Кеген аудандық Мәдениет үйінде қазақ журналистикасы мен әдебиетінің дамуына өзіндік үлес қосқан, туған жердің шежіресін жүрегіне түйіп, елдің мұңы мен қуанышын қаламына арқау еткен ақын, қаламы қарымды журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, әріптесіміз Қанат Біржансалұлының рухына арналған «Тауларым – менің тағдырым» атты еске алу кеші өтті.
1962 жылы 7 шілдеде дүниеге келген Қанат Біржансалұлы еңбек жолын туған ауылында бастап, кейін бүкіл ғұмырын баспасөз саласына арнады. Нарынқол өңірінен басталған журналистік жолы оны Алматы облыстық газетіне дейін жетелеп, Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандарының тыныс-тіршілігін кеңінен насихаттаған білікті журналист ретінде елге танылды. Қанат Біржансалұлының журналистикадағы еңбегі мен әдебиеттегі ізденісі өзара сабақтасып жатты. «Қарашада қара үй тұр», «Соғыстың соңғы солдаттары» атты тарихи-танымдық еңбектері мен «Мөлдір моншақ», «Тәңіртауға табынам», «Тәңіртауым, тәтті мекенім!» атты жыр жинақтары – қаламгердің шығармашылық мұрасының жарқын көрінісі. Еңбектері лайықты бағаланып, «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісімен және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Кешке Кеген ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мұхтар Батырханұлы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, жазушы Бейбіт Сарыбай, «Өлке тынысы» ЖШС директорының кеңесшісі, ақын Кәдірбек Құныпияұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Тұрсынов, зиялы қауым өкілдері, ақынның замандастары, әріптестері және туған-туыстары қатысты.
Сахна шымылдығы ақынның өмірі мен шығармашылық жолы туралы бейнебаянмен ашылды. Еске алу шарасы аясында Кеген халық театрының дайындауымен режиссер Аршын Нұрбақыттың қаламгер өмірінен сыр тартқан «Ар алдында» атты театрландырылған қойылымы көпшілік назарына ұсынылды. Адамның ғұмыры жылдарымен ғана өлшенбейді. Оның өмірі халқына сіңірген еңбегімен, қалдырған өнегесімен, жүректерде сақталған жарқын бейнесімен бағаланады. Бұл кеш өткенді еске алу ғана емес, өнегелі өмірге тағзым ету, жақсы адамның есімін ұрпақ жадында жаңғырту болды.
Шарада алғашқы сөз алған Кеген ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мұхтар Батырханұлы:
– Қанат Біржансалұлы саналы ғұмырын журналистикаға арнап, туған өлкенің тыныс-тіршілігін, елдің тарихын, халықтың болмысын өз шығармаларына арқау етті. Оның ойлы да сырлы жырлары, тарихи-танымдық еңбектері мен жүрекке жететін мақалалары оқырман қауымның жадында сақталып, рухани қазынамыздың құнды бөлігіне айналды. Ақынның шығармашылығында туған жер тақырыбы айрықша орын алады. Сондықтан да оның өлеңдерін оқығанда туған өлкенің тынысын сезініп, қасиетті топырақтың қадірін тереңірек түсінеміз. Жазушының өмірі тоқтағанымен, оның шығармалары ел жадында мәңгі сақталады. Оның артында іздейтін отбасы, туыстары, қалың оқырманы бар, – дей келе, ақынның жары Кеңесгүл Шашауқызының иығына камзол жауып, ҚР Құрылтай депутаты Нұрбақыт Теңізбаевтың құттықтау хатын табыстады. Мұнан соң Қанат Біржансалұлы ақындық пен журналистиканың қос тізгінін тең ұстаған азамат екенін айтқан жазушы Бейбіт Сарыбай Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хатын оқыды.


Кеш барысында Райымбек ауданынан арнайы келген қонақтар өңір әкімі Дастан Құдабаевтың ыстық сәлемін жеткізіп, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Қаламгермен қатар жүрген сақа журналистер – Қанат Тәкебаев, Нүсіпбай Әбдірахым, Жұмабек Тәліпұлы, Марат Тақабаев, Шыңғыс Тұрсынов өткен күндерден сыр шертті. Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен «Өлке тынысы» ЖШС директоры Ерлан Жұрынбаевтың құттықтау хаттарын ақын Кәдірбек Құныпияұлы оқып берді.
Еске алу кешінің мән-маңызын арттырып отырған ерекше оқиға – Қанат Біржансалұлының жаңадан жарық көрген «Тауларым – менің тағдырым» атты кітабының оқырманға жол тартуы. Бұл кітап – ақынның артында қалған асыл мұрасын түгендеп, рухани қазынасын келер ұрпаққа жеткізетін құнды дүние. Кітаптың атауының өзінде үлкен сыр, терең мағына жатыр. Таулар – Қанат ақынның туған жері ғана емес, оның рухани әлемі, өмірлік ұстанымы, ақындық болмысының ажырамас бөлігі.
Көзі тірі болғанда Қанат Біржансалұлы биыл 64 жасқа толар еді. Еске алу кешінде ақынның үзеңгілес достары Болат Абаған, ақындар Сәлім Жусанбай, Шеризат Мекебаев, Нұрболат Тастанқұлов, Жұматай Әміреев сөз сөйлеп, қаламы қуатты жазушының шығармашылығына үңілді. Қаламгердің журналистика мен әдебиеттегі ізденістері кеңінен сөз болды. Ақынның қызы Индира Біржансал:
– Бүгін сіздердің алдарыңызға ұсынып отырған «Тауларым – менің тағдырым» атты кітаптың дүниеге келуіне үш жыл уақыт кетті. Әкемнің тағдыры туған жердің тауларымен біте-қайнасып жатты. Ол тауларды жырлады, туған жерін жазды, елінің тарихын түгендеді. Осы кітаптың жарық көруіне атсалысқан, қолдау білдірген барша жанға шын жүректен алғысымды білдіремін. Әсіресе ақылын айтып, дем берген Болат Абаған ағамызға ерекше ризамын. Әкемнен қалған мұраны жинақтау арқылы мен өзімнің де өмірлік жолымды тереңірек таныдым. Сіз үйреткен сөзді қадірлеп, өзіңіз сүйген журналистика жолын мен де таңдадым. Қадамым сіздің қадамыңызға жетпесе де, бағытым сіз көрсеткен жаққа қарайды. Қызыңыз әлі де сізге қарап бой түзейді, – деп әкесін сағынышпен еске алды.
Кеште Сәдуақас Серкебаев атындағы орта мектеп-гимназиясының оқушылары ақын өлеңдерінен композиция ұсынып, «Ереуіл» халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамблі «Қызыл қайың серпер» күйін орындады. Дәстүрлі әнші Байбала Нұрымның орындауындағы Шәмші Қалдаяқовтың «Қаракөз» әні көпшіліктің көңілінен шықты. Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншілері Ербол Құдайбергенов, Жігер Омархан кештің көрігін қыздырды. Әнші Тұрсын Жеңісұлы ақынның сөзіне жазылған «Киелі мекен – Үшқақпақ» әнін құйқылжыта шырқады. Сондай-ақ іс-шара аясында қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап және фотокөрме ұйымдастырылды.
Шара барысында Қанат Біржансалды еске алуға арналған ардагерлер арасында волейбол турнирі өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубок, медаль, диплом және ақшалай сыйлықтар табысталды. Кеш соңында қаламгер рухына Құран бағышталып, ас берілді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы

