Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Асхат Бердіханов “Amanat” партиясының жиынында өңірдегі жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндама жасады. Оның мәліметінше, облыста 5 аудан мен Қонаев қаласында ғимараттар орталық жылыту жүйесіне қосылған. Облыстағы 22 қазандықтың біреуі ғана газға ауыстырылмаған. Сондай-ақ барлық 52 блок-модульді қазандық көгілдір отынға қосылған. Алайда 164 шақырым жылу желілерінің жылу 44 пайызы тозған.
Қазіргі таңда биылғы жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр. Оған облыс бюджетінен 8,8 млрд.теңге бөлінген. Оның 2 млрд теңгесі жылу қазандықтарын жөндеуге, 4,9 млрд теңгесі отын сатып алуға деп жоспарланған.
«Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың жылыту маусымына дайындық бойынша жөндеу жұмыстарының жоспары әзірленді. Бюджетке қарасты мекемелерге қажетті сұйық отынның көлемі 15,3 млн литр, қатты отын 4,6 мың тонна. Аталған мекемелер толықтай отынмен қамтылады», – деді басқарма басшысы.