Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевты қабылдап, жаңа экологиялық заңнаманы жүзеге асыруға және табиғи ресурстарды сақтауға қатысты бірқатар тапсырма берді.
Президент ірі кәсіпорындар шығаратын қалдықтарды азайту жөніндегі жоспардың іске асырылу барысы және оған бақылау жасау үшін автоматтандырылған жүйе енгізу ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Мемлекет басшысы министрлікке қарасты ведомстволық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту және ұлттық парктердегі орман өртінің ошақтарын ерте анықтау жүйелерін тезірек енгізу, сондай-ақ орман шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы сонымен қатар ағаш отырғызуға қатысты ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру және жөнсіз пайда болған қоқыс полигондары мәселесін шешудің кешенді жолдарын әзірлеудің маңызды екеніне назар аударды.