Есік қаласындағы Т.Молдағалиев атындағы Мәдениет үйінде «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбындағы педагогтердің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.
Жиынға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, онлайн режимде Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім беру департаменті директорының орынбасары Ақзира Қасымова, елімізге белгілі педагог ғалымдар және өзге өңірлерден 155, ал облысқа қарасты аудандардан 700- ге жуық педагог қатысты.
Онлайн режимде жалпы 20 мыңнан астам педагог қамтылаған білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесіне қатысушыларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау жолдады. Президент құттықтауын Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова оқып берді. «Сіздерді білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа оқу жылы қарсаңында педагог мамандардың басын қосып, өскелең ұрпаққа білім, тәрбие беру мәселесіне қатысты алқалы жиын өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл – еліміздің болашағына ықпал ететін маңызды басқосу. Сапалы білім беру бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ілім, ғылымның жемісі екендігі сөзсіз. Сауатты ұрпақ өсіру арқылы ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастыра аламыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мектептің жаны – мұғалім, мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы», – деген. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың білімді, еңбекқор әрі отаншыл болуына байланысты», – делінген Мемлекет басшысы құттықтауында.
Тамыз кеңесінде алғаш болып сөз алған Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім беру департаменті директорының орынбасары Ақзира Қасымова өңірлік білім берудегі өзекті мәселелерге тоқталды. Педагог кадрлардың тапшылығы, инклюзивті білім беру мәселелері, мұғалімдердің деңгейін көтеру, оқулықтардың сапасын арттыру, қала мен ауыл арасындағы білім алшақтығын жою туралы өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушылар мектептер мен балабақшаларға, олардың басшылары мен қызметкерлеріне қатысты өткір мәселелерді көтерді. Онан соң Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы, академик Жауымбай Қараев, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Аратабанов, Астана қаласындағы «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы зертханасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Нұрша Оразақынова сынды білім саласындағы білікті мамандардың әдістемелік тәжірибелері таныстырылды. Тамыз конференциясының бір ерекшелігі, Мемлекет басшысының құттықтауы болды. Президент лебізі облыс мәртебесін көтеріп, ұстаздар қауымын қуанышқа кенелтті. Облыстың білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева өткен оқу жылына қорытынды жасап, атқарылған жұмыстарға талдау жүргізді. Құндылықтарға негізделген білімді балабақшадан бастап, мектеп пен колледждерде жалғастырып, жас ұрпақтың бойына сіңірудің маңыздылығы туралы айтты.
Кеңесті қорытындылған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев биыл білім саласының бюджеті 394 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 78 млрд теңгеге артқанын жеткізді. Облыс әкімінің сөзінше, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға 3 млрд. оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға 3,6 млрд, ал жаңа модификациялық кабинеттер сатып алуға 2 млрд теңге қаражат бөлінген. Өз кезегінде Марат Елеусізұлы Мемлекет басшысының орта білім сапасын арттыру бойынша берген тапсырмаларын орындау барысында облыста ауқымды істер атқарылып жатқанын айтып өтті. Облыста 51 мектеп үш ауысымда оқиды. Үш ауысымды оқыту мен орын тапшылығын жою мақсатында 15 750 орынды 16 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күнде 9 мектеп құрылысы аяқталып, 1 қыркүйекте қолданысқа беріледі.
Аталған мектептер Қарасай, Еңбекшіқазақ, Іле, Жамбыл аудандары мен Қонаев қаласында орналасқан. Қалған 5 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. 2 мектептің құрылысы 2024 жылға өтпелі. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында балаларды оқыту үшін қолайлы жағдай мен орта құру бағытында 5 ауданда және Қонаев қаласында 53 жалпы білім беретін мектеп салу жоспарланған. Сондай-ақ, облысымызда «Верный капитал» жеке инвесторы арқылы 1800 орынды 2 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бастауыш сыныптарда білім алатын барлық 113 240 оқушыны тегін ыстық тамақпен қамту үшін 4 айға қажетті 4 млрд 529 млн теңге қаражат бөлінді. Тағы бір өзектілік – оқушыларды тасымалдап оқыту проблемасы. Өкінішке қарай, жергілікті жердегі автопарк автобустарының техникалық жағдайы төмен болатын. Аталған мәселе де шешімін тауып, лизингтік қаржыландыру бағдарламасы аясында облыс мектептеріне 2 млрд 272 млн теңгеге жаңа үлгідегі 36 автобус сатып алынды.
– Ұлттық педагогиканың негізін қалаушы ғалым Мағжан Жұмабаев «Қазақтың дамуы, келешекте ел болуы мектебіне байланысты», – десе, қазақ даласында алғаш мектеп ашқан ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин: «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені, мұғалім мектептің жүрегі», – деп бүкіл бір елдің дамуын мектеп пен мұғаліммен байланыстырады. Бүгінде педагогика – еліміздегі мәртебелі мамандықтардың бірі. Мәртебесі заңмен қорғалады. Денсаулықтарын нығайтуға әлеуметтік жәрдемақы, бір жолғы коммуналдық төлем қарастырылған. Жас мамандар үшін «Дипломмен ауылға», «Өңірге үздік педагогтарды тарту» сынды мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істейді. 2020-2023 жылдар аралығында облыстағы 35 333 педагогтың еңбекақысы 100 пайызға көтерілді. Бұл мақсатқа республикалық бюджет есебінен 2023-2025 жылдарға барлығы 253,3 млрд теңге қаржы бөлінді, – деді Марат Елеусізұлы.
Сөз соңында облыс басшысы ұстаздар қауымын басталғалы отырған оқу жылында аянбай еңбек етіп, аймақ мерейін өсіріп, білім саласында толағай асуларды бағындыруға шақырып, білім беру саласындағы қызметкерлерге сәттілік тіледі.
Тамыз кеңесінде облыс әкімінің Алғыс хатымен және Құрмет грамотасымен 34 педагог, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен 16 педагог, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасымен 5 педагог, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің «Орта білім беру ісінің үздігі» атағымен 1 педагог, «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқу ісінің үздігі» дипломымен 1 балабақша меңгерушісі, «Еңбек ардагері» медалімен 11 педагог марапатталды.
Ерзат Асыл