Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен салтанатты жиында Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бота Елеусізова облыстық қоғамдық-саяси “Алатау арайы” және “Огни Алатау” газеттерінің журналистері Алма Есенбаева мен Әсел Мұқашеваны БАҚ қызметкерлері күніне орай “Ақпарат саласының үздігі” атағымен марапаттады. Бота Серікқызы журналистерді Ақпарат және қоғадық келісім министрлігі тағайындаған марапатқа ие болуымен құттықтап, арнайы төсбелгіні және куәлікті табыстады.
Жиында ішкі саясат басқармасының басшысы журналист Алма Есенбаеваның еңбек жолын облыстық “Жетісу” газетінде корректорлықтан бастап, тілші, бөлім меңгерушісі қызметіне дейін көтерілгенін, қазір бір жыл бұрын Алматы облысында ашылған “Алатау арайы” газетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарып жүргенін айтты. Алма Есенбаева басылымда әлеумет, экономика, мәдениет, руханият тақырыптарында қалам тербеп, аталған салалардың жаңалықтары мен өзекті мәселелерін көтеріп жүр.
Бота Серікқызы “Огни Алатау” газетінің Ұйғыр ауданындағы меншікті тілшісі Әсел Мұқашеваның да Ұйғыр, Панфилов, Кеген, Райымбек аудандарының тыныс-тіршілігінен хабар таратып, халықтың мұң-мұқтажының басылым бетінде жарық көруіне себепші болып жүргенін айтты. Ол қос журналистің де бұған дейін түрлі марапатқа ие болып, еңбектерімен құрметке бөленіп жүргенін тілге тиек етті.
Марапаттан соң “Алатау арайы” газетінің бас редакторы Кәдірбек Құныпияұлы мен “Огни Алатау” газетінің бас редакторы Забира Сайділдина сөз алып, әріптестерін құттықтады. Кәдірбек Құныпияұлы 105 жылдық тарихы бар “Огни Алатау” газеті мен ашылғанына енді жыл толатын “Алатау арайы” газеті қызметкерлерінің мұндай марапатқа ие болуы ұжым үшін үлкен қуаныш екенін және министрлік деңгейіндегі атаққа әбден лайық екенін айтты. Забира Сайділдина тілшілердің кәсіби қыры мен адамгершілігі бірдей жоғары екенін айтып, олардың өңір журналистикасының дамуына қосқан үлестері зор екенін жеткізді.