1999 жылы Жамбыл ауданы Қарақастек ауылындағы балалар үйінде 3 жасқа дейінгі 119 сәби денсаулығына байланысты ауыр халде болған еді. Сол кездегі Жамбыл аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы болған Зинаш Көштекова жағдайды өз көзімен көрген кезде есінен танып қала жаздап, өлім аузында жатқан балаларға көмекке ұмтылады. Ол дереу Алматы қаласындағы Тамақтану академиясының басшысы Төрегелді Шармановқа хабарласып, 119 баланы аман алып қалудың қамына кірісіп кетеді.
Барлығының ойын «Не істеу керек?» деген сұрақ мазалаған тұста Зинаштың есіне Қарағанды медицина университетінде оқыған кездегі ұстазының бір кеңесі түседі. Кейіннен Израильге қоныс аударған ұстазы: «Үш жасқа дейінгі балалар қатты ауырып, тұра алмай қалған жағдайда оларда ана сүті жетіспейді. Оны ауыстыратын тек қана соя сүті. Соя сүтінің құрамы ана сүтімен бірдей, кейбір жағдайларда одан да асып түседі», – деген екен. Осыны Зинаш академик Төрегелді Шармановқа айтады. Ол Зинаштың ұсынысын қолдайды. Сонымен, жедел түрде соя сүтін өңдеп шығарып, балаларға бере бастайды. Бір айдың шамасында олардың беті бері қарап, өңдері кіріп, оңала бастайды. Өкінішке қарай, 22 баланы аман алып қалу мүмкін болмады. Жарты жылдың ішінде көрер жарығы бар 97 бала аяғынан тік тұрады. Бұған академик Төрегелді Шарманов пен Зинаш Көштекованың және балалар үйі директорының ерлікке бергісіз ісінің арқасында қол жетті.
Зинаш Көпжасарқызы 2003 жылы Америкада соя сүтінің пайдасы жайлы диссертация қорғап, профессорлық атағын алды. Қазірде Орта Азия бойынша ана сүтімен тең соя сүтін өндіруге күш салып жүр. Балқаш, Кеген, Нарынқол, Жамбыл аудандарында басшылық қызметтерде болған, осы өңірлердің Құрметті азаматы атанған қоғам қайраткері, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, бірнеше медаль иегері атанды. Ол жөнінде деректі фильм түсірілді. Онда Зинаштың еңбек жолы, 97 сәбиді аман алып қалғаны туралы ерлігі, ғылым жолындағы және өндірістегі еңбегі көрсетілген.
Алтын жүректі жанның осынау ерлігі – кейінгі өскелең ұрпаққа, әсіресе жас аналар мен қыз-келіншектерге үлкен тәрбиелік мәні зор іс. Осы орайда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Зинаш Көпжасарқызы қызмет атқарған аудандарда кездесулер ұйымдастырылса деген ұсыныс айтар едім. Одан бері қаншама жыл өтсе де, қазақ қызының сол кездегі жанкештілігі халық жадынан өшпейді. 97 баланы аман алып қалғаны үшін жоғары наградаға ұсынылса, нұр үстіне нұр болар еді. Есімі алтын әріптермен жазылуға тиіс Зинаш Көштекова «Алтын жұлдызға», ал сол кезіндегі Қарақастек ауылындағы балалар үйінің басшысы мен тәрбиешілері болған жандар түрлі марапаттарға лайық деп есептеймін. «Ештен кеш жақсы» демекші, жасаған ісі ерлікпен пара-пар азаматтардың еңбегі еленіп, лайықты бағаланса екен деймін.
Бақтығали АЙЖІГІТОВ,
жазушы, қоғам қайраткері