Перейти к содержимому

Жас ақындар айтысты

30 қаралым

Жамбыл ауылындағы Мәдениет үйінде мектеп оқушылары арасындағы республикалық «Жыр алыбы – Жамбыл» атты жас ақындар айтысы өтті. Ұлттық мәдениеттің туын желбіреткен шараға еліміздің әр өңірінен 40 жас ақын келіп, екі күн бойы кестелі сөзден сынға түсті.

Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған сөз сайысын «Дарын» респуб­ликалық ғылыми-практикалық орталығы мен облыстық білім  басқар­масы ұйымдастырды. Салтанатты ашылуында Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ықылас Амалбек сөз алып, Алатаудың баурайына, жыр алыбының ауылына жиналған жас ақындарға сәттілік тіледі.
Алғашқы күнгі тақырыптық айтыста 22, екінші күнгі қайым айтыс бойынша 18 оқушы бақ сынасты. Ақындар жеребе арқылы жұпталды. Олардың Жамбылдың өмірі мен шығармашылығы туралы білімдері, елдегі хал-ахуалды жырлау шеберліктері тақырыптық айтыста бағаланды. Сонымен қатар сөз қолданысы, тіл байлығы, жылдам ойлау қабілеті мен айтыс мәдениеті ескерілді.
Қазылар алқасына Айтыс ақын­дары мен жыршы-термешілер халықа­ралық одағының мүшесі, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті, Мәдениет саласының үздігі, «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназаров төрағалық етті. Алқа құрамында Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Мәдениет қайраткері Күмісжан Байжан, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің аға оқытушысы, «Серпер» сыйлығының иегері Ержан Жұмабекұлы, Мәдениет саласының үздігі, ақын Даубай Әбдісаев пен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Оразалы Досбосынов атындағы шығармашылық орталығының директоры, Жамбыл Жабаев атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Айтуған Жетебаев сөз сайысын бағалады.


Көсемсөз шеберлерінің киелі Жамбыл жерінде кестелі сөзден өрнек тоқуы көрерменнің зор қошеметіне бөленіп, Республика күні қарсаңында ауыл тұрғындарына тамаша тарту болды. Қазіргі жаһандану заманында ұлттық құндылықтарды сақтау мен өнерді дамытуда осындай дәстүрлі шараның алар орны ерекше екені сезіледі. Бұл орайда «Жыр алыбы – Жамбыл» айтысы жыл сайын өткізіліп келеді.
Сөз сайысының қорытындысында жүз­ден жүйріктер анықталды. Салтанатты сәтте айтыс жеңімпаздары мен жүл­де­­герлері екі бағыт бойынша бас жүлде, I, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапат­­талды. Сүйінбай мен Жамбыл атындағы сыйлықтар тапсырылды. Сондай-ақ Есенқұл Жақыпбеков, Есдәулет Қандеков, Әлімқұл Жамбылов,  Үмбетәлі Кәрібаев, Оразалы Досбосынов, Әсімхан Қосбасаров, Нұрғиса Тілендиев, Оспанхан Әубәкіров атындағы арнайы жүлделер табысталды.
Тақырыптық айтыс бойынша бас жүлдені Қарасай ауданынан Нұрғиса Қази жеңіп алды. І орынды Жамбыл ауылының оқушысы Жансая Бақыт иеленді. Екі ІІ орын жетісулық Мейрамбек Болатқан мен шымкенттік Айша Бақтиярға берілді. Үш ІІІ орынға Алматы облысынан Даниал Рахимов, Алматы қаласынан Әдемі Сыбанқұл және Түркістан облысынан Аллажар Сапархан ие болды. Тақырыптық ай­тыс бойын­ша арнайы жүлделер Батыс Қазақстан облысынан келген Бекарыс Дайрабай, алматылық Оразалы Смағұлұлы, Жамбыл облысынан Маржан Серік, Алматы облысынан Несіпәлі Сәрсенбекке бұйырды.
Қазылар алқасы қайым айтыстың бас жүлдесіне Шымкент қаласынан Исламәлі Біржанұлын лайық деп тапты. Ал І орын Қостанай облысынан келген Нұрислам Рагатқа берілді. Екінші орындарға Алматы облысынан Ботакөз Рауанқызы мен Алматы қаласынан Дастан Әкімхан ие болды. Үшінші орынның үш жүлдесі Жамбыл ауданынан Диана Қанайбек, Атырау облысынан ат арытып келген Мадияр Мұхит және Шығыс Қазақстан облы­сынан Мұхтар Мұратханұлына берілді. Бұл айтыстың арнайы жүлде­лері маң­ғыс­таулық Әлихан Қыдырбеков, Алматы облысынан Назерке Ахметбек, түркістандық Архат Абай, ақтөбелік Әбдүлқадыр Жұмаханға тапсырылды.
Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас тағайындаған арнайы жүлде маңғыстаулық Қызылгүл Сейдуллаева мен қарағандылық Шұғыла Манарбекке ұсынылды. Сонымен қатар Сүйінбай музейінің меңгерушісі Гүлзат Асқарова түркістандық Инабат Нағашыбайға «Жыр сүлейі Сүйінбайдың домбырасы», ал Жамбыл музейінің меңгерушісі Салтанат Жамбылова қостанайлық Әбдіқадыр Санжарға «Жыр дүлдүлі Жамбылдың домбырасы» сыйлықтарын тапсырды. Сондай-ақ «Әділет» партиясының аудандық бөлімшесі, ауылдық ақсақалдар кеңесі де жас ақындарға сый-сияпат көрсетті. Жалпы сөз сайысына түскен қатысушылардың ешқайсысы да жыр жампозы Жамбыл жерінен құрықол қайтқан жоқ. Бас жүлде иегерлеріне 150 мың теңгелік сертификат, 1-орын жеңімпаздарына 100 мың теңгелік, 2-орын үшін 80 мың теңгелік, 3-орынның әрқайсысына 50 мың теңгелік, арнайы жүлде иегерлеріне 30 мың теңгелік ақшалай сыйлық және ынталандыру мақсатында қатысушыларға бағалы сыйлық – смарт сағаттар табысталды. Аудандық білім бөлімі айтыстың барлық қатысушысына «Жамбыл  естеліктері» атты кітапты таратты.
Айтысты өткізудегі мақсат – оқушы­лар арасында Жамбылдың шығар­маларын насихаттау, тума талант, табиғи дарындарды анықтап, олардың суырыпсалмалық қабілеттерін шың­дау, оқушылардың поэзияға деген құштар­лығын арттыру, жас ақындарға әлеуметтік-рухани қолдау көрсетіп, олармен шығармашылық жұмысты жандандыру. «Жыр алыбы – Жамбыл» атты айтыс осы мақсат үдесінен шықты деуге негіз бар. Мұны қазылар алқасының мүшесі, жазушы Күмісжан Байжан атап өтті. Ұйымдастыру жағы да жоғары деңгейден көрінді. Жас ақындар өңірдің көрікті жерлеріне саяхаттады.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

↑