Есік қаласындағы Т.Молдағалиев атындағы Мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы Шаяхмет Құсайынұлының «Поэзия – бақытым» атты өлеңдер жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.
Аталған мәдени шараға Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділов, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының жетекшісі Ержан Тоқтар, зиялы қауым өкілдері, аудан өнерпаздары, колледж студенттері мен ұстаздар қауымы қатысты.
Ең әуелі облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өкілдері облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтауын жеткізіп, аймақ басшысы атынан ақынға сый-сияпат көрсетті. Ал Ержан Тоқтар Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтауын оқып, Шаяхмет Құсайынұлына шапан жапты. Аудан әкімі Талғат Байеділов қаламгерге зор шығармашылық табыс тіледі.
– Қоғамымыздың игілігі, халқымыздың кемелдену жолындағы игі істеріңіз толастамасын. Халқымыздың рухани өзегі, сана байлығы жақсы жырлар арқылы толыға түсетіні хақ. Талай өнер тарландары түлеген тарихы терең өңірдің рухани байлығы да ұшан-теңіз болуы заңдылық. Қаламыңызға қуат тілеймін, – деді Талғат Ескендірұлы.
Шара барысында ақынның замандастары жылы лебіздерін білдірді. Шығармашылық кеште мектеп оқушылары кеш иесінің өлеңдерін жалындата оқыды. Аталған тұсаукесер салтанатында аудан өнерпаздары Шаяхмет Құсайынұлының өлеңдеріне жазылған «Еңбекшіқазақ вальсі» қатарлы әндерді әуелете шырқады. Айта кетсек, бүгінге дейін Шаяхмет Құсайынұлының поэзия мен прозалық шығармалары қамтылған 30-ға жуық кітабі жарық көрген.
Ерзат АСЫЛ,
Еңбекшіқазақ ауданы