Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесіп үкіметтік емес ұйымдарға арналған 2023 жылға «Zhas Project» мемлекеттік гранттарын ұсыну жөнінде конкурс жариялады.
Конкурс жастардың өзекті мәселелерін шешу, олардың кәсіби және кәсіпкерлік қабілетін арттыру мақсатында өткізіледі.
2022 жылы Zhas project жобасы Ақмола, Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жүзеге асырылса, 2023 жылы еліміздің барлық аймақтарын қамтып 18-35 жас аралығындағы азаматтарға 250 шағын грант бөлінеді. Әр грант иегеріне 1 миллион теңге беріледі. Конкурсқа іріктеуде ауыл жастарының, NEET жастарының және әлеуметтік әлсіз топтағы жастардың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға ерекше назар аударылмақ.
Шағын гранттарды іске асыру аясында білікті жаттықтырушыларды, тәлімгерлерді, психологтарды және әлеуметтік жобаларды іске асыру, ілгерілету және дамыту жөніндегі мамандарды тарта отырып жастарға құқықтық және консультативтік тұрғыдан қолдау көрсету жоспарланған.
Байқауға қатысу туралы өтініш 10 тамыз күні аяқталады.