Көптеген мемлекетте биыл аптап ыстықтың беті қайтпай тұр. Оңтүстік Еуропа тарихтағы ең ыстық аптаны бастан өткеріп жатыр. Аптап ыстықтан Солтүстік Азия мен Солтүстік Америка елдері де зардап шегіп жатыр. Оңтүстік Еуропа елдерінде ауа температурасы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді.
БҰҰ-ның Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымы дамылсыз тұрған ыстық ауа толқыны адам денсаулығына зиян екенін ескертті. «Ауа температуасының бірнеше күн қатарынан түспей қоюы адам денсаулығына зиян, себебі ұзақ уақыт ыстықтан қызған ағза оңайлықпен қалпына келе қоймайды. Мұндайда жүрек талмасы күшейіп, өлім көбейеді» дейді ұйымның аға кеңесшісі, экстремал ауа райы мен климат бойынша маман Джон Нэрн.
Euronews агенттігінің хабарлауынша, Испанияда термометр бағаны таңның өзінде 30 градустан асса, түсте 40-тан түспей тұр. Ыстықтың беті қайтпай тұрғанына бірнеше күн болды. Испанияның бірнеше өңірі экстремал температураға дайындалып отыр. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым маманы жаһандық температура қазір бұрынғыдан, 1980 жылдардағы Эль-Ниньо құбылысынан жоғары екенін, жаһандық үрдіс күшейіп келе жатқанын айтады. Оның сөзінше, күн райы бұдан кейін жыли береді. Эль-Ниньо құбылысы кезінде Тынық мұхитының экваторлық бөлігінде судың беткі қабатының температурасы құбылмалы болады.
Италия «Харон» антициклоны салдарынан метеорологиялық бақылау жүргізіле бастағаннан бергі ең ыстық аптаны бастап өткеріп жатыр. Апеннин түбегінің ондаған қаласында, оның ішінде ел астанасы Римде ауа температурасының көтерілу қаупінің қызыл деңгейі енгізілді.
Дүниежүзілік метеорология ұйымы Еуропада ауа температурасының жаңа рекорды тіркеліп, ыстық Цельсий бағаны бойынша 48,8 градустан асады деп болжап отыр.
Қазақстанның да оңтүстік және батыс өңірлерінде аптап ыстықтың беті қайтпай тұрғанына аптадан асты. «Қазгидромет» мекемесі Алматы облысында 18-19 шілде күндері 42 градус ыстық болады деп болжаған.