Жуырда, жазушы, этнограф, Нұрлан Сәрсенбаевтың үш бірдей кітабы Алматы қаласындағы «Үш қиян» баспасынан жарық көрген болатын. Тағылымды тарихтан сыр шертіп, оқырманға тарихи мол мұра мен тың ақпараттар ұсынатын кітаптар Райымбек ауданы оқырмандарына жол тартып, қасиетті Қарасаз ауылында жазушының «Райымбек батырдың ақ атаны», «Арғы атам Райымбек қол бастаған», «Мұқағали Мәртебесі» атты үш кітабының салтанатты тұсауы кесілді.
Нұрлан Сәрсенбаев өзінің бірқатар көлемді шығармаларымен оқырман жүрегінен жол тапқан қарымды қаламгер. Ол 1962 жылы ҚХР Шыңжан Іле Қазақ автономиялы облысының Өр Текестің Ақдала ауылында дүниеге келген. Еңбек жолында оқу-ағарту саласында бірнеше жылдар елеулі еңбек етіп, шығармашылығын да шыңдай білді.
Жазушының «Жұмбақ тас» әңгіме-повестер жинағы, «Көдек ақын» монографиясы, «Ататек жалғаған – Алтын шынжыр», «Ғасырлар суыртпағы», «Қазақ ұлтының салт-дәстүр мәдениеті», «Мұқағали Керуені», «Ата тарих сөйлесін, «Райымбек батырдың ақ атаны» (2026ж. «Үш Қиян»баспасы), «Арғы атам Райымбек қол бастаған» (2026ж. «Үш Қиян»баспасы), «Мұқағали мәртебесі» (2026ж. «Үш Қиян»баспасы) атты 10-нан аса кітаптары жарық көріп, оқырмандардың ерекше бағасын алды.
Сондай-ақ, Нұрлан Сәрсенбаевтың құрастыруымен «Көдек шығармалары» (2005 ж. «Шыңжаң халық баспасы»), «Ақын Қойдым» (2010 ж. «Шыңжаң жастар- өрендер» баспасы), «Талғарым Алатаудың бөктерінде…» (2021 ж. «DalaPrint» баспасы, Алматы) сынды 30-дан астам кітаптарының жарық көруі- жазушының шығармашылық жолындағы үлкен белесі.
Екі ел арасында қаламын суытпай қажырлы ізденісін жалғастырып келе жатқан жазушының бір ерекшелігі, оның тың ақпараттарға деген ізденісі, тарихтың зерттелмеген, көлеңкелі тұстарына сәуле түсіріп, жаңа деректерге деген ұмтылысы.
Қарасаз ауылында Нұрлан Тоқтасынұлының монографияларының тұсауы кесіліп, әдемі әдеби кеш өтті. Еркін әңгімелесуге негізделген кешті журналист ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық филиалының директоры Ержан Тоқтар тізгіндеді. Нұрлан Сәрсенбаевтың кітаптарының ашылу салтанатына Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаевтың арнайы ыстық лебізді құттықтауын тапсыру үшін аудан әкімінің орынбасары Дидар Нұрболұлы арнайы сахна мінберіне көтеріліп, жазушыға ізгі тілегін арнады. Сондай-ақ, ақын Шеризат Мекебаев, Қарасаз ауылының әкімі Ұлан Сәрсенбаев, ақын Даубай Мамытұлы, ардагер ұстаз, қоғам қайраткері Әділжан Нөкеев, жазушының құдасы Сағатжан Әміркенұлы сынды игі жақсылар кітаптың тұсауын кесіп, жазушыға жақсы тілектерін жаудырды.
Әдеби кездесуде мектеп оқушыларының арнайы дайындаған Райымбек батыр жайлы көріністері көрерменге ерекше рух сыйлап, тарихқа шағын сапар шеккендей әсер қалдырды.
Нұрлан Тоқтасынұлының алғашқы кітабы «Райымбек батырдың ақ атаны» романы Райымбек батырдың даңқты ерлігіне негізделген. Роман сегіз тараудан тұрады. Батыр туралы осындай көлемді еңбек жазу үшін автор көп ізденгені көрініп ақ тұр, Райымбек Түкеұлы туралы осынау үлкен еңбек үшін автор шежіреге қатысты 200-ден астам кітап оқып, 300 -ден астам көнекөз, тарихтан хабардар қарттармен кездесіп, сұхбат алып, ақпарат жинақтаған.
Автордың екінші су жаңа кітабы – «Арғы атам Райымбек қол бастаған» кітабында, Райымбек батырдың ел мен жер азаттығы үшін жасалған ерлік іс-әрекеттері, қолбасшылық шеберлігі мен тағы бір ерекше қасиеті- әулиелігі туралы жазылған. Мәселен, Райымбек батырдың батырлық ерліктері барша ұрпақтарына мәлім болса, оның көріпкелдік, әулиелік қасиеті біраз жандар үшін тың жаңалық.
Келесі кітап – «Мұқағали мәртебесі» атты монографиясы. Райымбек батыр мен мұзбалақ ақын Мұқағали бір-біріне алыс емес. Сол себептен, екеуін біте-қайнастыра зерттеудің үйлесімділігі жоғары. Мұқағалитану – өз алдына үлкен, бөлек әлем. Осынау тұңғиық сыры мен қыры көп әлемге бойлаған кезекті жазушы Нұрлан Сәрсенбаев өзінің бұл еңбегінде ақынның ататегі мен шығармашылық жолын өзінше бір ерекшелікпен танытуға ұмтылған. Аталмыш кітапқа алғы сөзін арнаған жазушы, публицист Дәуіржан Төлебаев жазушының бұл еңбегін ерекше жоғары бағалады.
Тұсауы кесілген үш кітапты бір-бірімен сабақтастыра оқу – батыр баба Райымбек пен ақиық ақын Мұқағалиды тануға үлкен көмекші құрал болары сөзсіз.
Туған жерден түлеп, есімдері тарихта алтын әріптермен жазылған осынау ұлы тұлғаларымыз – аспантау өлкесі халқының мәңгі мақтанышы. Осы орайда, екі бірдей ұлы тұлғаны тануға күш салып, көрген-білгенін шебер жүйелеп, қағазға түсіріп, болашақ ұрпақ үшін үлкен әдеби азық қалдырып отырған жазушы, этнограф – Нұрлан Сәрсенбаевтың еңбегі ерекше. Осыдан 300 жылдан аса уақыт ғұмыр кешкен батыр туралы мұндай көлемді еңбек жазу – өз алдына үлкен ерлік. Сан алуан ауыздан-ауызға тараған ақпараттарды саралап, жалғаны мен шынын сараптап, Райымбек батырдың дәл өз образын осыншама жыл өткен соң қайта жаңғыртып, үлкен әдеби мұраға айналдыру біз ойлағандай оңай емес.
Осылайша, Қарасаз төрінде өткен тағылымды әдеби кеш – өткен мен бүгінді жалғаған, тарих пен тағдырды тоғыстырған рухани басқосу болды. Үш кітаптың тұсаукесері арқылы Райымбек батырдың ерлік жолы мен Мұқағали ақынның шығармашылық әлемі тағы бір мәрте жаңғырып, ұлт жадындағы ұлы есімдердің ұлағаты ұрпақ санасына сіңе түсті. Тарихты тану – тамырымызды тану, ал оны келер буынға аманаттау – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Осы жолда тынымсыз ізденіп, ел тарихының елеусіз қалған парақтарын сөйлетіп жүрген Нұрлан Сәрсенбаевтың еңбегі – рухани мұрамызға қосылған қомақты үлес. Қаламгердің қаламынан туған әрбір туынды ұлт тарихына деген құрметті арттырып, туған жерге деген сүйіспеншілікті тереңдете түсетіні анық. Өйткені ұлы тұлғаларын ұлықтаған елдің рухы биік, тарихи жады берік, болашағы баянды болмақ. Ал кітап бетіне қатталған бүгінгі ізденіс – ертеңгі ұрпақтың танымына айналып, уақыт өткен сайын құнын арттыра беретін асыл мұра.
Ақерке БИЖАН
Райымбек ауданы

