Биыл Жол активтері ұлттық сапа орталығының (ЖАҰСО) Алматы облыстық филиалының инженерлері Алматы және Жетісу облыстарындағы жолдардан 1300-ге жуық сынама алды. ЖАҰСО баспасөз қызметінің хабарлауынша, мамандар асфальтты арнайы құрылғымен ойып алып, зертханада тексереді. Онда төселген жолдың қалыңдығынан бастап, құрамы, сапасы толық ескеріледі. Облыстық филиалдың зертхана меңгерушісі Айдын Әшірбековтің айтуынша, биыл жол сапасын тексеруде өзгерістер бар.
Республикалық маңызы бар жолдардан 500-ге жуық сынама алынды, оның 32 пайызы стандартқа сай болмай шықты. Ал облыстық және аудандық жерге келетін болсақ, 800-ге жуық сынама алдық, 43 пайызы талапқа сай емес, – деді Алматы облысы бойынша Жол активтері ұлттық сапа орталығы сынақ зертханасының меңгерушісі Айдын Әшірбеков.
Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы асфальттан ақша жасайтындармен де күрес жүргізіп жатыр. Ол үшін әр сынамаға арнайы QR код жабыстырылады. Орталық басшысы зертханалық талдаудың нәтижесі белгілі болғаннан кейін төселген асфальттың қай мердігер компанияға тиесілі екені анықталатынын айтады. Одан бөлек, қазір жауапты ұйым мен жол сапасын бақылаушылар ортақ келісімге келген екен.
– Бірінші зауыттармен, жекеменшік мердігерлердің бәрімен келісімшартқа отырып, асфальттың құрамын тексеріп, дұрысын беріп отырмыз, соны өзіміз қадағалап отырмыз. Оны мамандар қарап, өзгеріс жасап, олармен бірігіп жұмыс істеліп жатыр, – деді Алматы облысы бойынша Жол активтері ұлттық сапа орталығының директоры Ержан Жасыбаев.
Ұлттық орталық тексерген жолдан олқылық анықталса, жауапты компанияға түзету туралы хаттама жолданады. Ал қайта тексеру кезінде кемшіліктің орны толтырылмаса, мердігер айыппұл төлеп, тіпті кей жағдайда лицензиясынан айырылуы мүмкін.