Қонаев қаласының орталық алаңында «Қазақстанның үздік тауары» атты облыстық көрме-байқау өтті. Көрме кәсіпорындардың қызметін жандандыру, отандық тауарлардың сапасын арттыру және қазақстандық нарықты бәсекеге қабілетті өніммен толтыру мақсатында ұйымдастырылды. Жергілікті тауар өндірушілердің көрмесінде алғаш рет «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың өнімдері көпшілік назарына ұсынылды. Облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев көрмені аралап, қатысушылармен дидарласты.
Көрмені кіріспе сөзбен ашқан облыстық кәсіпкерлер палатасының салаларды дамыту жөніндегі басқарушы директоры Ержан Дүйсекенов байқаудың мақсат-міндеттеріне тоқталып, өңірдің 7 тауар өндірушісі бақ сынасып жатқанынан хабардар етті. Сондай-ақ, байқау аясында «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрмесінде 70-ке жуық кәсіпкердің ең бірегей деген өнімдері қойылғанын айта келе, облыстың жеке брендтерін құру, маркетинг және нарықтағы өнімнің құндылығын арттыру жолындағы кәсіпкерлердің еңбегіне табыс тіледі.
Сөз кезегін алған облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев 10 жылдан астам уақыттан бері өткізіліп келе жатқан осы байқау арқылы халық арасында сапа идеясы кеңінен танылып, Қазақстан нарығы жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толығатынын атап өтті.
– Соңғы бес жылда кәсіпкерлікпен айналысушылардың облыс экономикасын дамытуға қосқан үлесінің арқасында өнеркәсіп көлемі екі есеге артып, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 1,6 трлн теңгені құрап, 2021 жылғы көрсеткіштен 300 млрд теңгеге артық болып отыр. Бүгінде облыста 120 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы шеңберіндегі негізгі мақсаттардың бірі – шағын және орта бизнестің үлесі елдің ЖІӨ-нің кемінде 35 пайызын қамтамасыз ету. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде халық тұтынатын тауарлардың отандық өндірісін қолдау мақсатында 2022 жылы 18,8 млрд теңгелік жобалар қаржыландырылды, – деген облыс әкімінің орынбасары барлық қатысушыларға өңір экономикасының дамуына лайықты үлес қосқаны және халықтың әл-ауқатын арттырғаны үшін алғыс білдірді.
Одан кейін сөз кезегі облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына қарасты іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ләззат Ботабековаға берілді.
– «Бір ауыл – бір өнім» жобасы – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын және шағын кәсіпкерлердің кірісін арттыру, бір ауылды бәсекеге қабілетті бір өнім шығара алатындай деңгейге жеткізу үшін қолға алынған жоба. Жергілікті өнімнің сапасын арттыру, брендтерді құру, қолөнершілерді танымал етіп, шеберлерді анықтау мақсатындағы жобаға қатысып жатқан кәсіпкерлер бүгін өз өнімдерін жұртшылық назарына ұсынуда. Маусым айында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен облыстың барлық ауданындағы кәсіпкерлерінің өнімдерін қарап шықтым. Олардың әрқайсысының еңбегі зор, қабілеті жоғары екенін айта аламын. Іскер әйелдер ұйымы кәсібін дөңгелетіп жүрген барша әйелдерге көмек-қолдауын аямайды, – деді Ләззат Қайсарқызы.
Келесі кезекте мінберге көтерілген облыстық өңірлік кеңес төрағасы Ерік Абитов қазіргі кезде мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саласын қолдауға баса көңіл бөлініп отырғанын, оның айғағы ретінде жүзеге асып жатқан бірқатар бағдарламаларды атай келе, өңірдегі кәсіпкерлерге көрсеткен қолдауы үшін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевке шексіз алғысын білдірді.
Байқау қорытындысында құрамына жергілікті билік пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, облыстың өңірлік кеңес пен кәсіпкерлер палатасының мүшелері кірген арнайы комиссия үздік тауарларды «Үздік өнеркәсіп тауарлары» және «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша анықтады.
«Үздік өнеркәсіп тауарлары» номинациясында еліміз аумағында «Misot-Flex» маркалы синтетикалық пенопласт шығаратын желіні іске қосқан тұңғыш компания «IT&M» ЖШС 1-орынды жеңіп алды. 2-орынды инновациялық молекулалық технологияларды қолдану арқылы әзірленген бірегей синтетикалық майларды шығаратын компания «ЛУКОЙЛ Лубрикант Центральная Азия» ЖШС иеленді. Үздік үштікті «Беріктігі жоғары кабельдік құбырлар зауыты» компаниясы түйіндеді. Компания механикалық беріктікті арттыруға және кабельді қорғауға арналған жоғары сапалы құбырларға кепілдік беретін ТМД елдеріндегі бірінші спиральді құбырларды өндіреді. «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында комиссия шешімімен «AsiaAgroFood» АҚ жеңімпаз деп танылды. Облыстық байқаудың жеңімпаздары жыл соңында Қазақстан Президентінің қатысатын республикалық байқауға жолдама алғанын атап өткен жөн.
– Біз – Қазақстанда сироптар, мал азығы және ұн өндірісі бойынша көшбасшымыз. Біздің негізгі қызметіміз – бидайддан ұн тарту және жүгері дәнінен глюкоза-мальтоза сироптарын өндіру. Сонымен қатар, мал азығының барлық түрін өндіреміз. Барлық цехтар мен өндірістер Германияда, Швейцарияда, Италияда және АҚШ-та шығарылған ең жаңа, өнімділігі жоғары жабдықтармен жабдықталған. Еңбегіміздің жоғары бағаланғанына ризамыз, – деді компания өкілдері.
Кәсіпкерлік саласында мемлекеттің қолдауына ие болуға ниетті іскер жандар аз емес. Көрме-байқауда «Бір ауыл – бір өнім» ауқымды жобасына қатысушы кәсіпкерлер өнімдерін жұрт назарына ұсынып, жарнамалап, тұтынушыларға саудалап жатты. Әсіресе, Кеген ауданынан келген Альфия Мэлсова саудаға шығарған таза сиыр сүтінен алынған сары май, табиғи кілегейден дайындалған қаймақ, құрт, ірімшік және тағы басқа сүт өнімдерін тұрғындар таласа-тармаса алып жатқанына куә болдық. Альфия Ерлікқызының айтуынша, қайын атасы Серік Саниязов Одақ кезінде Кеген аудандық май-ірімшік зауытында қызмет атқарыпты. Кеңес Одағы тарап, қызметкерлер қысқартуға ұшырап жатқан кезеңде жеке шаруа қожалығын ашып, жұмысын жүргізген ол 2000 жылдары бұрынғы аудандық май-ірімшік зауытын меншігіне алған «Жігер» АҚ-ның басшылығының шақыртуымен аталған зауытқа меңгеруші болып орналасқан. 2012 жылдан кейін «Саниязов» атты шаруа қожалығын құрған. Кеген ауданының Құрметті азаматы, аудандық мәслихаттың бірнеше мәрте депутаты болып сайланған Серік Саниязов негізін қалаған сүт өнімдерін шығаратын цехта бүгінде Альфия Мэлсова жұбайы Нұрбек Сансызбай екеуі бұрынғы Кеңес Одағының технологиясымен сары май, құрт, сары ірімшік, ақ ірімшік өндіреді. Барлық сүт өнімдері әдемі қорапшаларға салынған. Облыс орталығының жұртшылығы саудасын қыздырған ерлі-зайыптылар әкелген дәмі тіл үйірген ұлттық сүт өнімдердің дәмін татып көріп, сапасының жоғары екенін жарыса айтып, нарыққа кеңінен шығарылуына сәттілік тіледі.
– Қолөнермен айналысқаныма 20 жылға жуықтады. Кейбіреулер 100 пайыз отандық өнім жоқ екенін алға тартады. Ол бізде бар. Қазір осы көрмеге әкелгеніміз 100 пайыз отандық өнім. Бірақ оны халық арасында кеңінен насихаттай алмай жүрміз. Біздің қолымыздан шыққан бұйымдарды тұтынған жұртшылық ризашылығын білдіруде. Табанына сиырдың қос қабатталған терісі салынған қойдың, түйенің жүні мен ешкінің түбітінен жасалған аяқкиімнің денсаулыққа пайдасы зор. Қазірде 7 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Олар – өзімнің шәкірттерім. Тапсырыспен де жұмыс істейміз. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсетіп келеді, – дейді Жамбыл ауданынан келген кәсіпкер әйел Нұргүл Дәлелханқызы.
Көрмеге қатысушылардың көпшілігі мұндай шараларға алғаш рет қатысып отырғандарын атап өтті. Солардың бірі – Күлпарқан Тоқтақын. Райымбек ауданының кәсіпкері Күлпарқан Тоқтақын квиноадан емдік қара сабын жасаумен айналысады. Ол өндірген емдік қара сабын да көрмені тамашалушылардың қызығушылығын туғызды. «Ежелден ата-бабаларымыз квиноадан жасалған қара сабынды күнделікті өмірде қолданған. Ілгеріде емшілер сабынның арқасында ең ауыр жараларды емдеген. Тіпті, операция кезінде дезинфекциялаушы құрал ретінде пайдаланған», – деді кәсіпкер.
Марапаттау рәсімінен кейін орталық алаңда орнатылған еңселі сахнада облыстық Сүйінбай атындағы филармония концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды.
Өткен ғасырдың соңында Жапонияда пайда болған «Бір ауыл – бір өнім» жобасы – өз экономикасын жақсарту үшін әлеуетті табиғи ресурстарды пайдалану арқылы ауылдық жерлерде экономикалық өсудің құралы. Бір ерекшелігі – өнімге қажет шикізат сол ауылдан болуы керек. Қағида қауымдастықтардың қосылған құны жоғары тауарларды іріктеп шығаруына негізделген. Осы ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру, сату және кірісті арттыру үшін кәсіп ретінде бір ауыл бәсекеге қабілетті негізгі бір өнімді шығарады. Осылайша, «Бір ауыл – бір өнім» қозғалысы жергілікті құндылықты баса көрсету және қауымдастықтың өзін-өзі қамтамасыз ету рухын көтермелей отырып, жаһандық нарықта бәсекеге түсе алатын өнімдерді дамытуға ұмтылады, – дейді «Атамкен» кәсіпкерлік палатасының қызметкерлері.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы