Перейти к содержимому
Главная страница » Ерлік, төзімділік және рух қуаты

Ерлік, төзімділік және рух қуаты

«Ақ бидай – 2025» VIII Республикалық ауыл спорты ойындары аясында өткен қазақ күресі жарысы өз мәресіне жетіп, жалпыкомандалық есеп бойынша жеңіспен аяқталды.

Қазақтың басты ұлттық күрес түрі саналатын қазақ күресі жарысына еліміздің түкпір-түкпірінен келген ең үздік ауыл балуандары қатысты. Спортшылар 8 салмақ дәрежесі бойынша – 55 кг-нан +100 кг-ға дейін өзара мықтыны анықтады.

«Қазақ күресі – бұл ұлттық мақтаныш. Бүгін біз күш пен ерліктің нағыз мерекесін тамашаладық. Қуантатыны — ауылдық жерлерде бұл спорт түріне деген қызығушылық артып келеді. Жастар белсенді айналысып жатыр. “Ақ бидай” ойындары жаңа таланттарды анықтайтын маңызды алаң. Мұнда болашақ чемпиондар қалыптасады. Көптеген балуандардың техникасы мен дайындығы ұлттық құрама спортшыларынан кем емес», – деді қазақ күресінің ардагері Қапар Рауанов.

Белдесулер өте тартысты өтті – әр спортшы өз шеберлігін, күшін және мінезін көрсетуге тырысты. Көптеген жекпе-жектер әсерлі лақтырулармен және жылдам тәсілдермен аяқталып, көрермендерді тәнті етті. Финалдық кездесулердің соңғы секундтарына дейін кім жеңетіні белгісіз болды.

«Әр белдесу оңай болған жоқ. Менің жеңісім – күнделікті жаттығулар мен туған өңірімнің қолдауының нәтижесі. Осындай ірі әрі беделді турнирдің финалында қарсыласымды жеңіп шыққаныма мақтанамын», – деді +100 кг салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз, Алматы облысының өкілі Жұмахмет Әлімхан.

Көрермендердің ерекше ықыласына бөленген белдесулердің бірі – абсолютті салмақ дәрежесіндегі кездесулер болды. Мұнда әр өңірдің нағыз мықтылары ең жоғары деңгейдегі шеберлікті көрсетті. Осы санатта біздің талантты балуанымыз Руслан Абдразақов күміс жүлдеге ие болды.

Үшінші орынды иеленген жерлестеріміз — Зәкен Шыңғыс пен Тұрсынәлі Әлішер.

Жалпыкомандалық есеп қорытындысы:

Алматы облысы — 1 алтын, 1 күміс, 2 қола

Түркістан облысы

Батыс Қазақстан облысы

Қазақ күресі арқылы ауыл спортының рухы биіктеп, ұлттық болмыс пен батырлық қасиет жаңғыра түсті. Бұл жарыстар — болашақ чемпиондар мен рухты ұрпақтың іргетасы.