Әр халықтың тарихы мен тағдырында бетбұрысты сәт болады. Беріден қайырсақ, ХХ ғасырдағы Қазақстан үшін, бірінші кезекте, оның мемлекеттік дамуы үшін үш мәрте жұлдызды сәт туды. Олар, біріншіден, 1920 жылы кеңестік Қазақ автономиясының дүниеге келуі. Екіншіден, 1936 жылы РСФСР құрамындағы автономиялы республика мәртебесімен қоштасып, КСРО-ны құраушы одақтас республикаға айналғанымыз. Үшіншіден, 1990 жылғы 25 қазанда «ҚазКСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияның қабылданғаны. Бұл құжат КСРО-ның ыдырауын тездетті, тәуелсіздігіміздің құқықтық негізін қалады.
25 қазан күні Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесі екінші сессиясының отырысы басталды. Төраға Салық Зиманов үйлестіру комиссиясының жұмысын қорытындылаған баяндамасын оқыды. Талқылау алты сағатқа созылды. Кешкі 19.00-ге бірнеше минут қалғанда құжат қабылданды. 360 депутаттың 20 пайызы қарсы дауыс берді. Кеңестік билік өмір сүріп тұрғанына қарамастан, қазақ әлі демографиялық азшылықта болса да, осындайлық батыл әрі ізашар шешімнің қабылдануы халқымыздың жасампаздық қабілетін, тарих көшін алға сүйреуге даяр ұл-қыздары барын куәландырды.
Біз әлі де 25 қазан ұлы күн екенін ұғына алмай жатқан сияқтымыз. Ол күнді біресе мереке деп жарияладық, біресе мерекелер тізімінен алып тастадық. Мұның себебін жұртшылық жете білмегендіктен әрі-сәрі күй кешті. Алайда Ұлттық құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың декларация қабылдаған күнге айрықша мәртебе беру керектігі туралы айтқаны көптің көңілінен шыққан бастама болды. Менің ойымша, 25 қазанды Қазақ мемлекеттілігінің күні деп айдарлау керек. Неге дейсіз ғой?
Біріншіден, Қазақ хандығы да 1465 жылы қара күзде шаңырақ көтерді. Екіншіден, кеңестік автономиялы Қазақ Республикасы 1920 жылы қазан айында дүниеге келді. Үшіншіден, Қазақстан Республикасының құқықтық болмысы 25 қазанда қабылданған декларациямен айқындалды. Төртіншіден, Республика – елді басқарудың бір формасы ғана. Ұлы даланың сан ғасырлық тарихында мемлекеттің басқа да түрлері болған. Бесіншіден, мемлекетсіз халық – жетім халық деген қағида бар. Басқаша айтқанда, Мемлекеттілік күні Республика күнінен әлдеқайда маңыздырақ. Алтыншыдан, Қазақ мемлекеттілігі деумен ұлттық мемлекет құруға бет алғанымызды биік деңгейде паш етеміз.
Ендеше, қайта жаңғыртылған ұлттық мерекені Қазақ мемлекеттілігі күні деп ұлықтасақ, қателеспейміз. Ол тарихи зердеге, мемлекетшіл санаға, ғылыми танымға соны серпін береді.
Ханкелді Әбжанов,
Ұлттық ғылым академиясының академигі