Өнер – ұлттың рухани байлығы, халықтың тарихы мен мәдениетін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін асыл мұра. Ән мен күйді, би мен дәстүрді бір арнаға тоғыстырып, талай жыл бойы көрерменнің ықыласына бөленіп келе жатқан шығармашылық ұжымдардың бірі – Іле ауданындағы «Сарытауқұм» ән-би ансамблі.
Биыл өнер ұжымының құрылғанына 45 жыл толып отыр. Бұл – бір ғана шығармашылық ұжымның тарихы емес, бірнеше буын өнерпаздың маңдай тері, ізденісі мен өнерге деген адалдығының жемісі.
Ұжымның қалыптасу тарихы 1979 жылдан бастау алады.
1981 жылы ансамбль халықтық атағын қорғап, шығармашылық ұжым ретінде өз орнын айқындады. Сол жылы Германияға өнер сапарымен барып, халықаралық фестивальге қатысты. Бұл сапар ұжым тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болды.
45 жылдық тарихында ансамбльдің қалыптасуы мен дамуына әр жылдары бірқатар білікті маман мен өнер жанашыры еңбек сіңірді. Атап айтқанда, 1980–1988 жылдары Досым Орманаев, 1988–1994 жылдары Қалияс Жанжігітов, 1994–1996 жылдары Асқар Жарықбаев жетекшілік етті. 1997 жылдан бастап Гүлнар Ахметбаева ұжымның дамуына үлес қосты. 1997–2011 жылдары Қалияс Жанжігітов музыкалық жетекші қызметін атқарды. 2011 жылдан бастап Қарлығаш Ахметбаева еңбек етсе, 2012–2019 жылдары Жасұлан Рамазан, ал 2019 жылдан бүгінгі күнге дейін Тұрсын Смақов ансамбльге жетекшілік етіп келеді.
Әр кезеңдегі жетекшілер мен өнерпаздардың еңбегі ұжымның шығармашылық тұрғыдан дамуына, ұлттық өнердің кеңінен насихатталуына негіз болды. Бүгінде «Сарытауқұм» ансамблі қалыптасқан дәстүрді жалғастырып, ауданның мәдени өміріне өз үлесін қосып келеді.
Осы айтулы мерейтой қарсаңында Іле ауданы әкімінің орынбасары Асқар Садықов ансамбльдің өткені мен бүгіні, ұлттық өнердің қоғамдағы орны және шығармашылық ұжымдарды қолдаудың маңызы жөнінде пікір білдірді.
– Асқар Садықов, «Сарытауқұм» ансамблінің 45 жылдық мерейтойы – ауданымыздың мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Осы мерейтойдың мәні неде деп ойлайсыз?
– Қырық бес жыл – аз уақыт емес. Бұл – өнерге деген адалдықтың, тынымсыз еңбектің және бірнеше буынның шығармашылық ізденісінің нәтижесі. «Сарытауқұм» ән-би ансамблі осы жылдар ішінде ауданымыздың мәдени өмірінен өзіндік орын алып, ұлттық өнерімізді дәріптеуге зор үлес қосты.
Ең алдымен, ұжымның негізін қалаған Сабралиева Алтын Рахымбайқызына және әр жылдары ансамбльдің қалыптасуы мен дамуына еңбек сіңірген жетекшілерге, ардагер өнерпаздарға алғысымды білдіремін. Олардың еңбегі кейінгі ұрпаққа өнеге. Бүгінде сол дәстүрді жалғастырып келе жатқан өнерпаздардың еңбегі де ерекше құрметке лайық.
– Қазіргі таңда ұлттық өнерді сақтау мен жас ұрпаққа жеткізудің маңызы қандай?
– Өнер – ұлттың рухани қазынасы. Ән мен күй, би мен дәстүр арқылы біз өз тарихымызды, мәдениетімізді және ұлттық болмысымызды танытамыз. Сондықтан осындай шығармашылық ұжымдардың жұмысы өте маңызды.
«Сарытауқұм» ән-би ансамблі аудан көлемінде ғана емес, облыстық және республикалық деңгейдегі мәдени шараларда да ұлттық өнерімізді насихаттап, Іле ауданы мәдениетінің танылуына үлес қосып келе жатқан ұжым деп білемін. Осындай өнер ұжымдары арқылы ауданымыздың шығармашылық әлеуеті танылады, ұлттық құндылықтарымыз кеңінен дәріптеледі.
Біздің міндетіміз – осындай қалыптасқан өнер дәстүрін сақтау, жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру және шығармашылық ұжымдарға қолдау көрсету. Өйткені өнерге көрсетілген қолдау – руханиятқа көрсетілген қолдау.
– Мерейтой қарсаңында өнер ұжымына қандай тілек білдіресіз?
– Барша ансамбль мүшелерін, ардагерлер мен өнер сүйер қауымды 45 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын! Өнер ұжымына шығармашылық шабыт, толағай табыс, өнер жолында жаңа белестер тілеймін. Ұлттық өнерімізді ұлықтап, ауданымыздың мәдени өмірін байыта беріңіздер. Өнерлеріңіз өрге жүзсін!
Мерейтой аясында 20 қараша күні сағат 18:00-де Өтеген батыр ауылындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы Іле аудандық мәдениет үйінде «Сарытауқұм – саз бен салтанат» атты мерейтойлық шығармашылық есеп беру концерті өтеді. Кеш барысында ансамбльдің 45 жылдық тарихы сараланып, өнерпаздардың орындауындағы ән мен би көрермен назарына ұсынылады.
45 жылдық мерейтой – өткенге тағзым, бүгінгі еңбекке құрмет және болашаққа бағдар. «Сарытауқұм» ән-би ансамблінің тарихы – аудан мәдениетінің ажырамас бөлігі, ұлттық өнерге деген адалдықтың жарқын көрінісі.
Өнер ұжымының мерейі үстем болып, шығармашылық жолы жалғаса берсін!
Іле ауданы

