Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы – еліміздің алдағы даму бағытын айқындап, қоғам алдындағы маңызды міндеттерді белгілеген мазмұнды құжат. Жолдауда көтерілген мәселелердің ішінде біз, Аналар кеңесінің мүшелері үшін, өскелең ұрпақтың тәрбиесі, сапалы білім беру, отбасы құндылықтарын нығайту және келер ұрпаққа жарқын болашақ қалдыру мәселелері ерекше маңызды.
«Тәрбие – тал бесіктен» демекші, саналы, білімді, отаншыл ұрпақ тәрбиелеу ең алдымен отбасынан басталады. Бұл ретте ата-ана, мектеп және қоғам арасындағы өзара жауапкершіліктің маңызы зор. Президенттің білім беру сапасын арттыру, мұғалімнің мәртебесі мен қадір-қасиетін қорғау жөніндегі бастамаларын толық қолдаймыз. Ұстазға құрмет – білімге құрмет, ал білімді ұрпақ – елдің ертеңі.
Аналар кеңесінің басты міндеттерінің бірі – отбасындағы береке мен бірлікті сақтау, ұлттық тәрбие мен дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу, жастардың бойына үлкенге құрмет, кішіге ізет, жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттерін сіңіру. Осы бағытта біз қоғамдағы татулықты нығайтуға, жас отбасыларды қолдауға, жас ұрпақтың тәрбиесіне қатысты маңызды бастамаларға белсенді атсалысуымыз қажет деп санаймыз.
Жолдауда айтылған ауылдарды дамыту, таза ауызсумен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау және білім беру нысандарын жаңарту мәселелері де халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар. Әсіресе, ауылдағы ана мен баланың жағдайын жақсарту, балалардың сапалы білім алып, қауіпсіз ортада өсуіне мүмкіндік жасау – баршамызға ортақ міндет.
Бүгінгі ұрпаққа дұрыс тәрбие беріп, ертеңгі елдің іргесін берік ету – әрбір ананың, әрбір отбасының және тұтас қоғамның жауапкершілігі. Сондықтан Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға Аналар кеңесі де өз үлесін қосуға дайын.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әр шаңырақта береке мен бірлік орнап, балаларымыздың болашағы жарқын болсын! Тәуелсіз Қазақстанымыз өркендеп, келер ұрпаққа дамыған, қуатты мемлекет қалдырайық!
Базаргүл ДӘНЕНБАЙҚЫЗЫ,
«Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы

