Облыс әкімдігінде «Этностардың интеграциясын нығайту және бірыңғай ұлтты қалыптастыру» тақырыбындағы маңызды кездесу өтті. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған жиынға өңірдің жетекші қоғам қайраткерлері, депутаттар және этномәдени орталықтардың өкілдері қатысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахымның төрағалығымен өткен басқосуда түрлі этнос өкілдерінің интеграциясын нығайту, ұлттық бірлікті қалыптастыру бағытындағы өзекті мәселелер талқыланады. Жиында алғашқы болып сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты, ҚХА депутаттық тобының мүшесі Сергей Горяной Қазақстан халқы Ассамблеясының бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы маңыздылығына тоқталды.
– ҚХА құрылған 30 жыл ішінде еліміздегі бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған маңызды шаралар мен бастамалар жүзеге асты. Соның арқасында Ассамблея көптеген түрлі дін мен мәдениеттен тұратын ұлттардың бейбіт өмір сүруінің маңызды құралы бола білді. Қазақстанда ұлтаралық келісім мен бірліктің бірегей моделінің қалыптасуы мен дамуы бірнеше негізгі кезеңдерден өтті. Бүгінде Ассамблеяның этносаралық өзара іс-қимыл жетістіктері толеранттылық, құрмет пен өзара түсіністік қағидаттарына негізделгені еліміздің одан әрі өркендеуінің кепілі бола түсті, – деді Сергей Горяной.
Келесі кезекте облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Беспаевқа сөз берілді. Ол өңірдегі келелі істің ұйытқысы болып отырған ақсақалдар кеңесінің этномедиация саласында ерекше рөл атқарып келе жатқанын атап өтті.
– Бүгінде облыс бойынша 141 ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Бір облыстық, бір қалалық, 9 аудандық, 130 ауылдық округте құрылған ақсақалдар кеңестері мүшелерінің жалпы саны 1200-ден асады. Өткен жылы облыс көлемінде барлық деңгейдегі ақсақалдар кеңесінің мұрындық болуымен 200-ге жуық шара ұйымдастырылды. Әкелер институтын дамыту мақсатында Ұйғыр ауданында «Әке – тәрбие тамыры», «Қарттарын қадірлеген ел ардақты», Іле ауданында «Ұлт және дін», Еңбекшіқазақ ауданында «Үлкенге ізет, кішіге құрмет», «Әкені қаншалықты ардақтаймыз?» атты шаралар, Райымбек пен Балқаш аудандарында шахмат және тоғызқұмалақ жарысы өткізілді. Ақсақалдар – қоғамдағы рухани тірек. Олар – ұрпақтан-ұрпаққа даналық пен салт-дәстүрді жеткізуші. Халқымыз ежелден үлкенді сыйлау, ақсақалдардың ақыл-кеңесіне құлақ асу арқылы қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтаған. Облыстық ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесі қоғамдық мәселелерді шешуде ерекше маңызға ие. Қазіргі кезде этносарлық қатынастардың дұрыс реттелуі – маңызды мәселе. Әрбір этнос өзара сыйластық, түсіністік пен ынтымақтастық негізінде өмір сүруі тиіс, – деді ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Беспаев.
Өз кезегінде сөз алған «Қазақстандық ұйғырлардың республикалық этномәдени орталығы» ҚБ Алматы облысындағы филиалының төрағасы Аркенжан Жұмаев, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы облыстық өкілдігінің төрағасы Вера Плетнева, Жамбыл аудандық мәслихат депутаты, аналар кеңесінің төрағасы Гүлзира Станқұлова аталған өңірлік құрылымдар атқарған ауқымды іс пен игі жобаларды атап өтті.
Жиынды қорытындылаған Нұрлан Ерғалиұлы тұрақтылық пен ел бірлігін сақтау бағытында ҚХА-ның құрылымдық бөлімшелерінің үлкен жұмыс атқарып жатқанына тоқталды. Сонымен бірге Мемлекет басшысының маңызды бастамаларын толық қолдай отырып, ортақ күш-жігермен елімізді гүлденгендіру жолында жұмыс істеу керегін айтты. Әсіресе ҚХА-ның өңірлердегі қызметін жүйелеуге басымдық беру қажет екенін жеткізді.
Биыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Тұрақтылық пен бейбітшіліктің жаршысына айналған ұйымның мерейлі белесін мерекелеу аясында облыс көлемінде көптеген іс-шара ұйымдастырылады.
Ерзат АСЫЛ