Перейти к содержимому

Даму қарқыны жоғары

15 қаралым

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Қарасай ауданы әкімі Жасұлан Естеновтің қатысуымен брифинг өтті. Баспасөз мәслихатында өңір әкімі атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жобаларды таныстырды.

Қарасай ауданы халық саны қарқынды өсіп келе жатқан өңірлердің қатарына жатады. Тұрғындар қатары жыл сайын шамамен 15 мың адамға артады. Өткен жылы тұрғындар саны 369 мың адамды құраса, биыл 386 мыңға жеткен.
Ауданда халық санының өсуі­мен қатар экономикалық әлеует те нығайып келеді. 2023 жылдан бері ауданның негізгі капиталына 803,7 миллиард теңге инвестиция тартылған. Соның нәтижесінде өндірістік және логистикалық бағыттағы бірқатар ірі жоба іске қосылған. Олардың қатарында «KT&G», «Фокус Логистик», «Apple Logistics», «Алтын таға», «Қазақстандық құбыр арматурасы зауыты», «MP Solutions» логистикалық кешені мен «Almaty W.S» секілді кәсіпорындар бар. Аталған жобалардың іске асуы нәтижесінде 17 мың жаңа жұмыс орны ашылған.
Аудан әкімінің айтуынша, жыл басынан бері 4 775 жаңа жұмыс орны құрылып, жылдық жоспар 2,8 есеге артық орындалған. Жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайыздан 4,4 пайызға төмендеген. Жыл басынан бері «Мансап» орталығына 13 442 азамат өтініш білдіріп, оның 7 532-сі жұмыспен қамтылған. Олардың 6 688-і тұрақты, 844-і уақытша жұмыс орындарына орналасқан.
Аудан экономикасын одан әрі да­мытуға бағытталған жалпы құны 130 миллиард теңге болатын 20 жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында алко­гольсіз сусындар шығаратын «Caspian Beverage Holding» зауыты, «Нью-Йорк кино академиясы (Қазақстан)» креативті индустриялық паркі, «Фаб Инвестмент» өнеркәсіптік-логистикалық паркі, «Novus Polimer» өндіріс зауыты және түсті металдарды қабылдап, қайта өңдейтін «Kyzyr Group» кәсіпорны бар. Әкім бұл жобалар толық іске қосылғанда ауданның өндірістік қуаты артып, жаңа жұмыс орындары ашылатынын жеткізді. Жалпы, Қарасай ауданы Алматы облысының өнеркәсіп өндірісінің төрттен бір бөлігін, яғни 25 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Қазір мұнда 19 ірі және орта өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың жетеуі стратегиялық маңызы бар жүйе құраушы кәсіпорындар санатына жатады. Атап айтқанда, «RG BRANDS Kazakhstan», «Coca-Cola Almaty Bottlers», «Pladis Kazakhstan», «Asia Agro Food», «Efes Kazakhstan», «Kagazy Recycling» және «Kelun – Kazpharm» секілді өндіріс орындары аудан экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналған.
Жасұлан Тоққожаұлы шағын және орта кәсіпкерліктің өңір экономикасындағы орнына тоқталды. Бүгінде ауданда 33 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, бұл секторда 62 мың адам еңбек етеді. Биыл жаңа бизнес-идеяларды қолдау мақсатында 27 азаматқа жалпы сомасы 46,7 миллион теңге көлемінде мемлекеттік грант берілген. Қаражат дүкен, наубайхана, шаштараз ашуға, жиһаз өндіруге, тігін жабдықтарын сатып алуға және мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Экономикалық белсенділіктің артуы бюджет кірісіне де оң әсерін тигізуде. Әкімнің брифингте ұсынған дерегіне сәйкес, 2026 жылдың тоғыз айында бюджетке түскен салықтар мен міндетті төлемдер көлемі 136,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға артқан. Қаражаттың өсуі әлеуметтік нысандар салуға, жолдарды жөндеуге және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Аудан әкімі өңірдегі өзекті мәселенің бірі үшауысымды мектептер жайы екенін, 2022 жылы үшауысымда оқытатын 12 мектеп болғанын атап өтті. Осы бағытта соңғы төрт жылда ауқымды жұмыс жүргізіліп, 13 жаңа мектеп пен 3 жапсаржай салынып, үшауысымды оқыту мәселесі толық шешілгенін жеткізді. Жаңа мектептердің басым бөлігі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген. Алдағы уақытта да білім беру нысандарын жаңғырту жұмысы жалғасын табады.
Халық санының өсуі денсаулық сақтау саласына да қосымша міндет жүктеп отыр. Қазіргі таңда ауданда 41 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетеді. Оның 33-і мемлекеттік, 8-і жекеменшік ұйым. Салада 2 500-ден астам маман еңбек етеді. Дегенмен ауданның бірқатар елдімекенінде медициналық нысандар салу және қолданыстағыларын қайта жаңғырту қажеттілігі сақталып отыр. Аудан әкімінің айтуынша, Абай және Үштерек ауылдарында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілген. Қаратөбе ауылындағы 15 адамдық фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқта­лып, оны қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмысы жүргізілуде. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Көктоған, Ақсеңгір, Көкөзек және Кемертоған ауылдарында отбасылық денсаулық орталықтары ашылған. Сонымен қатар қазіргі уақытта аудандық көпбейінді орталық ауруханаға 4,2 миллиард теңгеге күрделі жөндеу жүргізілуде. Ал Қаскелең қаласында құны 53 миллиард теңге болатын заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы басталмақ. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қаскелең қаласында көпбейінді балалар ауруханасын салу мәселесі қолға алынған. Сондай-ақ құны 9,2 миллиард теңге болатын жұқпалы аурулар ауруханасын қайта жаңғырту жоспарланған.
Қарасай ауданында халықтың көптігі инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымға түсетін жүктемені айтарлықтай арттырды. Әсіресе жаңа тұрғын үй алқаптары мен саяжай массивтерінің кеңеюі ауызсу, электр энергиясы және жол мәселесін өзекті етіп отыр. Бүгінде ауданда 47 елдімекен бар. Су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 755 шақырымды құрайды. Алайда қолданыстағы желілердің тозу деңгейі 70 пайызға жеткен. Бұл – аудан үшін алаңдатарлық көрсеткіш. Осы ретте аудан әкімі ауызсу мәселесіне тоқтала келе, қолданыстағы желілердің тозу деңгейі мен жаңа тұрғын алқаптардағы сұраныстың инфрақұрылымды жаңғыртуды қажет ететінін атап өтті. Оның мәліметінше, Жаңатұрмыс, Қаратөбе, Жармұхамбет және Қайрат ауылдарында ауызсу жүйелерінің құрылысы аяқталған. Биыл Елтай, Шалқар және Кемертоған ауылдарының су желілерін салуға 5 миллиард теңге бөлініп, құрылыс жұмысы жүргізілуде. Елтай ауылындағы су жүйесін жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Ал Жібек жолы, Көлащы, Береке және Көктоған ауылдарының ауызсу желілерін қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар бұрын жекешелендіріліп, тиісті жаңғыртудан өтпеген инженерлік желілерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысы жүргізілген. Нәтижесінде 56 су мұнарасы мен 37 шақырым су құбыры желісі «Таусамалы қызмет» мекемесіне өткізілген.
Электрмен қамту саласында да бірқатар жоба қолға алынған. Аудан басшысының баяндамасында келтірілген мәліметке сәйкес, 2025 жылы Батан, Елтай, Исаев және Бекболат ауылдарындағы электр жүйелерін жаңарту жұмысы толық аяқталған. Жоба аясында 36,6 шақырым желі тартылып, 24 қосалқы трансформатор орнатылған. Биыл «Алатау жарық компаниясы» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы шеңберінде 504,9 миллион теңгеге электр желілері жаңғыртылуда. Көксай, Іргелі және Жібек жолы ауылдарында 595 электр бағанасын ауыстырып, 7,6 шақырым желіні жаңарту көзделген. Ал 2028 жылдың соңына дейін ауданның 12 ауылы мен Қаскелең қаласында 145,5 шақырым электр желісін қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, кезінде жекеменшікке өтіп кеткен инженерлік-коммуналдық нысандарды мемлекет меншігіне қайтару нәтижесінде 249 трансформаторлық қосалқы станса ауданның электрмен жабдықтау жүйесін реттеуге мүмкіндік берген. Олар «Алатау жарық компаниясының» сенімгерлік басқаруына беріліп, тұтынушылардың дербес шоттары ашылған.
Аудандағы жол жайы да тұрғындар жиі көтеретін өзекті мәселенің бірі. Қазір аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 547 шақырымды құрайды. Оның тек 34 пайызы ғана қанағаттанарлық жағдай­да. Сондықтан жол сапасын жақ­сарту жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жасұлан Тоққожаұлы жол инфрақұрылымын дамыту мәселесі де назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, 2026 жылы 21 елдімекеннің 77 көшесін жөндеуге бюд­жеттен 2,8 миллиард теңге бөлінген. Осы қаражат есебінен 68 шақы­рымнан астам жолды қалпына кел­тіру көзделген. Сонымен бірге респуб­ликалық және облыстық маңызы бар жолдарды кеңейту мен қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі – «Алматы – Бішкек» автожолының 19–27 шақырым аралығын төрт жолақтан сегіз жолаққа дейін кеңейту жобасы. Құны 33,9 миллиард теңгені құрайтын жоба аясында екі деңгейлі екі жолайрық пен тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынады. Бұл жұмысты 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Қоғамдық көлік қатынасы да бір­тіндеп кеңейіп келеді. Қазір аудан аумағында 35 автобус бағыты халыққа қызмет көрсетеді. Оның 25-і соңғы үш жылда іске қосылған. Әлеуметтік маңызы бар 18 бағыт облыстық деңгейде, тағы 7 бағыт аудандық деңгейде жергілікті бюджет есебінен субсидияланады.
Ауданның аумағы кеңейіп, саяжай алқаптарының елдімекендер құрамына енгізілуі де инфрақұрылымды жоспарлауда маңызды рөл атқарады. Бүгінде Қарасай ауданында 206 саяжай массиві тіркелген. Оларды елдімекендердің шекарасына кезең-кезеңімен қосу жұмысы жүргізілуде. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру да назардан тыс қалмаған. 2025 жылы Береке ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілсе, биыл шілде айында Жібек жолы ауылдық округінде заманауи өрт сөндіру депосының құрылысы аяқталған. Оның құрылысына 818 миллион теңге жұмсалған. Бұл нысандар халық тығыз орналасқан елдімекендерде төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырады.
Мәдениет саласына да айрықша көңіл бөлінуде. Биыл Жібек жолы ауылында 200 орынды Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Әйтей ауылында дәл осындай 200 орынды мәдениет ошағының құрылысы жалғасуда. Бұған қоса, Қаскелең өзенінің жағалауын абаттандыру, «Наурызбай батыр» ескерткішінің аумағын көркейту жобалары әзірленіп, тиісті бюджеттік өтінімдер ұсынылған.
Брифингте сөзін түйіндеген Жасұлан Естенов басты міндет өңір халқының жайлы тұрмысына жол ашу екенін айтты. Өйткені ауданның дамуы тек жаңа кәсіпорындар мен тұрғын үй кешендерінің санымен емес, сол аумақта тұратын халықтың сапалы білім алуы, медициналық көмекке қол жеткізуі, таза ауызсу тұтынуы және қауіпсіз жолмен қатынауына жасалған жағдаймен бағалануы тиіс. Осы реттегі игі істер жалғаса бермек.

Құралбек СӘБИТОВ

↑