1990 жылы қазан айының 25-і күні ХІІ шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында «ҚазКСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл қазақ халқы үшін үлкен қуанышты жайт болды. Декларация қабылданғаннан кейін бұл мерзім мерекелер тізіміне еніп, Республика күні ретінде 17 жыл бойы аталып жүрді. Кейін Республика күнінің ұлттық рухы жоғары болғандығынан сескенді ме, 2009 жылы оны тойлауды тоқтатып, 16-желтоқсанда мерекеленетін Тәуелсіздік күніне сіңіріп жіберді. Оның дұрыс еместігін алға тартқан журналистер мен қаламгерлер қауымы сол кезде мерекені қайта қалпына келтіру жөнінде үнемі ұсыныс айтып, талап қойып жүрді. Тіпті осы орайда баспасөз мәслихаты өткізіліп, мақалалар жазылды. Ол нәтижесін де берді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр арнайы Жарлықпен Республика күнін ұлттық мереке ретінде қалпына келтірді. Халқымыз үшін тарихи маңызы зор, мәні терең мереке қайтып оралғанға дейін арада тағы 13 жыл өте шығыпты.
«Бұл мереке бізге несімен қымбат? Несімен ардақты?» деген сауалға жауап іздер болсақ, оның тамыры тереңде жатқанын көреміз. Қазақ халқы 1731 жылдан 1991 жылға дейін 260 жыл Ресей бодандығында болғаны белгілі. Осы жылдарда отаршылдыққа, патшалық Ресей езгісіне қарсы 400 реттен астам бас көтеру болды. Соңғысы – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Ол әлі күнге дейін жадымызда жаттаулы, санамызда сақтаулы. Сондықтан да «ҚазКСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған күнді қазақ халқының бостандығы мен азаттығының мерекесі деуге болады. Декларация қабылданған кезде коммунистік партияның билігі әлі де жүріп тұрған. Кеңес өкіметі 1991 жылы 12 желтоқсанда ғана ресми түрде өзінің өмір сүруін тоқтатты. Оған дейін «Кеңес одағын сақтап қалу керек пе, жоқ па? Сақтайтын болсақ, ол федерация бола ма, әлде конфедерация бола ма?» деген талқылаулар жүріп жатты.
«ҚазКСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация жобасы тәуелсіздік мәселесін қозғаған жоқ. Ол қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, сыртқы байланыс, қаржы-қаражат мәселелерін одақ құзыретіне шегеріп, қалған мәселелерді түгелімен өзінің еркіне көшірді.
Декларация Қазақстанның унитарлық, яғни, аумағы бөлінбейтін біртұтас мемлекет екендігін паш етті. Қазақстанның жер-суы, қазба байлықтарын республика меншігіне айналдырды. Одаққа кіру, одан шығу құқығы да өз еркінде қалды. Декларацияның қазақ халқына қатысты ең керемет тұсы – ұлттық мемлекет қалыптастыруға мүмкіндік туғызғанында еді. Бұл арқылы Қазақстанның конституциялық негізде ұлттық бағытта дамуына жол ашып берді. «Қазақ КСР-і қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауапкершiлiктi ұғына отырып, ұлттық мемлекеттiгiн сақтау, қорғау және нығайту жөнiнде шаралар қолданады», –¬ делінген декларацияда.
Бұл қағидалар 1991 жылғы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңында, 1992 жылы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелікке қабылдау туралы қаулысында,1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстанның тұңғыш Конституциясында ескерілді. Бұл құжаттың бәрінде Қазақстан «ұлттық мемлекет» ретінде көрсетілді.
Өкінішке қарай, 1995 жылы 30 тамызда қабылданған, қазіргі қолданыстағы Конституциямызда аса маңызды бұл қағидалар жоқ. Соның салдарынан қазіргі таңда Қазақстан ұлттық емес, АҚШ сияқты азаматтық мемлекетке айналып отыр. Мемлекет құраушы қазақ халқы азаматтық мемлекет емес, елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің азаматтық құқықтарын қатаң сақтай отырып, ұлттық мемлекет құруы тиіс. «Мемлекеттік егемендік декларациясында» көзделген бұл қағидалар алдағы уақытта конституциялық реформалар арқылы жүзеге асады деп үміттенеміз. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт екені Негізгі Заңымызда міндетті түрде көрініс беруі тиіс.
Республика күні шын мәнінде қазақ халқының ұлттық мерекесі. Бірақ еліміздегі ең үлкен саяси мерекенің «Республика күні» аталуы көңілге қонбайды. Өйткені, республика атауы бұған дейін де қолданылып келген. 1920 жылы 6 тамызда Қазақ автономиялы кеңестік Республикасы құрылды. 1936 жылғы 5 желтоқсанда Қазақ КСР-і одақтас республика болып қайта аталды. Осы орайда «Республика күні» деген атау бейтарап қойыла салған деуге негіз бар. Шын мәнінде бұл – қазақ халқының Азаттық күні. Сондықтан бұл мереке «Азаттық күні» деп аталуы керек деп ойлаймын. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депуттарынан, қоғамдық бірлестік өкілдерінен бұл ұсынысымды мүмкіндігінше қолдауларын сұраймын.
Марат Тоқашбаев,
жазушы-публицист,
Алматы облысының Құрметті азаматы