25 қазан – Республика күні ел аумағында полиция күшейтілген режимде жұмыс істейді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Айдын Оразбаев айтты. Оның сөзінше, полиция адам жұрт көп жиылатын орындардағы тәртіпті бақылайды.
24-26 қазан аралығында барлық жеке құрам күшейтілген режимде жұмыс істейді. Әкімдіктермен бірлесіп, мәдени бұқаралық іс-шаралар өтетін орындар белгіленді. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін күштер мен құралдардың есебі дайындалды. Осы күндері қоғамдық тәртіпті сақтауға тартылатын полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің санын 20 мыңға дейін көбейту көзделген.
«Полиция жасақтары жұрт көп жиналатын және демалатын орындарға жақындатылады. Сонымен қатар бұл орындар жедел бақылау орталықтарының бейнекамералары арқылы визуалды бақылауға алынады», – деді Айдын Оразбаев.
Ол ахуалды бақылау үшін министрлікте Жедел штаб жұмыс істейтінін атап өтті. Бұған ұқсас штабтар барлық өңірде ашылады.
«Жалпы министрлік «Республика күні» азаматтардың қауіпсіздігі мен тәртіпті қамтамасыз етуге бар күшін салады», – деді ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор.