Қонаев қаласындағы «Балдәурен» сауықтыру орталығында Жас геологтардың І Республикалық далалық олимпиадасы жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Аталған жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам оқушы қатысты. Олар 16 командаға бөлініп, палеонтология, гидрология, радиометрия, минерология, петрография сынды геологияның түрлі салалары бойынша бақ сынады.
Олимпиаданың мақсаты – жастарды кәсіптік бейімдеу, оқушылардың геологиялық ғылымды зерттеуге қызығышулығын арттыру, дарынды балаларды анықтау және оларға қолдау көрсету.
Жас геологтар олимпиадасының ойдағыдай өтуіне «Kazakhmys Barlau» ЖШС, «Жас геолог» қоры, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің геология комитеті, Алматы облысының әкімдігі ұйытқы болды.
Олимпиада қорытындысы бойынша бірінші орынды Орал қаласынан келген «Сармат» командасы иеленді. Екінші жүлде қостанайлық «Геобайт» командасына бұйырды. Ал үшінші орынға Қарағанды қаласының «Сарыарқа» командасы қол жеткізді.
Жеңімпаз командаларға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар олимпиаданың жекелей сындары бойынша жүлдегер атанған жастарға Сәтпаев университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті және Атыраудағы Сафи Утебаев атындағы мұнай және газ университетінің геологиялық мамандықтарына 9 білім гранты табысталды.