29 тамыз – Қазақстан, әлемдік қауымдастық және ғаламдық антиядролық қозғалыс үшін тарихи күн саналады. Өйткені 1991 жылы осы күні сол кездегі Қазақ ССР-ның президенті «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығын шығарған. Семей полигоны әлемде қуаты жағынан Невада полигонынан кейінгі ең ірісі саналған. Ал 2019 жылы Семей ядролық сынақ полигонын жабылған күн мерекелік атаулы күндер қатарына енгізілген.
Семей полигонын жабу шешімі ұзақ әрі тартысты күрестің нәтижесінде қабылданды. Ондаған жыл тұтас аймақты улап, зұлмат әкелген полигонды жабуға 1989 жылы Олжас Сүлейменовтің бастамасымен құрылған «Невада – Семей» қозғалысы үндеген. Халықтың жаппай қолдауының арқасында 1989 жылы Семей полигонында жоспарлы 18 сынақтың 11-і тоқтатылған. Соңғы жарылыс сол жылы 19 қазанда болды.
«1989 жылы 28 ақпанда қазақ жерінде дүниеге келген «Невада – Семей» қозғалысының басты мақсаты Семей полигонын жабу ғана болған жоқ, ол басқа да ядролық қаруы бар елдердің бұл жасампаз істен үлгі алуына түрткі болды. Қазір Қазақстанның әлемдік антиядролық қозғалыста өз орны бар», – деді Олжас Сүлейменов.
Қазақстан ядролық қарудан бас тартуда алғашқы қадам жасап, әлемде ядролық жаппай қырып-жою қуаты жөнінен төртінші орындағы Семей ядролық сынақ полигонын жапты.
Кеңес Одағы 1949 жылы 29 тамызда алғаш рет ядролық қаруын сынақтан өткізді. Ойшыл, ұлы ақын Абай Құнанбаев дүниеге келген қазақ жерінде 1949 жылдан 1989 жылға дейінгі 40 жылда 456 реттен астам ядролық сынақ, ондаған гидроядролық және гидродинамикалық сынақ жасалды.
Ядролық қару мен оны сынауға қарсылық Семей полигоны жабылғаннан 20 жыл өткенде ғана халықаралық қауымдастықтан қолдау тапты – БҰҰ Бас Ассамблеясы 2009 жылы 2 желтоқсанда өткен төртінші сессиясында арнайы қарар қабылдап, 29 тамызды Халықаралық ядролық сынаққа қарсы тұру күні деп жариялады. Қазақстан бастамашы болған БҰҰ-ның аталған құжаты әлем елдерін «ядролық қару мен ядролық сынақтың кез-келген басқа да түрлерінің салдары туралы ақпараттандырып, ядролық қарусыз әлем құруға» үндейді.