Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Қиындыққа мойымаған қос шебер

Қиындыққа мойымаған қос шебер

19 қаралым

Іле аудандық ардагерлер ұйымының бастамасымен Байкент ауылдық Мәдениет үйінде «Іскерлік және жан­ашыр­лық» атты пилот­тық жоба аясында қолөнер шеберлерімен кездесу өтті. Мақсаты – өмірдің түрлі сынағына қарамастан еңбек етіп, өз кәсібін қалыптас­­тырып, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген азамат­тардың өмір жолын насихаттау, еңбегін бағалау және кәсіпкер­лік пен ұлттық қолөнерді дамытуға қолдау көрсету.

Кездесуге келген Ержан Нұрмұхамбетов пен Жеңісгүл Дәулетова есімді қолөнер шебер­лері­нің өмір жолы көпшілікке таныстырылды. Олар тағдыр тәлкегіне ұшырап, өмірде кездескен ауыр сынақтарға қарамастан кәсіппен айналысып, көпшілікке еңбек етудің үлгісін көрсетіп келеді.
Ержан Нұрмұхамбетов – ағаш ұстасы әрі қолөнер шебері, төрт баланың әкесі. Өз кәсібін үй жағ­дайында бастаған ол бүгінде ағаш өңдеу өнерімен айналысып, домбыра жасайды. Сонымен қатар өз үйінде аяқ киім жөндеу қызметін көрсетеді. Ержанның өмір жолында күтпеген ауыр сынақ болған. Алайда өмірден өз орнын табуға талпынып, адал еңбекпен нәпақасын тауып отырған оның табандылығы – көпке үлгі.
М.Түймебаев ауылының тұрғыны Жеңісгүл Дәулетова – ұлттық қолөнер шебері және қоғамдық белсенді. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің түлегі мүгедектігі бар жан ретінде өмірдің қиын сынақтарына қарамастан өзіне сенім артып, еңбек жолын жалғастыруда. 20 жылдан астам уақыт бойы қазақ халқының дәстүрлі қолөнерін жаңғырту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында жұмыс істеп келеді. Шебердің туындылары ұлттық нақышымен, көркемдік ерекшелігімен және шығармашылық ізденісімен ерекшеленеді. Ол қолөнерді тек шығармашылық бағыт ретінде ғана емес, кәсіп ретінде де дамытып, кәсіпкер әйелдерді қолдауға және жас шеберлерге бағыт-бағдар беруге атсалысып жүр. Жеңісгүл Дәулетова 2024 жылы республикалық «Жан шуақ» премиясының «Кәсіпкерлікке қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» республикалық жобасында топ жарды.
Кездесу барысында қос шебер өздерінің өмір жолы, кәсіпке келуі, шығармашылық ізденістері мен еңбек жолындағы қиындықтары туралы кеңінен әңгімеледі.
Тағылымды кездесудің мазмұнын өнерпаздар­дың концерті толықтырды. Әншілер мен «Ұлағат» ардагерлер ансамблі әннен шашу шашып, кездесудің көркін қыздырып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жұлдыз БҰЗАУҚЫЗЫ,
Байкент ауылдық Мәдениет үйінің директоры
Іле ауданы

↑