Республика Конституциясында анықталғандай, еліміздің құқықтық мемлекет ретінде орнығуы, дамуы заң шығармашылығының тиімділігін көтеруді талап етеді. Заңнаманың жетілмегендігі қоғамның заман талабына сай дамуына теріс әсер етеді, заңдылық peжимін әлcipeтеді, елдегі құқықтық тәртіп деңгейін төмендетеді.
Заң тиімді болған жағдайда және күнделікті өмірде шынайы жүзеге асқанда ғана ол құқықтық мемлекеттіліктің негізі, іргетасы рөлін атқара алады. Заңдардың жүзеге асырылуы үшін оның ережелерін азаматтар дұрыс ұғынып, практикалық қызметте оларды дұрыс басшылыққа алуы керек. Ол үшін заң жалпы қарапайым халық үшін түсінікті, қолжетімді болуға тиіс. Заңның қарапайым халық үшін түсінікті болуы тұрақты түрде заң шығару тіліне көңіл бөліп, оны жетілдіріп, дамытып отыруды қажет етеді.
Алайда заң шығармашылығы тәжірибесінде «Бұл талаптар сақталып жатыр ма, әсіресе, қазақ тілінде қабылданатын заңдар бұл талаптарға толығымен жауап бере ме?» деген сұрақ туындайды. Өкінішке қарай, сақталып жатыр деп сенімді түрде айта алмаймыз. Оны «Қазақ тіліндегі заңды оқып, оны ұғынбайтын, белгілі бір заң нормасы туралы екі түрлі ойда қалатын, заңды таза қазақ тілінде дайындап, қабылдайтын күн туар ма екен?!» деп шыбын жаны шырылдап жүрген азаматтардың ақпарат құралдарындағы сөздерінен, жазбаларынан байқауға болады.
Қазақ тіліне жанашыр азаматтарға көбіне қолына амалсыздан қалам алдыратын бір себеп – орыс тілінде дайындалып, қабылданатын заңдардың қазақ тіліне қисынсыз, шала аударылуы. Мұндай жөнсіздік өмірде өз көрінісін беріп жатыр, яғни заң нормаларын мағынасына қарай емес, сөзбе-сөз, тікелей аудару, аударма ісіне селқос қарау көпшілікті түсініксіздікке ұрындырып, қараңғы тұңғиыққа жетелеуде. Өз кезегінде қазақ тіліндегі заңға қатысты мұндай селқостық заңның реттеушілік қасиетінің төмендеуіне, құқықтық қатынас субъектілерінің заңның қазақ тіліндегі мәтініне көп жүгінбеуіне, тіптен кейбір қоғам мүшелері тарапынан тиісінше менсінбеушілігіне әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Мұндай жағдайдың біразы қоғамда орын алып та жатыр.
Еліміздің заң шығару практикасын саралау Парламентке қазақ тілінде әзірленген заң жобасының көп енгізілмейтіндігін, қазақ тілінің көбіне орыс тілінде әзірленіп, қабылданған заңдардың аударма тілі ретінде ғана қолданылып келе жатқанын көрсетеді. Оның өзінде заңды орыс тілінде қабылдап, оны қазақ тіліне аударудың өзі қате жүргізіліп отыратын жайлар бар. Бұл ащы болса да, таза шындық. Әсіресе, жанға бататындығы – дұрыс аудармаудың тіптен мемлекеттің Ата Заңының мазмұнында орын алуы. Қазақ тілінің нақ Қазақстанда мұндай бейшара күйді басынан кешіруі бейнебір қалыпты жағдайға айналғандай. Еліміз егемендігін жариялап, тәуелсіздігін бекіткеніне қаншама уақыт өтсе де, қазақ тілі заң шығармашылығы саласында әлі де толықтай шынайы мемлекеттік тіл ретінде әрекет ете алмай отыр.
Заң тілінің күрделілігі әрі оның қазақ тіліне дұрыс аударылмауы өз кезегінде заңды халықтың дұрыс түсінбеуіне әкеп соқтыруда. Ал оның салдары мемлекет өмірінде заңсыздықтың орын алуының, заңның орындалмауы мен бұрмалануының негізгі себепшісі болып отыр. Заң нормасын халықтың дұрыс түсініп, оны дұрыс қолдануы үшін заңның мәтіні, яғни заң шығару тілі қарапайым әдеби тілге неғұрлым жақындатылған болуы керек. Сондықтан заң ережелерін қоғам мүшелерінің дұрыс ұғынып, заң нормаларын дұрыс қолдануы, практикалық қызметте оларды дұрыс басшылыққа алуы, тиісінше жүргізіліп жатқан құқықтық реформалардың нәтижелілігі үшін заң шығару тілін жетілдіріп, дамытып отыру қажет.
Әйгерім Жарболова,
заң ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің аға оқытушысы