АЭС құрылысына қатысты жалпыұлттық референдум өткізуге қажетті барлық сараптама бар. ҚазАқпараттың хабарлауынша, бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев XV KazEnergy Еуразиялық форумында агенттік тілшісіне берген сұхбатында айтты.
«Жұмыс ұлттық референдум туралы Конституциялық заңға сәйкес жүргізіліп жатыр. Аталған референдумды өткізуге жауапты өкілетті орган бар. Біз Энергетика министрлігі ретінде бұл жұмысты сарапшылық қолдаумен қамтамасыз етеміз. Жалпы, қажетті барлық сараптама бар, оларды құзіретті органға ұсынуға дайынбыз», – деді Алмасадам Сәтқалиев форумда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 1 қыркүйектегі халыққа жолдауында атом электр стансасын салу, салмау мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешу керек екенін мәлімдеген. Президент бұл мәселе бойынша қоғамдық талқылауларды, халыққа егжей-тегжейлі, кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жалғастыра беру қажет екенін айтқан. Таяуда Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағамбетов АЭС салу мәселесі жөніндегі референдум тағайындау құқығы Президентке тиесілі екендігін айтқан болатын.