Қазіргі қазақ қоғамына бір серпіліс қалайда керек сияқты. Неге дегенде, қазақ қоғамы «Оян, балам!» деген сайын «Қоя тұршы, әке, кішкене жата тұрайын» дейтін ерке баланың томырық қырсықтығына ұқсайтындай көрінеді кей сәтте. Осы ретте айтарымыз, бұдан 12 жыл бұрын 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігін көтеретін кез келген сыңайлы.
Тағы да неге дегенде, «мемлекет – діннен бөлек» немесе «дін – мемлекеттен бөлек» деген желеумен діни сауаты онсыз да төмен халық әлдебір дүмше молдасымақтардың Құран аяттарының өздеріне оңтайлы тұстарын қалқып алып, халықты тапа-тал түсте адастырып, аздырып қана қоймай, азғындыққа бұрып әкетіп бара жатқаны ел ертеңін ойлаған барлық көкірек көзі ояу жандарды алаңдатып отырғаны даусыз.
Міне, осы тұста Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның депутаттардың жанайқайына үн қоса жасаған мәлімдемесі ұрпағының ертеңіне алаңдаулы халықтың қолайына жағып отырғаны хақ. Жуырда Парламент депутаттары Дін туралы Заңның кейбір нормаларына өзгерту енгізу туралы бастама көтерген болатын. Халық қалаулылары қазір бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып жатқанын айтып: «Дәстүрімізге қайшы ағымдарға заңмен тыйым салу керек», – деген еді. Сол басқосуда Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса: Діни радикализмге заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті! Өйткені олар ұлтты жою күресін қатты қарқынмен жалғастыруда», – деді. Қазыбек Исаның бастамасын депутат Ермұрат Бапи да қолдап, Премьер-Министр мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасына сауал жолдап, теріс ағымдардың, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде белең алып бара жатқанына қатты алаңдаушылығын жеткізді. «Жасыратыны жоқ, мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар деген дерек менің құлағыма жетті. 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізудің қоғамдық қажеттілігін көтеретін кез келген жоқ па?» – деді Е.Бапи. Депутаттар ендігі жерде «мемлекет – діннен бөлек» немесе «дін – мемлекеттен бөлек» деп, сырттай бақылаушы болып, самарқау отыруға болмайтынын айтты. Мәжілістің тағы бір депутаты Аманжол Әлтай: «Бізде ұлттық идея толық жұмыс істеуі керек. Сондықтан да идеологиялық жұмыстар болу керек. Өңірлерде дін істері басқармаларын бөлек мекеме ретінде қайта ашып, олардың кадрлық әлеуетін күшейту керек», – десе, Мәжілістегі әріптестерін Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп те қолдады. Дін тақырыбына қатысты екі палатаның да өкілдері үн қатқан соң, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз пікірін білдірді. Ведомство басшысының айтуынша, депутаттар мен қоғам белсенділері көтерген мәселелер министрлікте талқыланып, сарапталады. Содан кейін барып тиісті жұмыс жүргізіледі. Сөйтіп, «Дін туралы» Заңның кейбір нормасы қайта қаралады.
Мысалы, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Мемлекет басшысына, Премьер-Министр мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына елдегі дәстүрлі діндердің дамуына қатысты депутаттық сауал жолдап, өз сұрауының басын Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ трибунасында Құранға араша түскенінен, мұның өзі Ислам дінінің дамуына деген жанашырлықтың белгісі екенін жеткізуден бастап, алайда Қазақстанда дін атын жамылған жат ағымдардың көбейіп жатқанын айтты. Халық қалаулысы: «Соңғы бірер жылда Ислам дінін жамылған жат ағымдар қазақстандық қоғамға әлеуметтік-тұрмыстық жарықшақ салып, ол саңылау барған сайын ажырап барады. Тіпті, қоғамның шырқын бұзып, мемлекеттік тұтастыққа ауыз сала бастаған жарықшақ қазақ халқының ұлттық бірлігі мен ұлттық даму дәстүріне және мыңжылдық қазақы Ислам салтына қарсы шабуылға айналған сыңай танытады. Бұл теріс діни үрдіс саяси сипат алып бара жатқан жоқ па деген де қатер бар. Себебі, халықтың кемшін діни білімтанымын пайдаланған теріс діни топ жанталасып, қоғамға жалған рухани құндылықтар мен бөтен дәстүрлерді сіңіру қамын жасауда», – деді.
Мәдениет және ақпарат министрі: «Бүгінде дәстүрлі дін ағымдарымен қатар жат ағымдар да белсенді бола бастағанын көріп отырмыз. Сондықтан министрлік 3 бағытта жұмыс істеп жатыр. Тәулік бойы интернетресурстары бақылауда ұсталып отыр. 1 қаңтардан бастап қыркүйектің соңына дейінгі аралықта лаңкестік пен экстремизмді насихаттау жөніндегі 14 860 материал анықталды. Біз депутаттардың сауалдарын да тыңғылықты зерттейміз. Осы орайда Дін туралы Заңның бөлек нормаларын қайта қараймыз. Қазіргі заңда деструктивті діни ағымдар жөнінде нақтыланған түсінік те жоқ. Бұл қоғамның пікірін тыңғылықты зерттеуді қажет етеді. Сондықтан ұлттық қауіпсіздік қашанда бірінші орында тұрады және министрлік талаптарды күшейтіп, заңды қатаңдату бойынша жұмыс істейді. Алдымен комиссия құрылып, заң әзірленеді. Ол «Ашық үкімет» порталына түседі. Содан кейін аталған құжат Мәжіліс пен Сенатқа жолданады», – деді. Ол құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейтінін атап көрсетіп: – «Ата Заңымызға сәйкес, Қазақстанда дін мемлекеттен бөлінген. Сөз жоқ, мемлекет дін бостандығына кепілдік береді. Бірақ біз – зайырлы елміз! Сол үшін де мемлекеттік саясаттың барлық мәселелері діни пәтуалармен емес, азаматтық нормалармен реттеледі. Құқықтық–нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейді. Өйткені, білім беру ерекшелігі бірыңғайлықты талап етеді. Ал Конституциямыз бойынша мектептің міндеті – ел азаматтарына сапалы білім беруге кепілдік беру және оны қамтамасыз ету. Сондықтан да, мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек. Содан кейін барып, ержете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп ойлаймын», – деп атап көрсетті.
Халық қалаулылары мен министрліктің пікір-уәждері бір тұжырымға тоқайласқаны – халық үшін қуанышты ахуал. Ендігі мәселе – осы ортақ тұжырым негізінде заң шығарып қана қоймай, халықтың діни сауатын ашып, Құранның және оның аяттары мен ереже-талаптарының әсіредіншілдер мен дінді бетперде етіп алғандардың былайғы халықтан жасырып келген мағына-мазмұндарын тарқатып, сауатын ашудың қам-қарекеттері бірге жүзеге асырылса дейміз. Әрі-сәрі халге душар болған қазақ қоғамы сонда ғана серпіліп, адасқан ұл-қыздар түзу жол табар ма еді?! Біздікі – күту ғана.
Бейбіт Мекеев