Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / ЖОЛДАУ – ЕЛ БОЛАШАҒЫНА БАҒЫТТАЛҒАН МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТЕР ЖИЫНТЫҒЫ

ЖОЛДАУ – ЕЛ БОЛАШАҒЫНА БАҒЫТТАЛҒАН МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТЕР ЖИЫНТЫҒЫ

46 қаралым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындап, қоғам алдына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр.
Ақсақалдар алқасының мүшесі ретінде Жолдаудағы ел бірлігі, қоғамдық келісім, ұрпақ тәрбиесі және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелеріне ерекше назар аударғым келеді.
Президентіміз атап өткендей, бірлік пен келісім болмайынша, ешқандай реформа мен ілгерілеу болмайды. Бұл – халқымыздың сан ғасырлық өмір тәжірибесінен туындаған өмірлік қағида. Қазақ халқы қай заманда да ынтымақты, татулықты, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті жоғары қойған. Осы құндылықтарды бүгінгі қоғамда одан әрі нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Әсіресе, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, адамгершілік, еңбекқорлық пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіру маңызды. Жолдауда ұстаз мәртебесін көтеру, сапалы білім беру, отбасы мен мектептің бала тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілігіне басымдық берілуі өте орынды. Өйткені саналы ұрпақ тәрбиелеу – тек білім беру мекемелерінің ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті.
Бұл ретте аға буын өкілдерінің де атқарар рөлі зор. Ақсақалдар жастарға ақыл айтып қана қоймай, өздерінің өмірлік тәжірибесімен, өнегелі істерімен үлгі болуы керек. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмеген елдің іргесі берік болады.
Біз, аға буын өкілдері, еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын сақтауға, жастарды елжандылыққа тәрбиелеуге, қоғамдағы татулық пен сыйластықты нығайтуға өз үлесімізді қосуға дайынбыз.
Жолдауда белгіленген міндеттер ел игілігіне қызмет етіп, Тәуелсіз Қазақстанның тұғыры нығая берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын!

Марат СЕГІЗБАЕВ,
Еңбекшіқазақ аудандық ақсақалдар алқасының мүшесі

↑