Елімізде шілде айынан бастап жан басына шаққандағы орташа күнкөріс деңгейі бір жыл бұрынғыдан 10.5 пайызға артып, 49 500 теңгені құрады. Бұл туралы finprom.kz хабарлады. Былтыр шілдедегі күнкөріс деңгейі бір жыл ішінде 16,4 пайызға артып, 44 800 теңгені құраған. Алматы облысы күнкөріс деңгейі жоғары алғашқы бес өңірдің қатарында.
Республика бойынша ең жоғарғы күнкөріс деңгейі әдеттегідей Маңғыстау облысында тіркелген. Мұнда ол бір жылда 13,5 пайызға көтеріліп, 62,2 мың теңгені құраған. Одан кейінгі орындарда Астана қаласы (56,4 мың теңге), Шығыс Қазақстан облысы (52,4 мың теңге), Алматы облысы (51,2 мың теңге) және Павлодар облысы (49,4 мың теңге) тұр.
Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе облыстарында тіркелген. Бұл облыстардағы күнкөріс деңгейі 44-45 мың теңгені құраған.
Адамның күнделікті өмір сүруіне ең қажетті тұтыну себетінің құнына тең ең төменгі ақшалай кіріс күнкөріс деңгейі деп аталады. Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі жыл сайын инфляцияны ескере отырып белгіленеді.
Күнкөріс деңгейі кедейлік шегін анықтап, өмір сүру деңгейін бағалау, әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарын айқындап, халықты әлеуметтік қорғау шараларын іске асыру мақсатында белгіленіп отырады. Сонымен қатар ол үкіметтің ең төменгі жалақы, зейнетақы, жәрдемақы және басқа да әлеуметтік төлемдердің мөлшерін негіздеуі үшін қолданылады.