Облыс әкімдігінің мәжіліс залында мемлекеттік рәміздер жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті. Онда Ұйғыр, Райымбек, Балқаш аудандарында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Заң талаптарын орындау жұмыстары сараланды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым ашып, жүргізіп отырды. Басқарма, департамент басшылары, қала және аудан әкімдері қатысқан кеңесте алдымен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бота Елеусізова сөз алып, комиссия жұмысының қорытындысын баяндады.
Биыл мамыр және маусым айларында облыстық комиссияның жоспарына сәйкес, ішкі саясат басқармасының мамандары, техникалық реттеу және метрология комитетінің департамент қызметкерлері Ұйғыр, Райымбек, Балқаш аудандарына барып, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздері туралы» №258 Конституциялық Заң талаптарының орындалу барысын қадағалады.
– Мониторинг тобы аталған аудандарда 80 мемлекеттік мекемеге рәміздердің стандарттарға сәйкес қолданылуы мен орналастырылуы бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізді, – деді Бота Елеусізова.
Басқарма басшысының айтуынша, тексеріс кезінде заң талаптарын ойдағыдай орындап, жүйелі жұмыс істеп жатқан мекемелер аз емес. Сонымен қатар, комиссия мүшелері мемлекеттік рәміздердің сапасына және олардың белгіленген стандартпен орналасуына немқұрайдылық танытқан көріністерге де куә болған. Мәселен, Ұйғыр ауданындағы Шарын ауылдық округі әкімдігінде Ту жарықтандырылмаған. Ал әкімнің бөлмесіндегі Ту мен Елтаңба талапқа сай орналаспаған.
Сондай-ақ, Ұйғыр ауданындағы мектептерде мемлекеттік рәміздер бейнеленетін стендтердің ескіргені де анықталған. Атап айтар болсақ, олар – Бахар, Шонжы, Ақтам, Тиірмен, Үлкен Ақсу, Қырғызсай және Сүмбе ауылдарындағы білім беру мекемелері.
Ал, Райымбек ауданындағы мекемелерде рәміздер талапқа сай болып шықты. Тек Тегістік ауылындағы әкімдікте ғана мемлекеттік нышандар бейнеленген стенд кіре беріс бөлмеге тым жақын орналасып қалған. Олқылық дер кезінде түзетіліп, комиссия тобының көзінше тиісті жерге ауыстырылған.
Жалпы, мониторинг кезінде тексеру тобы рәміздердің стандартқа сай еместігін білім беру мекемелерінен жиі кездестірген. Райымбек ауданындағы Қайнар және Қақпақ орта мектебіндегі стендте Елтаңбаның жазуы латын графикасына ауыспаған. Аталған кемшіліктер Балқаш ауданындағы Қарағаш, Ақдала, Береке, Ақкөл, №1 Жамбыл, Ж.Бәрібаев және Д.Қонаев атындағы орта мектептерде байқалған. «Балдәурен» балабақшасында ілінген Ту ескіріп кеткен. Ал «Күншуақ» балабақшасында көк байрақтың жыртылғаны анықталған.
– Мониторинг қорытындысы бойынша жоғарыда аталған аудандарда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жұмыс тәсілдерін одан әрі жетілдіру бойынша нұсқау берілді, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бота Елеусізова.
Бұдан кейін Ұйғыр, Райымбек және Балқаш ауданы әкімі орынбасарларының есебі тыңдалды. Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев кемшіліктер түзетілгенін мәлім етті.
– Аталған мәселе аудан әкімінің алқа мәжілісінде кеңінен талқыланып, кемшіліктер толығымен жойылды. Бүгінгі таңда барлық ауылдық округтерде мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен насихатталуы бойынша жұмыстар жүзеге асырылып жатыр, – деді ол.
Райымбек пен Балқаштан келген әкім орынбасарлары да рәміздерге қатысты атқарылған істер мен кеткен кемшіліктерді түзету жөніндегі жұмыстарын сөз етті.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Әбірахым мемлекеттік рәміздерді құрметтеу баршаға міндет екенін атап көрсетті. Заң талаптарын орындамағандар жауапқа тартылатынын ескертті.
– Сонда сіздер комиссияны ғана күтіп отырасыздар ма? Неге жергілікті әкімдік әрекет жасамайды? Жоғарыда келтірілген деректерді естудің өзі ұят қой. Осыған қатысты бақылау жұмыстарын неге күшейтпейсіздер? Тудың тозуына ауа райы әсер етті немесе басқа болды деп сылтау айтудың қажеті жоқ. Кемшіліктер дер кезінде түзетілуі тиіс. Заң талаптарын сақтамағандарға шара қоданамыз, – деді Нұрлан Әбдірахым.
Мемлекеттік рәміздер – ел Тәуелсіздігін әлемге әйгілейтін қасиетті нышандар. Онда көрініс тапқан әрбір өрнек халқымыздың өткені мен бүгінін бейнелейді. Қандай ұлт екенімізді паш етеді. Байрағымыздағы көк түс тыныштық пен бейбітшіліктің символы. Қыран бүркіт қазақ елінің биіктікке, әлемдік өркениетке ұмтылуын білдіреді. Елтаңбадағы шаңырақ адамдарды татулық пен сыйластықта өмір сүруді үндейді. Ата-бабадан келе жатқан осынау асыл қасиеттер рәміздерде барынша көрініс тапқан. Сондықтан оны құрметтеу, мақтаныш тұту – Қазақстанда тұрып жатқан әр азаматтың парызы. Сол сүйіспеншілік сезім мектептен басталуы керек. Бала шақтан осы қасиеттер оқушылардың санасына шым-шымдап сіңе берсе, кейін есейген кезде олар өз елінің нағыз патриоттарына айналатыны сөзсіз. Осы мақсаттағы тәрбиелік жұмыстарға ерекше ден қойып, шындап кірісетін уақыт жетті. Сонда бүгінгі жиында мемлекеттік рәміздерге қатысты туындаған кемшліктер мүлдем болмас еді. Отырыстан осындай ой арқалап қайттық.
Болат Мәжит