25 қазан – Республика күні мерекесі қарсаңында бүгін Қарасай ауданындағы Сулейман Демирел университетінің (SDU University) спорт және мәдениет кешені қолданысқа берілді.
Кешеннің жалпы аумағы 4370 шаршы метр. Оның ішінде 1400 шаршы метрлік спорт залы орналасқан. Нысанда ұлдар мен қыздарға арналған 2 фитнес орталығы бар. Сондай-ақ мұнда әр түрлі мәдени іс-шараларға арналған алаңдар, акт залы орын тепкен. Жалпы университетте 28 студенттік клуб спорт, шығармашылық және мәдени шаралар өткізіліп жатыр. Нысанда студенттердің өзін-өзі дамытуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Мысалы, олар спортпен шұғылданып болған соң, бірден душқа түсе алады. Бұдан бөлек, ыңғайлы жүріп-тұру үшін лифт те орнатылған. Кешен заманауи керек-жарақпен жабдықталған.
Ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы қатысып, университет ұжымын мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде өңір үшін маман даярлауда SDU University рөлі маңызды екенін айтты.
«SDU-ге оқуға түсу үшін шекті балл өте жоғары болуы тиіс. Бұл өз кезегінде сапалы білімді қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда облыстағы түрлі салаларда маман тапшылығы бар. Осы мәселені шешуде университеттің алар орны ерекше. Мемлекеттік білім ошағы болмаса да, бұл жер халық арасында өте танымал», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Өңір басшысы SDU студенттерінің биік белестерді бағындырып жатқанын да атап өтті. Бұдан бөлек, әкімнің сөзіне сүйенсек, бүгінде Алматы облысында мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған.
«Біз әр мүмкіндікті пайдалануымыз қажет. Университетпен тығыз байланыс орнатқан 50 мектебіміз бар. Бұл коллаборация екі жаққа да өз нәтижесін береді деген ойдамыз. Мемлекет басшысы іссапарында СДУ-ға келіп, жұмысымен танысып, жоғары бағасын берген болатын. Ендігі біздің мақсат – Қонаев қаласы мен «G4 city» аумағында осы тәріздес оқу ошақтарын тұрғызу. Ертеңгі Ұлттық мереке баршамызға құтты болсын!» – деді облыс әкімі.
Нысан салтанатты түрде ашылған соң Марат Сұлтанғазиев кешенді аралап шықты. Бұдан кейін облыстағы 200 мектептің директорлары қатысқан семинар-тренинг өткізілді. Бұл шара оқу орындарындағы, педагогика саласындағы түйткілді мәселелерді талқылау үшін арнайы ұйымдастырылған.