Қарасай ауданына қарасты Райымбек ауылдық округі – Алматы қаласымен біте-қайнасып жатқан ірі елдімекен. Іле Алатауының етегінде орналасқан ауыл тамаша табиғатымен, таза ауасымен, тұрмысқа жайлылығымен ерекшеленеді. Бүгінде ауылдық округке кіретін жеті елдімекендегі халықтың саны 50 138 адамды құрап отыр. Тіршілігі қайнаған, тұрмысы жайнаған осы ірі елдімекеннің бүгіні мен болашағы жайлы білу үшін округ әкімі Ержас Тоқтасыновпен жолығып, сұхбаттасқан едік.
– Ержас Серғазыұлы, сіз жетекшілік жасап отырған Райымбек ауылдық округінің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып өтсеңіз.
– Округ құрамына Райымбек, Абай, Қырғауылды, Жаңатұрмыс, Долан, Құмтоған, Бұлақты ауылдары және 58 саяжай кіреді. Ауылдық округте 5 – дәрігерлік амбулатория, 12 орта білім беретін мектеп бар. Білім шаңырақтарының 9-ы мемлекеттік болса, 3-еуі – жекеменшіктің үлесінде. Сонымен қатар Қырғауылды және Райымбек ауылдарында «Нұр-Аман» және «Райымбек» жекеменшік спорт кешендері жұмыс істейді. Мұның сыртында 2024 жылы «Алға» спорт мектебі іске қосылып, халыққа қызмет көрсете бастады. 2021-2025 жылдар аралығында тоғыз STREET WORKOUT спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді. Осының барлығы салауатты өмір салтын қалыптастырып, жастарымыздың спортпен кәсіби түрде айналысуына мүмкіндік береді.
– Саяжай мәселесі өте өзекті екенін білеміз. Себебі саяжайларға мемлекет тарапынан жасалынатын қолдау шектеулі. Бұл мәселенің шешімін табу мақсатында саяжайларға ауыл мәртебесін беру жұмысы қолға алынғанынан хабардармыз. Осы тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетсеңіз.
– Бүгінде саяжай жазда келіп, бақша егіп, күзде қалаға қайтып кететін уақытша қоныс емес. Мұнда адамдар жылдың төрт мезгілінде өмір сүреді және заманауи зәулім үйлер тұрғызып тастаған. Сондықтан мұндай ауылдарда жол, жарық, ауызсу мәселелері бірінші орынға шығып отыр. Тұрғындарды толғандырған осы жайттарды шешу мақсатында жұмыс жүргізудеміз. Соның нәтижесінде 58 саяжайдың 23-і ауыл санатына енді. Алдағы уақытта басқа саяжайлардың да осындай мәртебе алуы үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз.
– Қарасай ауданы бүгінде өндіріс саласы өркендеген өлкеге айналып келеді. Бұл ретте сіз басқарып отырған ауылдық округтің үлесі қандай?
– Райымбек ауылдық округі негізінен тұрғын үй секторына жататынын айта кетуіміз керек. Дегенмен бізде шағын және орта бизнес жыл өткен сайын дамып келеді. Бүгінде округте 2 ірі және 9 орта өндірістік кәсіпорын жұмыс істейді. Соның ішінде 630 адам еңбек ететін «Kagazy Recyling» қағаз өңдеу зауыты, 230 маманы бар, дәрілік препараттар шығаратын «Антиген» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін айта кеткен орынды. Сонымен қатар қамыр өндіретін «Шульгина» жеке кәсіпорны, макарон өнімдерін шығаратын «Ansar Foods», нан пісіретін «Gold Caпа», қиыршық тас шығаратын «Карьер Ақсай», шлакаблок өндіретін «НАХ» серіктестігі, транформаторлар құрайтын «KazEnergoSnap» кәсіпорны сияқты бірқатар орта бизнес нысандары ел экономикасына үлес қосып, тұрғындарды жұмыспен қамтып келеді. Мұның сыртында округте бүгінгі таңда 7371 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Таратып айтар болсақ, 181 шағын кәсіпкерлік, 7035 жеке кәсіпкер, 155 ауыл шаруашылығы нысаны жұмысын жүргізуде. Жалпы кәсіпкерлік саласында 12 324 адам еңбек етеді. Биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша бюджетке 1 млрд 572 млн теңге түсім бердік. Жыл соңына дейін межеленген жоспарымыз орындалады деп сенеміз.
– Әлеуметтік қолдау бағытында қандай жұмыс жүргізілуде?
– Бүгінге дейін бізде әлеуметтік көмектің барлық түрімен 439 адам қамтылып, оларға 44,9 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Соның ішінде 64 отбасының 352 мүшесі атаулы әлеуметтік көмек алып келеді. Үйден оқытылатын балалар, Ауған соғысының ардагерлері, туберкулезбен ауыратын науқастар, мүгедектігі бар жандар барынша мемлекет көмегімен қамтылған.
– Білім беру мен денсаулық сақтау саласы жайлы айта кетсеңіз?
– Ауылдық округте барлығы 12 мектеп жұмыс жасайтынын жоғарыда айттық. Онда барлығы 10 952 бала білім мен тәрбие алуда. Жалпы, округте үшауысымды мектеп мәселесі толығымен шешілген. Қыркүйек айында Бұлақты ауылында «Келешек мектептері» бағдарламасы бойынша 900 орынды білім шаңырағы пайдалануға берілді. «Тянь-Шань» білім беру орталығы мен «Prime School» жекеменшік мектебі де осы саланы дамытуға өз үлестерін қосуда. Ал денсаулық сақтау саласына келер болсақ, округте орналасқан 5 дәрігерлік амбулаторияда 144 медициналық қызметкер еңбек етеді. Мұның сыртында екі жекеменшік медициналық орталық өз жұмысын жолға қойған. Бүгінде Абай ауылында 50 келушіге арналған амбулатория құрылысы жүргізілуде. Бұлақты ауылында да осындай орталық салу жоспарда бар. Осылайша тұрғындарды медициналық қызметпен қамтамасыз ету мәселесі шешілген.
– Райымбек ауылдық округі Алматы қаласымен астасып жатқаны белгілі. Демек, көше жолдары мен жарықтандыру сапасына қойылатын талап та жоғары болар?
– Алматымен іргелес болуымыз бізге де белгілі бір талаптар қоятыны рас. Соның ішінде өзіңіз айтқан жол мәселесі де бар. Райымбек ауылдық округінде барлығы 143,7 шақырым автокөлік жолдары бар. Бізде 236 көше тіркелген десек, олардың 100-і асфальтталған. Жыл сайын бұл салаға бөлінетін қаржы көлемі де ұлғайып келеді. Осы себепті биыл 12 шақырым көше жолдары жөнделгенін айта кеткім келеді. Дегенмен әлі де 35 көше күрделі жөндеуді қажет етеді.
Бұл мәселеге көшелерді жарықтандыруды қоссақ та болады. Бұл бағытта Райымбек, Қырғауылды, Долан, Жаңатұрмыс ауылдарында біршама жұмыс атқарылды. Бұл шара алдағы жылы жалғасын табатын болады.
Тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету де кезең-кезеңімен жүргізілуде. Осы бағытта Жаңатұрмыс ауылында су жүйесін жүргізудің екінші кезеңі жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар, 0,82 гектар жерге екі резервуар салынып, екі ұңғыма бұрғыланды. Барлығы 6,8 шақырым су құбыры желісі тартылды. Қазіргі таңда Қаскелең топтық су құбырының құрылысы аяқталуда. Ол іске қосылғанда ауданның 17 елдімекені таза сумен толықтай қамтамасыз етіледі.
– Ауылдар жыл санап жасарып, жаңарып келе жатқанын көріп отырмыз. Ал келесі жылға жоспарларыңыз қандай?
– Келер жылы көше жолдарын асфальттау жалғасын табатын болады. Жүргіншілер жолын салу, көшелерді жарықтандыру, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамытып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға баса көңіл бөлмекпіз. Тұрғын үй құрылысы қарқын алып, білім беру және денсаулық сақтау нысандарын жаңғыртатын боламыз.
Ал ең басты мақсатымыз – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, елдімекендердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру болып қала бермек.
Сұхбаттасқан – Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы

