Айжан Жексенбайды ауданда өтетін түрлі байқаулардан жиі кездестіреміз. Оның қолынан шыққан көз тартар әсем бұйымдарына қарап қызығасың. Ол тек қолөнер шебері ғана емес, жас ұрпаққа тәлім беріп жүрген ұстаз. Технология пәні мұғалімі ретінде оқушыларды еңбекке баулып, шығармашылық қабілеттерін шыңдап келеді.
Айжан Әлнұрқызы 1993 жылы Райымбек ауданы Қаратоған ауылында дүниеге келген. Қолөнерге деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Бірінші сыныпта-ақ үлкен әпкесінен қолғап тоқуды үйренеді. Түрлі бұйымдар жасап, ерекшеленгенді жақсы көретін. Сол арман жетегімен Алматы техника және сервис колледжін тәмамдаған.
Қабілеті мен қызығушылығы ұштасқан Айжан бүгінгі таңда Қаратоған ауылындағы Нұрбапа Өмірзақов атындағы орта мектепте технология пәні мұғалімі болып қызмет атқарады. Ұстаздық тәжірбиесіне биыл бес жыл толды. Осы уақыт ішінде ата-аналардың ерекше ризашылығына бөленіп жүр. Себебі оқушылар аталған пәннің маңыздылығын ұғынып, еңбексүйгіштікке тәрбиеленуде.
«Ұлттық нақыштағы бұйымдарымызды осы пән арқылы жандандырып отыруға мүмкіндігіміз зор. Әрине, ол ең алдымен пән мұғалімінің біліктілігіне байланысты. Оқушыларды қолөнерге қызықтыру үшін олардың алдында қазір тренд болып жатқан бұйымды жасап және сол арқылы табыс табуға болатынын санасына сіңірсеңіз, олар әр ісіңді асқан қызығушылықпен үйренеді», – дейді шебер.
Бүгінде Айжан қолөнердің бірнеше түрімен айналысады. Атап айтсақ, тоқыма тоқып, құрақ көрпе жасап және киім пішеді. Сондай-ақ моншақ тастармен бұйымдар тоқып, кесте тігеді. Алдағы уақытта киіз басуды да қолға алмақшы. Технология пәні мұғалімінің айтуынша, оқушыларға өздері жасаған бұйымның жерде қалмай, табыс көзіне айнала алатындығын да көрсету маңызды.
Бүгінде оның қолынан тәлім алған кейбір оқушылары түрлі қолөнер бұйымдарын жасап, оларды саудалау арқылы табыс таба бастаған. Осылайша, ұстаз шәкірттеріне өнердің қыр-сырын ғана емес, еңбектің берекесін, кәсіптің қадірін де ұғындыруда. Сонымен қатар ол әлеуметтік желінің мүмкіндігін де тиімді пайдаланып келеді. Instagram парақшасы арқылы онлайн шеберлік сабағын өткізіп, білгенін көпшілікпен бөліседі. Бұл бастамасы қолөнерге ынталы жандардың қызығушылығын арттырып отыр. Дәл осындай өз ісінің мамандары білім ордаларына ауадай қажет.
Ақерке БИЖАН
Райымбек ауданы

