Қонаев қаласына қарасты Заречный ауылдық округінде әкім сайлауы өтті. Алғаш рет ауылдық округ әкімін тікелей сайлауға мүмкіндік алған тұрғындар Заречный ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен №12 орта мектепте және Арна ауылындағы №11 орта мектепте орналасқан сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасады. Бұл жолғы сайлаудың өзгешелігі, тұрғындардың өзін-өзі ұсынған үміткерлердің өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасымен танысып, округтің тыныстіршілігінен хабары мол білімді де білікті азаматты таңдауы болды.
Сайлау барысында аталған ауылдық округ жұртшылығының сайлау мәдениеті қалыптаса бастағанының куәсі болдық. Сайлау учаскесіне келген көтеріңкі көңіл-күйдегі сайлаушылар дауыс беруді азаматтық парызы сайнайтынын айтты. Арна ауылындағы №11 орта мектепте орналасқан №955 сайлау учаскесінде байқаушы болған Раушан Ысқақованың айтуынша, сағат 7:00-ден 8:00-ге дейін 45 сайлаушы келіп, дауыс берген. Сондай-ақ, тыл ардагері, 89 жастағы Валентина Черникованың сайлау учаскесіне келіп, дауыс бергенін оның ауылдық округ тізгінін ұстайтын азаматты таңдауға бей-жай қарамай, өз дауысының маңыздылығын жете түсінгендігі десек, артық айтқандық болмас.
– Бүгінгі ауылдық округ әкімін сайлауға кәмелеттік жасқа толғалы алғаш рет қатыстым. Бірінші рет дауыс бергенім үшін учаскелік сайлау комиссиясының қолынан естелік сыйлық алдым. Өзімнің азаматтық парызымды орындап, бірінші мәрте таңдау жасауым округ әкімін тікелей сайлауға құқық берілген тарихи сәтпен тұспа-тұс келгеніне өте қуаныштымын. Дұрыс таңдау жасағаныма сенімім кәміл, – деді алғаш рет дауыс беруші Нұрзат Оразақын.
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін жергілікті тұрғындардың өздері тікелей сайлау туралы бастама көтергені белгілі. Мемлекет басшысының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес ауылдық округ әкімдерін сайлаушылар тікелей өздері сайлайтын болған. Бұл – халықтың өз таңдауын жасаудың алғашқы бастамасы. Сайлаудың әділ өтуін қолдаймын. Елдің қалауы орындалса, келешекте бәрі жақсы болады. Ауыл тұрғындары таңдаған адам болашақта баршаның көңілінен шығады деп ойлаймын, – деді Жиенәлі Ахметбеков ақсақал.
Саяси науқан қорытындысында дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 76,10 пайызын алған Заречный ауылының тұрғыны Гүлбану Несіпбаева ауылдық округ әкімі болып сайланды.
Айта кетейік, Гүлбану Сейіткенқызы 1990 жылы 18 наурызда Балқаш ауданы Жиделі ауылында дүниеге келген. Білімі – жоғары. Еңбек жолын 2009 жылы «Заречный ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде жетекші маман болып бастаған. Кейіннен бас маман, әкімнің орынбасары қызметін атқарған. Осы уақытқа дейін Заречный ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы болды.
Айжарық Көптілеуов