Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ОҚЫТУДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚ

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ОҚЫТУДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚ

38 қаралым


Цифрлық технологиялар білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған бүгінгі заманда мемлекеттік тілді оқытудың мазмұны мен әдістемесін жаңғырту – уақыт талабы. Ақпараттық технологиялардың дамуы қазақ тілін үйренудің жаңа мүмкіндіктерін ашып, оқыту үдерісін қолжетімді әрі тиімді ете түсті.
Қазіргі қоғамда мемлекеттік тілді меңгеру – азаматтық жауапкершілік пен ұлттық бірегейліктің маңызды көрсеткіші. Сондықтан қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін дәстүрлі оқыту әдістерін заманауи цифрлық мүмкіндіктермен ұштастыру қажет.
Бүгінде Quizlet, Kahoot!, Wordwall, LearningApps, Google Classroom секілді платформалар тіл үйренушілердің сөздік қорын молайтуға, грамматикалық білімін жетілдіруге және сабаққа қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Ал ChatGPT сияқты жасанды интеллект құралдары мәтін құрастыру, сөйлемдерді сауатты қалыптастыру, қателерді анықтау және диалогтік сөйлеу дағдыларын дамытуда тиімді көмекші бола алады. Дегенмен жасанды интеллект оқытушыны алмастырмайды, керісінше, оның кәсіби жұмысын толықтыратын құрал болуы тиіс.
Облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы мемлекеттік тілді оқытуда инновациялық технологияларды енгізу, оқытушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыру және озық тәжірибелерді тарату бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда, Талдықорған қаласында өткен «Тіл үйретудегі инновациялық технологиялар: жасанды интеллект және заманауи әдістеме» тақырыбындағы семинарда Райымбек аудандық филиалының меңгерушісі Аяла Ұланқызы және Балқаш аудандық филиалының меңгерушісі Қаракөз Жұмаділова баяндама жасап, жасанды интеллект мүмкіндіктері мен ұлттық құндылықтарды тіл үйрету үдерісінде қолдану мәселелерін ортаға салды. Ал Тараз қаласында өткен «Жасанды интеллект: тіл үйретудегі рөлі мен мүмкіндігі» атты республикалық семинарда Райымбек аудандық филиалының меңгерушісі Аяла Ұланқызы «Тіл үйрету үдерісін жетілдіру: жаңа әдістер мен инновациялық тәсілдер» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ Қонаев қаласында орталықтың ұйымдастыруымен «Цифрлық дәуірдегі қазақ тілін оқыту: жасанды интеллект, тәжірибе, нәтиже» атты облыстық семинар-тренинг өтті. Семинарда оқу-әдістемелік орталығының бөлім басшысы Манзура Таңатарқызы, Ұйғыр аудандық филиалының меңгерушісі Мейір Қырғызбекова, Іле аудандық филиалының оқытушысы Қарлығаш Мырзабекова және Талғар аудандық филиалының оқытушысы Марал Мұратқызы өз тәжірибелерімен бөлісті. Кездесу барысында жасанды интеллектіні сабақта қолдану, цифрлық трансформация және мемлекеттік тілді нәтижеге бағдарлап оқыту мәселелері талқыланды.
Аталған семинарлар мамандардың тәжірибе алмасуына, жаңа әдістемелерді меңгеруіне және кәсіби байланыстарын нығайтуға мүмкіндік берді. Бұл жұмыстар өңірде мемлекеттік тілді оқыту сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Сонымен бірге цифрлық технологияларды қолдануда ұлттық мазмұнды сақтау да ерекше маңызды. Оқу материалдары қазақ халқының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын қамтуы қажет. Себебі тіл үйрету тек грамматикалық ережелерді меңгертумен шектелмей, ұлттық болмысты танытуға да бағытталуы тиіс.
Қорыта айтқанда, цифрлық дәуірде мемлекеттік тілді оқыту дәстүрлі әдістер мен инновациялық технологиялардың үйлесімін талап етеді. Цифрлық платформалар – тіл үйренуді жеңілдететін тиімді құрал, ал мемлекеттік тілге деген құрмет пен қажеттілікті қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сапалы білімді заманауи технологиялармен және ұлттық құндылықтармен ұштастыру арқылы ғана мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейте аламыз.


Қуаныш АМАНТАЙ,
Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы

↑