Зиялы қауым өкілінің бір міндеті – салиқалы ой, құнды пікір айтып, көптің көкейіндегі дүниені дөп басу. Мұнымен шектеліп қалмай, билік пен халық арасына алтын көпір орнатып, қастерлі міндетін өз деңгейінде іске асыра білсе, бұл да нұр үстіне нұр. Осы орайда сот саласында ұзақ жыл еңбек етіп, құқық жүйесінің дамып-жетілуіне елеулі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Алматы облысының Құрметті азаматы Серік БАЙБАТЫРОВПЕН әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Серік Кәтенұлы, өткенге көз жіберіп, кейінгі толқынға ақыл-кеңес ұсынатын ақсақалдық жасқа жеттіңіз. Жүріп өткен жолыңызға жиі қарайлайсыз ба? Ізбасарларыңызға көз жүгіртіп, қандай ой түйесіз?
– Иә, өткенді бағамдау, тарихты таразылау, ой түю, сабақ алу әрбір адамның ішінде болып жататын заңды құбылыс екені түсінікті. Менің ойымша, бүгінгі қоғамда қатты сыналатын Кеңес билігінің кейбір ұстанымдары, бағыт-бағдары көп жағдайда жақсы болды.
Оқырманға түсінікті болу үшін сөзімді білім саласынан бастайын. Шыны керек, жастардың бірқатары шетелдерде оқып келіп жүр. Бірақ барлығы оқыған мамандықтары бойынша жұмысқа орналаса алмайды. Осы мәселені білгендіктен кейбір жастар бірнеше тілді үйреніп, шетелге қызметке кетіп жатады.
Жастардың арасында өз күшімен білім алып, талпынып, өмірден өз үлесін алып жүргендері де баршылық. Қоғамдағы тепетеңдікті сақтап жүрген міне, сол қарапайым отбасынан шыққан жастар. Ал елдегі жастардың басым бөлігі тамыр-таныстықпен институттарды тәмамдайды. «Көкелері» дайындап қойған қызмет мамандығына сай келмесе де орналасып, «майлы кресло роботтарына» айналады. Сөйтіп, уақыт шіркін зырылдап өте береді. Тұтастай алғанда, оқыту жүйесі нашарлап кетті деп есептеймін. Менің сараптауымша, біз 1990-2020 жылдар арасындағы отыз жылда бір ұрпақты, бір дәуірді жоғалтып алдық.
Ең өкініштісі, мектептің беделін, қоғамдағы орнын, құндылығын түсіріп жібердік. Білімді мұғалімдер жалақыларын ала алмай, күнкөріс үшін базарға кетті. Бұл қатарда дәрігерлер де бар. Нәтижесінде, мектептерде білім беру сапасы төмендеді. Мемлекет тарапынан берілген еркіндікті пайдаланып, жарыса ашылған институттар баланың біліміне қарамай, ақы төлегенін оқуға қабылдап, көк, қызыл дипломдарын таратты. Қазір үштөрт дипломы бар мамандар өріп жүр. Шыны керек, ақшамен институтты бітірген адам ақшамен қызметке орналасып, қалтасы қалыңдаған сайын дипломдарды сатып ала береді. Солардың басым бөлігі – заңгерлер. Бұларды тізіп қойып, сынаққа алсаңыз, заңгер екенін сезінбейді де! Өзі заңның қайдан шығып, қайдан кіретінін ұқпайды. Сондай ұрпақтың қолына белгілі бір дәрежеде билік пен құзырет бердік. Міне, сөйтіп, 30 жылда бір ұрпақты жоғалтып алдық. Кейбір пысықайлар еркіндік, бостандық, адам құқығы деген құндылықтарды жеке мақсаттарына пайдаланды. Мәселен, бір ғана Сарыағаш ауданында төрт университет ашылды деген сұмдық қой. Айналайын-ау, Қазақстан Республикасында бір ғана университет – ҚазМУ ғана болды емес пе? Кейін жетпеген соң ғана Қарағандыда ҚарМУ ашылды. Сөйтіп, білікті маман дайындау ісі шалғай өңірлерде, аудандарда дайындала беретін болды.
Заман талабы, өркениетті елдер қатарынан орын алуымызға жол ашады деген жалған желеумен билікке жастарды шығардық. Бұл сол кездегі мемлекеттің бір кемшілігі еді. Жастарды жоғары лауазымды қызметке тарту деген саясат дұрыс емес. Мемлекеттік бюджеттен миллиондап ақша төлеп, оларды шетелде оқытты. Бірақ жұмысқа кіргенде тамыр-таныстық, ақшаның кесапатынан қоғам да, өмір де бұзылды. Әйтпесе, біз қай елден кембіз? Байлығымыз да, жеріміз де жетеді. Халқымыздың саны ғана аз. Соған қарамай, біз осындай жақсы жағдайға жетіп отырмыз.
– Білім берудің сапасы туралы ойыңызды толықтыра түссеңіз? Білікті маман дайындаудың бастауында мектеп, жоғары оқу орындары тұр емес пе? Ал ондағы оқытушылардың кәсіби деңгейіне, университеттердің жұмысына көңіліңіз тола ма?
– Дүниенің тұтқасы – мектеп күшті болуы керек. Барлығы мектептен басталады. Кеңес тұсында жоғары оқу орындары мен орта оқу орындарының министрлері бөлек болатын. Ол сапаға баса назар аудару керектігін аңғартады. Сондықтан, жауапты министрлік қазіргі ҚазҰУ-дан бастап барлық оқу орындарын аттестациядан өткізуі керек. Жөн-жобасыз ашылған заң факультеттерін жапқаны жөн. Қазір Ауыл шаруашылығы институтында да заң факультеті бар. Ол қандай білім береді?! Ауыл шаруашылығы институтының заңгерлерге қандай қатысы бар? Ол өз саласы бойынша зоотехник, агроном, мал дәрігері, инженер-механиктерін оқытып шығарсын. Судья болғысы келген адам ҚазҰУ оқуға түсе алмайтындықтан ақшасын төлеп, Ауыл шаруашылығы институтына өтіп кетеді. Бұл мәселе тек заңгерлерде ғана емес, басқа сала мамандарына да тікелей қатысты. Экономика өзіне тән Экономика институтында болсын. Медицина институтына заңгерлер мен экономистерді дайындаудың қажеті жоқ. Біздің заманымызда бір институтта үш-төрт адам ғана қызыл дипломмен бітіретін. Қазір екінің бірінде қызыл диплом бар. Сонда бәрі керемет болып кетті ме? Сөйтіп, отыз жылда мемлекет білім беруді құрдымға түсірді.
Білім саласын реформалауды доғарған жөн. Кеңестік тәжірибеде қандай да бір тың тақырып туындай қалса, оны іске асыру жоспары жасалып, төменнен жоғарыға дейін талқылайтын. Мен ауыл мұғалімдерімен кездесіп, пікір алмасқанымда көпшілігі А.Аймағамбетов деген министрдің жақсы істерін тізбелейтін. Бірақ оны көп отырғызбады. Міне, біздің кемшілігіміз бір адам елге қызмет етіп көріне бастаса, есебін тауып қызметінен тайдыра қоямыз. Жұмыс істетпейміз, мүмкіндік бермейміз.
Бізді құртатын – кадрлық саясат. Бұл саясат білім беру саласында мектептен басталады. Кеше ғана жоғары оқу орнын сырттай бітірген адамды директор етіп бекітеді. Бұрын білім басқармалары, департаменттерін айтпағанда, Білім министрі болу үшін бес жыл бойы жұмыс істеп, нәтижесін көрсететін. Сондықтан министр етіп тағайындадыңыз ба, бес айда қызметінен кетірмей мүмкіндік беріңіз. Бізде бүгін тағайындалған адам ертесінде қызметінен шеттетіледі немесе сотталады. Қалай екені, әйтеуір бір-екі миллиардты ұрлап үлгереді. Өйткені, өмір соған алып келді. Барлығы ақшаға айырбасталады. Бұл неғылған кадрлық саясат? Бізде бастықтар мен министрлер ауысса, қалыптасып келе жатқан жұмыстың тас-талқанын шығарады.
Өзінің қанша уақыт жұмыс істейтінін білмейді. Бірақ бүлдіріп кетеді. Менің түсінігімше, мектеп директоры мықты болуы керек. Сонда мұғалімдер сол кісідей болуға талпынып, жаман қадамдардан тартынады. Білімді директор білімсіз мұғалімді көп ұстамайды.
– Осы әңгімені өзіңіз ұзақ жыл тер төккен сот саласына қарай ойыстырсақ. Қазақстанның сот жүйесі қаншалықты әділ деп ойлайсыз? Қандай олқылықтар бар?
– Сот жүйесінде 41 жыл еңбек етіп, оның 37 жылында судья болдым. Құдайға шүкір, адал еңбек еткендіктен қоғам алдында жүзім жарқын. Ұрпағыма ұялмай қарай аламын. Асылы, адамда намыс болуы, елге-жерге қызмет істеуі керек. Бүгінгі күні ешкім абыройды, ар-ұжданды ойламайды. Тек тездетіп баюды қарастырады. Бұлай біз өркениетті мемлекет бола алмаймыз. Бүкіл Қазақстанның байлығын 162 адам ұстап отырғаны айтылып та, жазылып та жүр. Сол адамдар байлықпен қайда барып жатыр? Түсінбеймін. Тимур Құлыбаевтар миллиардтаған ақшаны не істейді? Қайда апарады? Асса, елден артықтау тамақ ішер, сәнділеу киім киер. Сол ақша ертең қайда қалады? Қатталған қағаз соларға опа бере ме?
Кеңес кезінде екі жарым мың рубль ұрлаған адамға ату жазасына дейін үкім шығарылатын еді. Қазір миллиардтап ұрлайды да, сол қаражаттың бір бөлігін «тиісті тұлғаларға» беріп, қызметін ауыстыра салады.
Алысқа барудың керегі жоқ, Абылай Мырзахметовті мысалға алайық. Сол «мықтыны» Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының өзі соттады. Миллардтарды жеген адам тек шартты түрде сотталды. Міне, факт. Бұл не деген сұмдық? А.Мырзахметов соттан шыға салып, Т.Кұлыбаевтың қолдауымен «Атамекенге» бастық болып тағайындалды. Бұл жасыратын мәселе емес. Ел-жұрт жақсы біледі. Сөйтіп, құныққандығы сол, жақында 30 млн доллармен ұсталып қалды. Қылмысы әшкереленді.
Кеңес кезінде мен ауданда қатардағы судья болып қызмет істедім. Соттар партияға бағынып кетті деген сандалбай сөз. Коммунистік партия бүгінгідей кабинетке шақырып алып, «мынаны былай шеш» деп айтпайтын. Дәті жетсе, қараңыз дейді. Мен ұлты орыс облыстық сот төрағасымен де, партия хатшыларымен де қызметтес болдым. Оларға заңды түсіндірсең, ұғып: «Жарайды, заң бойынша шеш», – дейтін. Қазір олай емес. Облыстық соттың төрағасы, Жоғарғы Соттың төрағасы не айтады судьяларға соны істетеді. Сөйтіп, соттың абыройын түсіріп алдық. Қазір судьямын деп айтуға ұялатын жағдайға жеттік. Өйткені, әділеттілік жойылып барады.
Мемлекеттің ең керемет органы сот болуы керек. Сот таза болса, бәрі дұрыс шешіледі. Сотқа барып әкімнің де шешімін бұздыруға, прокурордың да, полицияның да заңсыздықтарын ашып, ақиқатқа қол жеткізуге болады. Гректерде «Арзан сот мемлекетке қымбат түседі» деген сөз бар. Біздің елде тура қазір арзан сот болып кетті. Сотқа тамыр-таныспен, ақшамен барады. Бұл – қызыл сөз емес. Талай жағдайды білемін. Осы Алматыда судьялыққа жүгіріп жүрген бір жігіт Талғарға барып судья болды. «Қаншаға өттің?» деп едім: «150 мың доллармен», – деді. Өз аузымен айтты. Жетісегіз айдан соң сол ақшаны қайтару үшін әрекет етіп жүріп парамен ұсталып, сегіз жылға сотталды. Міне, қоғам осылай шіруде. Бұл ойдан шығарған сөз емес, болған оқиға. Мен сол жігітпен сөйлесіп: «Сен сотқа өте алмай жүр едің ғой», – дегенімде: «Аға, сонша ақша беруге мәжбүр болдым», – деді.
– Өзіңіз айтқандай, арзан сот мемлекетке қымбатқа түспес үшін қандай шаралар қабылдау керек? Сот саласындағы реформаны неден бастаған жөн деп есептейсіз?
– Егер мемлекет сот жүйесін реттейміз десе, судьялардың айлық жалақыларын көбейтуі керек. Судья материалдық қажеттілікке алаңдамағаны дұрыс. Судьялардың жағдайы жақсарып, нақты өмірде тәуелсіз болғанда заң бұзылмайды. Заңгер ретінде тағы бір ақиқатты ашсам деймін. Бас Прокурор Бергей Рысқалиевтің ісі бойынша тәркіленген ақшасын қайтару туралы Жоғарғы Соттың пленарлық отырысына наразылық келтірді. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Үкім баяғыда күшіне енді. Арада біраз жыл өтті. Бірақ сорақылығы сол, Жоғарғы Соттың төрағасы Бас Прокурордың наразылығын қабылдап, Бергей Рысқалиевтің ақшасын қайтарды. Сот тәркіленген ақшаны қайтару үшін қылмысы жоқ деп Рысқалиевті ақтауы керек еді. Бірақ Бергей Рысқалиевті қылмыскер деп таныды. Миллиондаған ақшаны жымқырған деп айта тұрып қайтарып береміз. Соны оқып отырып сотта – сот, прокурорда – прокурор қалмаған екен деген ой түйдім. Кім айтса да, бұл заңға қайшы деп түсіндіру керек еді. Айтты екен деп ләппайлай бермей. Президентке Жоғарғы Соттың төрағасы ма, Бас прокурор ма, барып түсіндіріп айтқанда жағдай басқаша болар ма еді? Меніңше, заңды Президент түсінеді деп санаймын.
Кезінде Нұрсұлтан Назарбаев шақырып, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот төрағасы лауазымын ұсынғанда: «Шақырғаныңыз үшін сізге рақмет. Біріншіден, туысқанын тағайындады деген сөзді ел айтады. Екіншіден, жұмыс болған соң келіспеушіліктер туады. Мен бұл қызметке бармаймын», – дедім. Қазір ойласам, келісім бергеніммен сол қызметте мен көп отырмайтын едім.
– Неге олай ойлап отырсыз? Сот саласын бұрынғыдан да жетілдіре түсуге үлкен мүмкіндік еді.
– Мен ол кісіге барып, мына істі бұлай істеуге болмайды, заңға сәйкес келмейді деп түсіндіретін едім.
– Сіз айтпағанда кім айтатын еді? Басқалар айта алмай кетті ғой.
– Негізі, бір дүниені бүлдірсең, тағы да бүлдіргің келіп тұрады. Тастың асты опырылса, үстіндегі тас та құлайды. Сол сияқты сот жүйесін де құрттық. Кейінгі кездерде бүкіл Қазақстан бойынша «ана істі былай шеш» деген әңгіме шықты. Ол өтірік емес. Судьялардың барлығы біледі. Ана істі былай, мына істі былай шеш дегенді судьялар теріске шығара алмайды. Өйткені, солардың қолымен солай шешіліп отырды. Кейбір істі өздері үшін істейді де, жоғары жаққа сілтейді.
– Серік Кәтенұлы, ар тазалығы туралы не айтасыз?
– Қазақтың ең керемет үш адамы – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би өз заманында ар тазалығын ұстанды. Бай-манапқа жағынбады. Кедей мен бай соғысып жатқанда, екеуінің ісінің заңдылығын қарады. Бір мысал айтайын, сот делегациясымен Германияда болдым. Германияның Канцлері (патшасы) біраз жерді жекешелендіріп алып, саяткерлік мекенін жасатады. Қажетінше, жүзім көшетін отырғызған алаңқайда оқшау тұрған бір жел диірмені көзіне түседі. «Мына жел диірменін алып тастап, жер телімін менің жеріме қосыңдар», – деп тапсырма береді. Жел диірменінің иесі қарапайым шаруа Канцлерді сотқа береді. Сот диірменнің иесінің арызын заңды деп танып, талап арыз берушінің ісін заңсыз деп шешім шығарады. Ал бізде қалай? Тауға дейін Болат Назарбаев алып жатқанда әкім қайда қарап отырды? Бұл елде соттың жоқтығын көрсетеді. Бұл жерде жалғыз Болат кінәлі емес, әкімдер, қоғам кінәлі. Ел де, әкімдер де кезінде сотқа жүгінбеген. Өйткені, сот Болатты қолдайтынын біледі. «Каменканы» Қайрат Сатыбалды тартып алып еді, қазір Мәжіліс депутаты Е.Бапи бастап 200 адам шу шығарып жатыр. Егер сот күшті болса, қолдарында үлеске алған пайы бар адамдар сол кезде-ақ сотқа берер еді. Неліктен бұлай? Өйткені, ел сотқа сенбейді. Заңды жақсы біліп тұрсың ба, неге қорқасың? Кімге болсын қарсы тұр.
– Сіз тізбелеген заңбұзушылықтарға жол беріп, шешім шығарып берген жауапты сала мамандарының барлығы қазір аман-есен отыр ғой.
– Иә, отыр.
– Енді соларды жазалауға, айыппұл салуға, қылмысын әшкерелеп, көрсетуге не кедергі?
– Заң мерзімінің өтуі деген түсінік бар. Мысалы, ауыр қылмыс емес, орташа, одан төмен қылмыстарды алайық. Онда ақша ұрланбаса, ешнәрсе істей алмайсыз. Ал пара алса, оны соттау керек. Ақшасыз біреудің нұсқауы бойынша жасаса, қызмет бабын асыра пайдалану болып саналады. Оның санкциясы жоғары емес. Сондықтан, арада көп уақыт өтіп кеткендіктен оларды қылмысқа тарту қиын. Өтіп кетті, бітті. Кезінде оларға мемлекет, сот қалай болса солай қарады ма, бітті, қайта қозғау нәтижесіз. Қылмыстық іске тартуға болмайды. Қылмысқа тарту мерзімі бар. Егер сол мерзімі өтіп кетсе, қылмысқа тартсаң, заң бұзылады.
– Жекелеген судьяларға жасалатын жеңілдіктер туралы не айтасыз?
– Судьялар зейнетке 63 жасында шығады. Осы жастан асқан адам жұмыс істемесін деген заң жоқ. Жоғарғы Сот төрағасы кейбір судьяларды 63 жастан асса да, бір, екі, бес жылға дейін жұмыс істеуін созып жатады. Бұл, әрине, жақсы жұмыс істеген адамдарға жасалады. Бірақ соңында сот тәуелсіздігінен айырылуы мүмкін. Күндердің күнінде Жоғарғы Сот төрағасы мына істі былай шеш деп тапсырма береді. Ол қалай қарсы келеді? Жұмысынан айырылмау үшін берілген тапсырма орындалады. Сондықтан, ондай қатынас болмауы керек.
Бір жыл бұрын сот әкімшісі дегенді сот жүйесіне енгізіп, төрағасын Президент тағайындады. Осы мәселені мен сот әкімшісі комитетінде істеп жүргенде Президентке жазғанмын. Әлі күнге дейін жазбам сақтаулы тұр. Бұл 2001 жылы болды. Үлкен кісіге кіріп, қолын қойдыртып, түсіндіргенімде: «Талқылап, ұсыныс енгізіңіздер», – деп тапсырма берген. Соттардың материалдық, тұрғын үй, тағы басқа қажеттіліктерінің барлығын осы комитет істеуі керек. Бірақ комитеттің судьяны шақырып алып, қаралатын іс туралы сөз қозғауға құқығы болмауы тиіс. Сол ұсынысымның дұрыстығы жиырма жылдан кейін дәлелденіп, іске асты. Жиырма жылда қанша дүние бұзылды, қанша сот заңсыз әрекет жасады. Жалпы соттың статусы деген бар. Ол барлығына бірдей. Соттың бір ғана бастығы бар, ол – заң. Анау әкіммен жақсы деген сөз айтылмауы керек. Ол дұрыс емес. Сот заңмен ғана жақсы болуы керек. Басқаның біріне де қарамауы тиіс. Біреу прокурормен жақсы жұмыс істедім, ғимарат салдым дейді. Соттың алаңсыз жұмыс істеуі үшін мен де Мемлекет басшысына дейін барып, Алматы қалалық соты отырған ғимаратты алып бергенмін. Өйткені, ол бір міндетім болды. Соттың жұмысы – түскен істі заңмен қарап, шешім шығару.
– Тәжірибеңіз мол маман болдыңыз. «Тура биде туған жоқ» дейді халық мәтелі. Талай қиын іспен бетпе-бет келген шығарсыз? Төрелік жасағанда қандай сезімді бастан кешесіз?
– Талдықорған облыстық партия комитетінің хатшысы кеңшарға барғанда, жасы үлкен директор, «Ленин» орденінің иегері хатшының алдынан шығып, тосып алмапты. Маған сол кісіні мамандарымен қосып сотта деді. «Мұнда қылмыс жоқ», – деп қайта тергеуге жібердім. Сол үшін бірінші хатшыға дейін шақырды. Айтқанымнан қайтпадым. Сол директор Қонаевқа барды. Арызына: «Почему приследуете заслуженного челевека?» – деп жазып, сұрау белгісін қойып беріпті. Тексерді. Жала жабылғаны ашылды. Басшылардың айтуымен сіңірген еңбегін елемей, іздеушілері жоқ немістің жігітін соттап жіберсем, өміріне балта шабылатын еді. Әділдікті сақтап, соттамадым. Менің айтқаным келді. Өйткені, қылмысы жоқ еді. Партия қызметкерлері сөйтіп жайына қалды.
– Сот жүйесіндегі кадрлық саясат туралы не айтасыз?
– Заңгер ретінде баға берсем, сот дегеніміз – үлкен тәжірибе. Оған ену үшін жылдар бойы қыруар жұмыс жасалуы керек. Ал біздегі сот жүйесіне екі сөздің басын құрап, бір шемім, үкім, қаулы жаза алмайтын адамды аудан, облыс емес, Жоғарғы Сот судьясы лауазымына қабылдап жатады. Жоғарғы Сотқа мүше болу үшін сот жүйесінде ең кемі жиырма жыл еңбек етуі керек. Қалыптасқан ұғым бойынша төменгі сатыларда сауаттылығы сыналатын. Жоғарғы Сот судьясы – заңгерлер арасындағы ең биік мәртебе. Төраға болу міндет емес. Жоғарғы Соттың қатардағы судьясы болсаң, елдегі ең беделді адам болып саналасың. Өркениетті елдерде солай. Сол мәртебеге жету үшін жылдар бойы жинаған тәжірибеңді оқумен толықтыру талап етіледі. Сонда ғана сол лауазымға лайық деп есептелесің. Бірақ сол тазалық кейінгі уақытта лайланып, қайқайдағы тәжірибесі жоқтар Жоғарғы Сот судьясы болып шыға келді. Өмірінде ең оңай әкімшілік іс бабы бойынша іс қағазын, қаулы, шешім жазып көрмеген адам биік лауазымға тағайындалады. Ол ертең төменгі сатыларда отырған судьяларға мынауың дұрыс емес деп айту үшін оған білім мен тәжірибе керек қой. Ол талап бізде жоқ. Мұны естіп қынжыласың. Қолыңнан келер қайран жоқ. Сондықтан, бірінші кезекте сот таза болса, басқалары өз кезегімен реттеледі. Әділдік ретімен енеді. Заңды бұзуға ұмтылатын бастықтар сотта не күтіп тұратынын білетін болады. Қызмет бабын пайдаланған әкімді екі-үш рет сотқа берші, соттың заңды шешімімен сөгіс алған әкім жылдам тыйылады. Сот процесіне бастықтар мен қарапайым адамдар жалпыға арналған есіктен қатар кірсе, көп жайды аңғартып, сот тәуелсіздігінің бір қадамы болып саналар еді.
Біздің елде, өкінішке қарай, соттың беделі өте төмен. Халық: «Ой, сотқа барғанша, бандитке барайық», – дейді. Кезінде «рыжий Алмас» деген бала шықты. Олар әділдік орнатуға тырысты. Қорыта айтқанда, соттардың тоқсаныншы жылдардағы абыройынан айырылғанына кім жауап береді? Министрлердің барлығын «шалапай министрлер» деп ел ашық айтуда, мен де сол пікірге қосыламын. Кешегі, бүгінгі қоғамдағы ең беделді мамандық журналистерді басқарып отырған министрді сол журналистердің өздері тани ма екен? Адам өмірінде шешуші рөл атқаратын қаржы саласының тізгінін ұстап отырған министрді қаржыгерлер біле ме екен? Баяғыда Мыңбаев деген «мықты» Ауыл шаруашылығы министрі болғанда: «Мыңбаев арпа мен бидайды ажырата ала ма екен?» – деп газетке жазды ғой. Сол қателікті мемлекетіміз тағы қайталап отыр.
– Осы мәселенің барлығы кімге тірелетінін сіз де, мен де аңғарып отырмыз. Қалай десек те, кешегі өмір – бүгінгі тарих.
– Иә, сұрағыңды тарих деген сөзіңмен сабақтасам, қазақта Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Абылай ханның ақ жолы деген сөздер ұрпақтанұрпаққа айтылып келеді. Бұл – уақыт елегінен өткен ұлағатты сөздер. Меңзеп отырған сұрағың бойынша айтсам, Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың 14 мың шақырым шекарасын шегендеп, бекітіп заңнама талабына сәйкес БҰҰ тапсырған құнды құжатымен жауап беріп, ел есінде қалды. Мұны елге, жерге сіңірген адалдық деп бағалаған дұрыс. Шыны керек, алғашқы жеті-сегіз жылда ол кісінің керемет адал, таза еңбек еткенін саясаткерлер де, досы түгілі, дұшпандары да мойындап, ашық айтады. Бүгінде пендешілікпен бала-шаға, туған-туыс ырқынан шыға алмағанын уақыт көрсетіп отыр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Нұрбол ӘЛДІБАЕВ