Кез-келген бала айналасынан өзіне қамқорлық танытып, көңіл аударғанды қалайды, өзі қызыққан нәрсемен айналысып, өзге балалармен қарым-қатынаста болғысы келеді. Ал тумысынан мүгедек немесе ерекше күтімге мұқтаж балалардың қажетін өтеу тіпті де оңай емес. Әрине, «Балам – бауыр етім» деген ата-аналар өзегін жарып шыққан ұрпағының бар қажетін өтеуге тырысады. Алайда мұндай балалардың да өз ортасын тауып, бір уақыт отбасынан жырақта өз бетінше өмір сүруге бейімделгені жөн. Мұндай ерекше балаларға арналған орындардың бірі Қонаев қаласында ашылғанын екінің бірі біле бермейді. Қапшағай су қоймасының жағасында орналасқан «Күндізгі сауықтыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Алматы облысының әкімдігі мен Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалары орталығының бастамасымен ашылған.
Орталықтың Қапшағай су қоймасына жақын орналасуы да бекер емес. Күннің көзі, сусылдаған құм, көлдің жағаға әлсін-әлсін соғатын толқыны адам жанын тыныштандырып, өзгеше күйге бөлейді. Орталық директоры Рима Көлбаева осы себептен де ерекше балаларға арналған орталықты су қоймасына жақын маңнан ашу жөн деп тапқанын айтады. Бұл жерге жету де ата-аналарға айтарлықтай қиындық тудырмайды – Қонаев қаласынан балаларды таңертең алып келіп, кешке қайтадан апарып тастау үшін арнайы автобус бөлінген.
-Жалпы, орталықта 60 баланы қабылдауға дайынбыз. Әзірге бізге әлеуметтік қызмет порталы арқылы 23 бала тіркелген. Орталыққа келгісі келетіндердің бәріне есігіміз ашық. Қаламыз дамып, ұлғайып келеді, көптеген адам көшіп келіп жатыр. Бәлкім, көп ата-ана мұндай орталықтың барынан бейхабар да шығар. Орталыққа жолдама алу үшін дәрігерлік-еңбек сараптама комиссиясының тексеруінен өтсе жетіп жатыр. Сосын ол комиссия балаға біз сияқты орталықтарда сауықтырудан өтуге кеңес беруі мүмкін. Орталыққа түрлі диагноз қойылған, 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар келе алады. Қазір бізде ДЦП (балалардың церебралды сал ауруы), Дауна синдромы бар, аутизмге шалдыққан балалар сауығып жатыр, – дейді орталық басшысы.
Таңғы сағат тоғыздан кешкі сағат алтыға дейін орталықта болатын балаларға төрт мезгіл тамақ беріледі. Тектен тек уақыт өткізіп қоймай, түрлі оңалту сабақтары өткізілетіндіктен күндіз бір мезгіл ұйықтап, тынығады. Әр баланың өз оңалту бағдарламасы, сабақ кестесі бар. Мұндағы кейбір бала үшін қолға қасық, қалам ұстаудың өзі мұң болса, кейбірі өзі құралпы балалармен қарым-қатынас орнатуға қиналады, кейбір мектепке баратын балалар кәдімгі оқу бағдарламасын меңгеруге қосымша көмек қажет етеді.
-Мұнда балалар еңбек терапиясы, емдік дене шынықтырумен айналысып, массаж жасалады. Олармен психологтар, дефектологтар жұмыс істеп, қимыл-қозғалысы мен сөйлеуіне екпін қойылады. Орталық аумағында тамаша ат спорты кешені бар. Балалар иппотерапияға да барады. Оның көптеген пайдалы тұсы бар. Мысалы, қимыл-қозғалысында кінәраты бар балалар ертоқымда отыруды, өз денесін сезініп, тік ұстап игеруді үйренеді, вестибулярлық аппаратын жаттықтырады. Ал томаға-тұйық балалар үй хайуанаттарына үйренісіп, мінезі ашыла түседі, – деп түсіндірді Рима Көлбаева.
Әр бала – жеке тұлға
Әсілінде, мұндай балалардың физиологиялық және психологиялық тұрғыдан толыққанды дамып, он екі мүшесі сау балалар қатарына қосылу үшін жалпы оңалту бағдарламасына ғана сүйену аздық етеді. Тәлімгерлер әр баланың өзіндік ерекшелігін ескеріп, сабақ барысында тапқырлық та танытуы керек. Себебі бірдей диагноз қойылған екі баланың мінез-құлқы, қабылдауы әртүрлі болуы мүмкін.
-Оқушыларымның бәрін зерттеп көрдім. Әр бала – жеке тұлға, сабаққа да кірісуі әртүрлі. Айталық, аутизм белгісі бір бар бала заттарының орнын ауыстырып тұрғанды ұнатады, сонда оның жаны тыныштанып, сабаққа кіріседі. Ал дәл сондай диагноз қойылған басқа бір баланы партаға отырғыза алмайсың – ол еденге отыра салғысы немесе орындыққа шалқайып отырғысы келеді. Әр баланың ыңғайына қараймыз. Бізге ең бастысы олармен жұмыс істеп, нәтиже шығарсақ болды, – дейді орталық логопеді Раиса Дудник.
Балалардың сабақты қалай оқып отырғанын білдіртпей байқап көрдік. Әуелде көбісі бөтен адамдарды жатырқап, мазасы кете бастады, тіпті ашуланғандары да болды. Қазір ешнәрсеге алаңдамай, сабағын оқып отыр.
– Бастапқыда кәдімгідей қиналды, – деп еске алады Рима Төреханқызы орталық тәрбиеленушісі Ерасыл есімді баланы. – Өзгелермен қатар үстелге отырып, мұғалімді қабылдай алмады, атын атағанда қарамайтын еді. Қазір жауап беретін болды. Педагог асқан төзімділік танытып, түрлі әдіс қолдану керек, – дейді Рима Көлбаева.
Расымен де, Рима Төреханқызы кабинетке кіріп Ерасылға амандасып, хал-жағдайын сұрағанда ол балалармен бірге қаннен қаперсіз сурет салып отыр еді. Бөтен адамдардың арасынан мұғалімін танып, күлімсірей орнынан тұрды да «Апай» деп тіл қатты. Бір қарағанда таңғалатын ешнәрсесі жоқ, үйреншікті жайт сияқты болып көрінгенімен, бұл ең алдымен баланың өзі, педагог пен ата-ана үшін үлкен қуаныш, зор жетістік. Себебі аутизм белгілері бар көп адам үшін өз әлемінен шығып, қоршаған ортаға реакция білдіру қиын іс.
Өзгеріс балада ғана емес
Бұдан кейін орталық тәрбиеленушісі 13 жастағы Илья есімді жеткіншектің анасы Әсел Пишкова да әңгімеге араласып, өздерінің жетістігі туралы баяндады. Алты жыл бұрын Ильяға толық дамымаған өзгеше аутизм диагнозы қойылған. Илья ол кезде сөйлеу былай тұрсын, тілі шықпаған. Әрине, жергілікті түзету орталықтарында оған көмек көрсеткен, анасы да оның тілі шығуына қолдан келгенін істеген. Ильядан басқа тағы бір қызы бар Әсел барлық уақыты мен күш-жігерін екі баласына сарп еткен.
-Осы орталықты ашуға септескен жандарға алғыс білдіргім келеді. Мұндағы мамандар балаларды тек қарап қана қоймайды, дамуына күш салады. Илья ұлым ендігі өзі оқып, жазып, санай алатын болды. Тағы бір айта кететін жайт, мұнда балалар ұйықтайтын бөлмелер де бар. Біздің балаларға ұйқының маңызы зор, – дейді Әсел Пишкова.
Бұдан өзге, Әсел орталықта тәрбиеленетін балалардың аналарына осында жұмыс ұсынғанын да қуана жеткізді. Орталыққа тазалықшы, санитар, бала күтушілер қажет екен. Айтуынша, бұрын балаларының күтімінен қолдары тимейтін кейбір аналар қазір қосымша жұмыс істеуге уақыт табатын болған.
-Кейбір аналар басқа жерде жұмыс істей бастады. Ал мен орталықта әрі ұлымның жанында болып, әрі жұмыс істегенді жөн көрдім. Бұл жерде жүріп ұлым ғана емес, өзімнің де өзгере бастағанымды байқадым. Екеуміз де көпшілік ортаға бейімделіп жатырмыз. Әріптестеріммен қарым-қатынас орнатып, отбасы – ошақ қасының тірлігінен бір уақыт арыла бастадым. Әйел бақытты болса – отбасы бақытты болады. Өзгере бастағанымды күйеуім де байқапты, – деп күлімсіреді Әсел.
Орталықтың басты мақсаты – ерекше күтімді қажет ететін балаларды өзін ашық, барынша еркін ұстауға, қоршаған ортаны танып, сырт әлемнен өзін көре алуға үйрету. Бұл жолда орталық мамандары оңалтудың жаңа әдіс-тәсілдерін тауып, қолдана бермек. Айтпақшы, таяуда мұнда тұз шахтасы, сенсорлы бөлме мен арнайы жаттығу құрылғылары бар үлкен балалар алаңы ашылмақ.