Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Өзбекстанда көрнекті қазақ жазушысы Рахметолла Райымқұловтың бюсті ашылады

Өзбекстанда көрнекті қазақ жазушысы Рахметолла Райымқұловтың бюсті ашылады

25 қаралым

19 қараша күні сағат 11:00-де Өзбекстан Республикасының Ташкент облысы Бостандық ауданы Қараманас ауылында көрнекті қазақ жазушысы, драматург, аудармашы және қоғам қайраткері Рахметолла Райымқұловтың (1913-1978) бюсті салтанатты түрде ашылады. Ескерткіш қаламгердің есімі берілген №34 жалпы білім беретін мектептің аумағында орнатылған.
Рахметолла Райымқұловтың бюстін белгілі өзбек мүсіншісі Нодир Усманов жазушының отбасының қолдауымен жасаған. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік және дипломатиялық өкілдері, екі ел Жазушылар одақтарының өкілдері, шығармашылық зиялы қауым, қаламгердің отбасы мүшелері, мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысады.
Қараманас ауылында дүниеге келген Рахметолла Райымқұлов қазақ және өзбек әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосып, кейінгі ұрпаққа мол әдеби мұра қалдырды. Халықтың оны «Қос елдің қыран тұлғасы» деп ардақтауы да тегіннен-тегін емес. Бұл айшықты теңеу қаламгердің қазақ және өзбек халықтарының рухани өміріндегі айрықша орнын, ортақ тарих пен мәдени дәстүрлер арқылы сабақтасқан екі бауырлас елдің арасындағы берік байланысты бейнелейді.
Бұл – қазақ-өзбек достығының тағы бір жарқын нышанына айналып, қаламгердің әдеби мұрасына көрсетілген тағзым әрі оның есімін келер ұрпақ жадында мәңгі сақтауға бағытталған маңызды қадам.

Бюстің ашылуы – Рахметолла Райымқұловтың туған жерінде есімін ұлықтап, рухани мұрасын мәңгілік есте қалдыруға бағытталған игі бастаманың заңды жалғасы. Еске сала кетейік, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің тапсырмасы және Ташкент облысы әкімінің шешімі негізінде 2 қыркүйек күні қаламгердің туған жері Қараманас ауылындағы №34 мектепке есімі берілген болатын. Қазақстан мен Өзбекстан жазушыларының I форумы аясында өткен мәдени шара екі ел арасындағы өзара құрмет пен мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығая түскенін айғақтайды және рухани көпір болмақ.

«Алатау – Ақпарат»

↑