Алматыда Қала күні мерекесі аясында облыстық ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің кеңейтілген екі күндік жәрмеңкесі өтті. Таң бозынан шара өтетін жерге қарай ет, сүт және сүт өнімдерін, жемістер мен көкөністерді арзан бағада сатып алуға болатынын білетін қалалықтар ағылды.
Облыстың тоғыз ауданы мен Қонаев қаласының шаруа қожалықтары құрамында ет-сүт, жеміс-көкөніс, шұжық, ұн, жармақтар, өсімдік және мал майлары және басқалары бар өнімдердің 50-ден астам атауын тұтынушылар талғамына ұсынды.
Жәрмеңкеде, облыс әкімінің орынбасары Алмас Батановтың атап көрсетуінше, аймақтың шаруашылықтары өз өнімдерін тұтынушыларға тікелей, ешқандай делдалсыз сатады, соның нәтижесінде олардың бағалары нарықтағыдан 10-20 пайызға арзанға шығады.
– Тұтастай алғанда, жәрмеңкеге 179,3 тонна азық-түлік өнімдері жеткізілді. Соның ішінде, ет өнімдері – 20,3 тонна, сүт өнімдері – 60 тонна, картоп – 20,6 тонна, көкөністер – 25,4 тонна, 22 тонна жеміс және басқа азық-түлік өнімі 45,2 тонна, – деп атап көрсетті облыс әкімінің орынбасары.
Ол, сонымен қатар, Алматы облысында дәнді дақылдар, күріш, май өндіруші дақылдардың дәстүрлі түрде молынан өндірілетінін, мал және құс шаруашылығының жақсы жолға қойылғандығын баса айтып өтті. Республика бойынша алғанда аймағымыз шабдалы өндіруден бірінші (2,6 мың га немесе Қазақстан бойынша жалпы көлемнің 60 пайызы) орынды, картоп өндіруден екінші (26 мың га немесе ел бойынша жалпы көлемнің 13 пайызы) орынды, күріш өндіруден де екінші (7 мың га немесе республика бойынша жалпы көлемнің 0,6 пайызы) орынды иеленіп отыр.
Әкімдіктің мәліметтеріне қарағанда, облысымыз құс шаруашылығы мен құс етін өңдеу бойынша да бірінші орында тұр. Аймақта 8,3 миллион бас құс тіркелген, ал бұл ел бойынша құстың жалпы санының 17 пайызын құрайды. Жыл басынан бері құс етінің барлық түрлері бойынша 141,4 тонна ет өндірілсе, соның 62,1 мың тоннасы – бройлер құсының (2022 жылы – 112,9 мың тонна болған) еті.
Жәрмеңкеге Іле ауданынан 14 шаруа қожалығының фермерлері қатысты. Олардың аталған іс-шараға жеткізген өнімдері 10 тоннаны құрады, соның ішінде, 6 тонна ет өнімдері және 4 тонна көкөніс бар.
Іле ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Мәмбетжанов:
– Біріншіден, мұндай жәрмеңкелер фермерлерге өз өнімдерін делдалдық сатыларсыз тікелей тұтынушыға сатуға мүмкіндік береді. Екіншіден, шараның жарнамалық ықпалы бар. Үшіншіден, бұл – көршілес аудандардың ауылшаруашылық өнідерін өндірушілермен танысу, тәжірибе алмасу. Ал енді алматылықтар үшін экологиялық таза, балғын өнімдер сатып алу мүмкіншілігі мол. Оның үстіне, мұнда шекті бағалар қойылған және одан фермерлер аттап кете алмайды, өйткені, бұл жерде әлеуметтік маңызы бар өнімдер қойылған, – деп атап көрсетті.
Жәрмеңкеге келген «Барсуков» шаруа қожалығының өнімдері аудан түгілі, одан тыс аймақтарда да кеңінен танымал. Фермер барлығы 2 тонна ет өнімін әкеліпті. Мысалы, үндік, үйрек, үй тауығы және басқалар бар. Қожалықтың экологиялық таза өнімдерін алматылықтар бірнеше сағаттың ішінде сатып алып кетті. Қазіргі таңда қожалықта 20 адам еңбек етіп жатыр.
– Бізде, көбінесе, бес және одан да көп балалары бар әйелдер еңбектенеді. Біз оларды ыңғайлы болуы үшін сағаттық жұмыстармен немесе ауысымдық кестемен қамтамасыз етеміз. Олар жақын жерде тұрады және көбінесе жеңіл шаруалармен, жем шашу, күту, етін бұзу, жүнін жұлу сияқты жұмыстармен қамтылған, – дейді қожалықтың басшысы Юлия Барсукова. Ол бірнеше мәрте республикалық байқаудың «Үздік фермерлік дүкен» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылған.
Ал, қала тұрғыны Марал болса: «Мен бұл жерден үйрек пен тауық етін бірнеше рет сатып алдым. Біреуі бірнеше мыңға ғана айналады. Бұл соншалықты қымбат та емес», – деп өз бағасын берді.
Сөз реті келгенде айта кетейік, Алматы облысы Алматы қаласы халқының құс етіне деген сұранысын 100 пайыз қанағаттандырып отыр (Анықтама үшін: Алматы облысы бойынша құс етін тұтыну нормасы – 24,4 мың, Алматы қаласы бойынша 35,0 мың тоннаны құрайды).
Азық-түлік өнімдерін әкелуден Еңбекшіқазақ ауданы алдына қара салмады. Әкелінген алмадан көз сүрінді, рекорд орнатты. Алманың мол болғаны сонша, «ине шаншар жер» қалмады.
Ерлі-зайыпты Жанат-Гүлфарха Бекмағамбетовтердің алмамен айналысып келе жатқанына да талай жылдың жүзі болыпты. Олардың «Әлихан» жеке шаруашылығы бар. Олар жәрмеңкеге алманың жеті түрінен: «Өскін», «Айдарбек», «Алтын дәмді», америкалық сұрып және басқаларынан 2 тоннаға жуық өнім әкелген. Олардың көп бөлігін түскі асқа дейін-ақ сатып әкетті, әрі 200-ден 350 теңге мөлшерінде, қолжетімді бағамен сатты. Ақжарқын да қонақжай Гүлфарха өз қолымен өсірген алмаларды журналистерге сыйға тартты.
– Біздің алма бағымыз Қаракемер ауылында, 3 га жерде орналасқан. Күйеуім қазір сонда, баққа қарап жатыр. Өйткені, жас алма ағаштары ерекше, 9 ай дерлік – ақпан айынан қазан айына дейін күтімді қажет етеді. Ал өнімдерді сатуға сіңлім мен ұлым Әлихан көмектеседі. Ата-анам, ағам мен жеңгем де алма өсірумен айналысады. Оларда 16-17 га жер бар. Өнімдерін де әртүрлі қалалық жәрмеңкелерде, мысалы, Гоголь-Масанчи қиылысында сатады. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, біз түгелдей дерлік сатып болдық, – дейді Гүлфарха Бекмағамбетова.
Ерлі-зайыпты фермерлер Владимир Реймер мен Мария Смурыгина жәрмеңкеде өз омарталарынан өндірген балдың мол ассортиментін ұсынды. Олар «Владимир» ЖК ара өсіру шаруашылығын Есік қаласында дамытып отыр. Иеліктерінде 80 ара отбасы бар.
– Жәрмеңкеге үш тоннаға жуық бал әкелдік. Алматылықтар қарақұмық және алтай сұрыбының балына басымдық беріп жатыр. Біз жыл сайын ауылшаруашылық жәрмеңкесіне қатысамыз, жібермеуге тырысамыз, – дейді олар.
Ескертіп қоялық, 17 қыркүйек күні Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, және Ұйғыр аудандарының 25-ке жуық бау-бақша серіктестігі Алматы қалалық әкімдігі Тұңғыш Президент саябағында ұйымдастырған «Apple Fest» фестиваліне қатысты.
Тұтастай алғанда, мерекеде алманың 13, соның ішінде – «лимонка», «американка», «апорт», «кандиль», «грушевка», «айнұр», «салтанат», «мельба», «рашида», «пеструшка», «гала» және «рахат» сұрыбы халыққа ұсынылды.
Естеріңізге сала кетейік, алма тұқымдарын өсіру мен терең өңдеу жөнінен Алматы облысы республикада бірінші орынға ие. Аймақта 11 мың гектарға жуық алма бағы болса, соның 1259 гектары (ҚР бойынша алғандағы жалпы көлемнің 31%) «апорт» өсірумен айналысады.
Бүтіндей алғанда, көкөністің молдығы мен қолжетімді бағалар жәрмеңкеге жиналған алматылықтарды қуантты және қалалықтар алдағы уақытта да жәрмеңкеге бір кісідей барарына сенім мол.
Бейбіт МЕКЕЕВ