанында ақ «Волгамен» жүрген орыс жігіті қалды. Қордай аудпарткомының бірінші секретары Кравченко екен.
Ол Қаскелең ауданының бірінші хатшысы Мақашовқа: «Мен Димаш Ахметовичті Жамбыл ауданына дейін шығарып салып тұрмын. Сірә, бір сағаттан соң сіздің ауданға барып қалармыз. Жамбыл-Қаскелең шекарасынан тосыңыз»,– деді. Ұзынағаш совхозының гаражына барып жөндетіп келгенше, ол кісі кетіп қалыпты. Жүрерімізде: «Балам, егер бар болса 5-6 литр АЙ-96 бензинінен құйғызып берерсің. Алматыға дейін жететін шығар»,– деді. Мен 10 литр құйғызып бердім. Шофері маған қайта-қайта рақметін айтып, қалаға қарай жол тартты.
Бір кезде аудандық ветстансада қызмет ететін Әукен Нұрбаев деген жолдас жігітім жүгіріп келді. «Қонаев атамның «Чайкасын» көріп, өкпемді қолыма алып келгенімді қайтейін, ол кісі кетіп қалыпты» деді мұңайып. Екеуміз құрдаспыз. Қалжыңдаса береміз және Ұзынағаштағы қызметімізге Қарғалыдан күнде бірге келіп, бірге қайтамыз. Өзі өте көңілді жігіт болатын. Ән айтқанда дауысы қандай керемет еді. Марқұм болып кетті.
– Не? Бір жұмыс тапсырайын деп пе едің? – дедім қалжындап. Әлде үйіңе шақырайын дедің бе?
– Жоға! Рахмет айтайын деп едім.
– Не үшін?
– Мына қолымдағы пәдеркеге берген сағаты үшін. Шынында да оның қолында бұрын біз көрмеген бір сағат пайда болған-ды. Автобуста келе жатқанымызда жейдесінің жеңін түріп қойып, ерекше бір ықыласпен сипап-сипап алатын.
– Қандай еңбегің үшін?
– Ой, сен де қызық екенсің! Менің бұл ауданға сіңірмеген еңбегім қалған жоқ
– Жарайды, енді пәдәркіңнің тарихын айт!
– Сол жылы көктем ерте шықты. Малшылар оған қатты қуанды. Біз де, аудандық мал дәрігерлер де мәзбіз. Қыс қаһары артта қалды. Кез келген малды ауылға, қашарларға бару оңай. Сөмкелерімізді арқалаймыз да жүре береміз. Қуанғанымызды қайтейін, ерте көктемде бір яшурь деген жұқпалы ауру пайда болды. Ол ірі қараларда ғана кездеседі. «Ақтерек» совхозының жанындағы Алматы-Фрунзе тас жолының үстіне карантин қойдық. Жол үстінде ұзындығы 30-40 метр жерге арнайы дәрі қосылған ағаш ұнтақтарын төсейміз де, өткен-кеткен көліктердің иелерін, автобус болса, ондағы барлық жолаушыларды соның үстінен жаяу өткіземіз.
Бір кезде алыстан бір көлік көрінді. Жақындап қалды. Ой, Алла-ай, Қонаев атамның қара «Чайкасы». Алматыға барғанда талай рет көргенмін. Дәл өзі. Шлагбаумның алдына келіп тоқтады да, шофері сыртқа шығып, аш деген белгі берді. Мен екі қолымды айқастырып, болмайды деймін. Артқы есік ашылды да ішінен Димаш атамыз шығып келеді. Бірден маған қарай жүрді. Тәртіпсіздігімді айтып, ұрысқалы келеді деп ойладым. Көзім жыпылықтап кетті (сірә, қорыққанымнан болу керек). Қарасам, көз шарасы мейірімге толы. Жүзі жылы. Күліп келеді.
«Жарайсың, балам! Жұмысыңа осылай берік бол! Нағыз азамат екенсің. Постыңды әрқашан осылай адал атқар! Мынау саған атаңнан сыйлық болсын!» – деп қол сағатын шешіп берді. Есім ауып қалған мен не айтарымды білмей, аңқайып тұрғанымда ол кісі көлігіне қарай кетіп бара жатты. Есімді машинасы өтіп кеткен соң ғана жинадым. Әй, сорлы басым-ай! Рақметімді де айта алмай қалдым. Жаңа атаның «Чайкасын» көріп, соны айтайын, берген сағатын көрсетейін деп едім, әттеген-ай, кетіп қалыпты, – деп Әукен жыларман болып, қатты өкініп тұрды.
Тұрсынбек Ешенқұлов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Жамбыл ауданының Құрметті азаматы