Перейти к содержимому

Қонаевта көпқабатты үйдің шатыры өртеніп, 210 адам эвакуацияланды

2 тамызға қараған түні Қонаев қаласында көп пәтерлі үйдің шатыры өртеніп, 210 адам қауіпсіз жерге шығарылды.

Өрт түнгі сағат 2 шамасында 2-ықшамаудандағы 36 көпқабатты үйдің 4-қабатындағы пәтерлердің бірінде басталған. Жанған үйден 210 адам эвакуацияланып, жатақханаларға, демалыс орындарына орналастырылды. Оқиға орынына шаһар басшысы Нұрлан Құматаев барды.

«Бұл 70 пәтерлі үй 1970 жылдары салынған. Өртті сөндіруге 25-тен көп техника, 70 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Бүлінген үйді 2 апта ішінде қалпына келтіреміз», — деді әкім.

Алдын ала болжам бойынша өрт 23-пәтерден шығып, шатырға қарай өтіп кеткен. Сағат 4.47-де қызыл жалын оқшауланып, 6.00-де толығымен сөндірілді. Өрттің жалпы аумағы 1248 шаршы метрді құрады.
Арнайы комиссия құрылып, өрттің неден шыққанын анықтап жатыр.

Гүлзат Байқонысова