Республика күні мерекесі қарсаңында аспантаулар өлкесін атақоныс еткен ақындар мен батырлар еліндегі тағы бір қуанышты күннің куәгері болдық. Қасиетті Қарасаз ауылында Еркін Ібітанов атындағы мәдениет үйінің алдына Еркін ақынның ұрпақтарының мұрындық болуымен мүсіні қойылып, ашылу салтанаты өтті.
Елінің ерке ақыны атанған Еркін Ібітановты исі қазақ баласы жақсы біледі. Еркін ақын көзі тірісінде-ақ елінің аяулы ақынына айналған. Қарасаз ауылынан түлеп ұшқан ақын бүгін міне туған елімен қайта табысты. Өзінің кіндік қаны тамған жерге, Қарасаз ауылының нақ төріне ақынның мүсіні қойылып, есімі ескеріліп, елі есіне алды. Салтанатты жиынға арнайы келген қонақтар алдымен Мұқағали Мақатаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақынның мұражайымен танысып, әруағына тағзым етті. Мәдениет үйінің алдына қойылған су жаңа мүсіннің лентасын қиып, шымылдығын ашуға асыққан көпшілік салтанатты шараның негізгі бөлімін бастап кетті. Жиынды республикалық ақындар айтысының жүлдегері әрі Еркін ақынның інісі Бақыт Жағыпарұлы бастап жүргізді. Игі шараның алғашқы құттықтау сөзін Алматы облыстық Мәдениет, архивтер жән құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев алып, тарихи күннің куәсі болған көпшілікті қуаныштарымен құттықтады. Келесі кезекте Айтақын Әбдіқал, Данияр Әлиев, Нұрлан Әкімбаев, Қасым Беркебаев, Ерлан Еркінұлы сынды ел азаматтары мүсіннің лентасын қиып, ашылу рәсімін жасады. Ел ақсақалы Нұрлан Әкімбаев ақ батасын берді. Ақынның әруағына бағышталып құран оқылды.
Басқосудың екінші бөлігі мәдениет үйінің ішінде жалғасты. Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы сахна төріне шығып құттықтау сөз сөйледі. Еркін ақынның төл шәкірті «Мұқағали» журналының бас редакторы Батық Мәжитұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы толыққанды баяндама жасап, «Бүгін Қарасаз ауылы қуаныш үстінде. Қазақ поэзиясы көрнекті өкілдерінің бірі Еркін Ібітановке арналған ескерткіш ашылды. Мұны өскелең қоғамның ақын еңбегіне берген лайықты бағасы деп ұғыңыздар.
ХХ ғасырдың 50-ші жылдарында Аспантаудың екі перзенті әдебиет өлкесіне қадам басты. Олар көптің бірі болған жоқ, өзіндік ірі құбылысқа айналды. Шығармашылықтың әлемдік дәстүрін Нарынқолға жерсіндірді. Ауыл арасынан әріге бармайтын өлеңшілдікке түбегейлі реформа жасады.
Олай ету үшін тап-таза табиғи дарын, терең ізденіс, мол білім, тынымсыз еңбек керек еді. Сол қасиеттердің бәрі қарасаздық қос перзент – Мұқағали Мақатаев пен Еркін Ібітановтың бойынан табылды. Олар Тәңір силаған мол қуатты ысырап етпей, қара өлеңді өзгеше нақыштармен өрнектеп халқына қайта ұсынды. Ел үшін еңбек етудің ерен үлгісін көрсетті»-деді өз сөзінде. Қазақстан Жазушылар Одағы Алматы облыстық бөлімшесінің басшысы Қанат Әбілқайыр, М. Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Айтақын Әбдіқал, жазушы, публицист Әбілбек Айтақын, жазушы белгілі журналист Рысбек Сәрсенбаев, Мұқағали ақынның сыныптасы Халық ақсақалдар Еркін ақын туралы қызықты естеліктерімен бөлісті. Е. Ібітановтың жары Алтынгүл Ысқақоваға және ұрпақтарына алғыстарын білдіріп жатты. Ақынның журналистикалық, суырып салма ақындық, адамгершілік, ақ жүректілік сынды неше түрлі қырлары туралы әңгіме өрбіді. Сөз алған кісілер «осы күннен бастап Еркін ақынның екінші өмірі басталды, Еркін ақын қайта орнынан тұрды, поэма жазудың хас шебері, астарлы өлең жазудың зергері, ұстаздығы бір төбе еді» деп ағынан жарылды.
Ерке ақынның өмірлік жары болған Алтынкүл апамыз қуанышқа ортақ көпшілікке бас иіп алғысын айтты. «Менің осы күнге жеткенім Еркінімнің арқасы, әруағыңнан айналдым Еркінім, міне, еліңмен қайта қауыштың деп» көрермен қауымның көңілін босатты. Осы сәтті пайдалана отырып Батық Мәжитұлы Алтынгүл апамызға көпшіліктің көзінше «Мұқағали Мақатаев» атындағы төсбелгіні табыс етті. Сөз тізгінін алған ақын Даубай Мамытұлы мен Жұмабек Тәліпұлы ақынға арнап жазған өлеңдерін оқыды. Қазақ ақындары ішінде ойып алар орны бар Еркін ақынды сағынып, шөлдеп, аңсап келген көпшілікке ақынның қазақ радиосына берген сұхбаты және өз дауысымен оқыған өлеңдері тыңдатылып, жиналған көрерменнің бір мауқы басылды. Салатанатты жиынның соңын ақынның ұрпақтары атынан Ерлан Ібітанов қортындылады. Бұл мүсінді қоюдағы басты мақсат болашақ ұрпаққа мұра болып қалса деген ойы бар екенін жасырмады. Өзі де кейінгі жылдары шығармашылыққа бет бұрып жүргенін айтты. Қасқадан қасқа тумаса да төбел туады емес пе ақынның ұлы әкесіне арнап жазған өлеңін шаршы топтын алдында оқып берді. Әкесінің қуанышына жиналған барша жанашырларына шын ниетімен алғысын білдірді. Салтанатты жиынның соңында ақын әруағына арналып ас берілді.
Еркін Ібітанов пен Мұқағали Мақатаев тіршілігінде ағалы-інілі бауыр болғаны белгілі. Ерекең Мұқағали ағасы туралы «Хантәңірі қайдасың» атты дастан жазған. Мұқаң да Еркінді өзінің поэзиясының қорықшысы санаған. Ол туралы өлеңдері де бар. Бүгінгі күні екі ақынның аты бірге аталып, бірінің аты айтылған жерде екіншісі міндетті түрде айтылып жүр. Алақандай ауылдан шыққан қос ақын тіршілігінде қандай тату болса, қазір де бір бірінен алыстаған жоқ.
Қарасаздың баурайында қос ақынның мүсіні қатар қойылып екеуі кейде қалжыңдасып, ал кейде Қарасаздың қара түнін жамылып сыр шертетіндей сезімде болдық.
Алыптарын аласартпайтын ел-жұрты, ақынның ұрпақтары мен өлеңін сүйіп оқитын оқырмандары барда қос ақынның атағы биіктемесе төмендемейді. Елінің еркесі болған Еркін ақынның есімі болашақ ұрпақтың есінде мәңгі қалары сөзсіз.
Дастан ҚАСЕНҰЛЫ
Райымбек ауданы