Перейти к содержимому

Қазақ тілі тұғырдан түспейді

20 қаралым

2026 жылдың 10 қарашасында Астана қаласының Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының оныншы мерейтойлық құрылтайы өтті. Құрылтайға «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Алматы облыстық филиалынан, Алматы облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығынан, сонымен қатар өңірден бірнеше адам қатысып қайтты. Олардың қатарында этнос өкілдерінен Талғар ауданынан М.Септ, Еңбекшіқазақ ауданынан Г.Туйгунова, Іле ауданынан В.Гогина, Қонаев қаласынан Н. Батракова және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қонаев қаласындағы төрағасы, тіл жанашыры А.Бойсаев болды.

Құрылтайда Президент өз сөзін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мемлекеттік тіл мәртебесін нығайтудағы рөлінен бастады. Сонау 1989 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері Әбдуәли Қайдар мен Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған ұйымның жұмысын қазіргі буын өкілдері мен тіл мамандары жалғастырып келе жатқанын айрықша атап айтқаны барлық тіл жанашырын бір серпілтіп тастады. Президент «Қазақ тілі» қоғамы – мемлекеттік тілдің мызғымас тұғырын нығайтып жүрген аса маңызды құрылым екенін жеткізіп, осы ұйымның басшысы Рауан Кенжеханұлының еңбегін жоғары бағалады.
Көптеген тиімді іс-шараларды, жасампаз жобаларды табысты жүзеге асырудағы еңбегі үшін «Қазақ тілі» қоғамының әр мүшесіне шынайы ризашылығын білдірген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің қоғамдық және рухани дамуына, сондай-ақ мемлекеттік тілді дәріптеуге үлес қосқан үлесі үшін бір топ тілші-ғалым мен тіл жанашырларын мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Президент қазақ тілі халқымызды біріктіретін, қоғамдағы келісімді нығайтатын басты құндылық екенін тағы да атап өтті. Бұл орайда біз қазақ тілінің болашағына қатысты теріс көзқарастан аулақ болуымыз керек. Тіліміздің тағдыры күмәнді, белгісіз деп зарлай берсек, өзге елдер мен халық бізге қалай қарайды, қалай сенеді?! Үнемі түңіле беру оң нәтиже әкелмейді, мұндай әңгімені доғаратын кез келгеніне көзіміз әбден жетті. Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді. Тіл – халықтың жаны, ұлттың ең қымбат қазынасы. Сондықтан, тілді заман талабына сай дамыту – елдің, тіл иесі саналатын жұрттың аса маңызды міндеті.
Ата Заңымызда қазақ тілінің мем­лекеттік тіл ретіндегі консти­туциялық мәртебесі айқын жазылған. Қазақ тілі мемлекеттік органдарда, білім беру жүйесінде, қоғам өмірінің басқа да салаларында еркін қолданылып, өркен жайып, өрісі күн санап кеңейіп келеді. Осының бәрі егемендіктің, мемлекеттіліктің, ұлттық бірліктің арқасы. Ел дамуымен бірге қазақ тілінің де өркендей береріне еш күмән жоқ. Өзіміз қатысып, тіліміздің қазіргі жай-күйін, алдағы даму бағыттарын талқылаған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мерейтойлық Х құрылтайы мемлекеттік тілдің мерейін өсірген келелі кеңес, мәртебелі мәжіліс болды. Біз қазақ тілін ең алдымен бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дамытуымыз керек. Ана тіліміз жаһан жұртшылығына тартымды тіл болғаны абзал.
Біртұтас халқымызды бөліп-жаруға мүлдем болмайды. Татулығын, тұтастығын сақтай алмаған халық басқаларға үлгі-өнеге көрсете алмайды, басқа елдердің құрметіне ешқашан ие болмайды. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді ел даналығы. Бұл – өмірдің талай сынағынан өткен ақиқат. Біз бір-бірімізге құрмет көрсетіп, өзара сыйластықпен қарап, ынтымағымызды нығайта беруіміз қажет.
Тіл – баршамызға ортақ құндылық. Тіл – Алланың құдіретімен адамдарға берілген үлкен сый әрі мүмкіндік. Адам баласының ойдағыдай дамуының ең басты себебі де – тіл. Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір Тудың астында табанды жұмыс істеуіміз керек.

Гүлзира СЕЙІТБЕКҚЫЗЫ,
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі
Алматы облыстық филиалының төрағасы

↑