Елімізде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 30 тамыздан бастап жол ережесін бұзған самокат жүргізушілеріне айыппұл салынады. Бұл шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 29 маусымда қол қойған «Жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы аясында қолға алынбақ. Бұған дейін ресми БАҚ-та жарияланған заң 30 тамыздан бастап күшіне енеді.
Аталған заң бойынша «Жол қозғалысы туралы» заңға «электр скутері» мен «шағын электр көлігі құралдары» деген түсінік енгізіліп, мәртебесі анықталған. Бұдан былай екі немесе үш дөңгелекті, электр қозғалтқышымен жүретін, бір адамға арналған, орындығы жоқ, максималды жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспайтын көлік электр самокат деп аталады.
Ал электр қозғалтқышы бар электр самокаттар мен мопедтерді қоспағанда электр қозғалтқышпен жүретін, жеке жүріп-тұруға арналған, бір немесе бірнеше дөңгелегі бар көлік құралы шағын электр көлік құралы деп танылып отыр. Мұндай көлік түрлеріне гироскутерлер, сигвейлер, монокөліктер, электр скейтбордтар және басқа түрлері жатады.
Бұл екі көлік түрі үшін жол жүру ережелері әрқайсысына бөлек қарастырылған. Мәселен, Мопед жүргізушілеріне велосипед жолымен, велосипед жүретін жолақпен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынса, электр самокат жүргізушілеріне велосипед жолымен, велосипед жүретін жолақпен жүруге рұқсат етіледі. Электр самокат жүргізушілер велосипед жолы, велосипед жүретін жолақ болмаған кезде жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен бір қатарда жүре алады. Бұл көлік құралдарына сондай-ақ жаяу жүргіншілердің жүрісіне қауіп төндірмей, сағатына алты километрден аспайтын жылдамдықпен тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге рұқсат етіліп отыр.
Бұдан былай 18 жасқа толмаған электр самокат жүргізушілеріне жеке басын куәландыратын құжаты болған жағдайда, Қазақстан Республикасында берілгендерін қоспағанда, кез келген санаттағы көлік құралын жүргізу құқығына арналған жүргізуші куәлігінсіз немесе жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәліксіз жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен жүруге рұқсат берілмейді.
Бұдан өзге, шағын электр көлік құралдарының жүргізушілеріне ең болмағанда бір қолымен рульден ұстамай жүруге, жолаушылар және жүк тасымалдауға, жолдың жүріс бөлігімен жүруге, жақын маңда велосипед жолы, велосипед жүретін жолақ бола тұра тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге, шағын электр көлік құралдарын сүйретуге немесе олармен сүйретуге, шағын электр көлік құралынан түспей, жаяу жүргіншілер өткелімен жолдың жүріс бөлігін кесіп өтуге тыйым салынады.
Бұған дейін электр самокаттары мен шағын электр құралдарын жүргізушілердің жолда бей-берекет, жаяу жүргіншілердің өміріне қауіп төндірерліктей жүретіні туралы қоғамда көп шағым айтылған еді. Әсіресе адам қарасы мол, көлік қозғалысы көп Алматы сияқты үлкен қалаларда жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына кедергі келтіру оқиғалары жиілеген. Жалғыз адамның жүріп-тұруына ыңғайлы бұл көлік түрлерінің қозғалысы енді заңмен реттеліп, оны бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің баптарына сай айыппұл салынады.