Алматы облысының орталық әмбебап кітапханасында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, еліміздің кітапхана саласының мақтанышы Роза Бердіғалиеваның 80 жылдығына арналған «Үздік жас кітапханашы – 2025» облыстық байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Небәрі 33 жасында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты ұлттық және республикалық мекемелерді басқарған, Қазақстан Республикасы Кітапханалар қауымдастығының президенті, елімізге белгілі кәсіби маман ретінде танылған Роза Төлегенқызы – жас буын кітапханашылар үшін шынайы үлгі. Оның кәсіби жолын насихаттау, жастарды жігерлендіріп, жаңашыл болуға жетелеу байқаудың басты мақсаты болды.
Байқауға облысқа қарасты аудандық және ауылдық кітапханаларда еңбек ететін жас кітапханашылар қатысып, өз кәсіби біліктіліктерін ортаға салды. Бірінші кезеңде қатысушылар өздерін таныстырып, жұмыс істейтін кітапханаларын заманауи талаптарға сай модернизациялау жобасын жасанды интеллект (ЖИ) көмегімен таныстырды. ЖИ арқылы интеллектуалды іздеу жүйелерін қолдану, деректерді автоматты түрде құрастыру, оқырманға жекелеген ұсыныстар беру секілді идеялар кітапхананың болашағына тың серпін беретінін көрсетті. Екінші кезеңде қатысушылар рандомды кітаптарға буктрейлер жасап, көрерменге креативті жарнамалау тәсілдерін ұсынды. Сонымен қатар, кітапхана саласына қатысты кәсіби сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін көрсетті. Байқау барысында кітапхана – тек ақпарат сақтау орны ғана емес, өңірлік инновация мен мәдени серпілістің орталығы екенін дәлелдеді.
Сайыс қорытындысы бойынша, Жамбыл ауданы Шиен ауылдық кітапханасынан келген Баян Бектасова бірінші орын иеленді. Ал Іле ауданы Ақши ауылдық кітапханасынан қатысқан Салтанат Бекбосынова екінші, Ұйғыр ауданына қарасты Ақтам ауылдық кітапханасының қызметкері Гүлнұр Жұмабаева үшінші орыннан көрінді. Жамбыл ауданынан қатысқан Баян Бектасова «Үздік жас кітапханашы – 2025» республикалық байқауына жолдама алды. Байқауға қатысқан барлық үміткерге Алғыс хаттар табысталды. Бұдан бөлек, қатысушыларға Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында өтетін «Жаңа технологиялар – кітапхана ісіндегі жаңа мүмкіндіктер» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға жолдама берілді.
Бұл байқау жас кітапханашылар үшін шабыт көзіне айналып, олардың кәсіби дамуына тың серпін берген айтулы шара болды. Аты аңызға айналған Роза Бердіғалиеваның есімімен байланысты осындай бастамалар кітапхана ісінің болашағына жарқын жол ашатыны анық.
Жұлдыз МҰХАМЕДБЕКҚЫЗЫ,
Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының қызметкері


