Перейти к содержимому

«Ақылдымның» жаңа белесі

25 қаралым

Қаскелең қаласында балаларға арналған «Ақылдым» түзету орталығының ұжымы жаңа қонысқа көшті. Жөндеуден өтіп, заманауи талапқа сай жабдықталған ғимаратқа орналасқан орталықтың педагогтері де, ата-аналары да, балалары да дән риза.
Бұл орталық 2019 жылы дамуында қиындықтары бар балалардың ата-аналарына көмектесуге деген ынта-жігері мол кәсіби педагог Анар Қилыбаеваның жеке ұмтылысымен ашылған еді. Алғашқыда сабақтар үйдің жанындағы шағын уақытша ғимаратта өткізілді. Бастапқы кезеңде бар болғаны үш-төрт бала қамтылды. Кейін мұнда білім алуға ниетті балалардың саны әлдеқайда көп екені белгілі болған соң, орталыққа тұтас бір үй берілді. Енді, міне, жолдасы Ержан Иманқұловтың қолдауымен Анар өз білім беру мекемесінің ерекшеліктерін ескере отырып, ғимаратты толық жөндеуден өткізді. Негізінде, бұл орталық тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы десе болады.
Мұнда бүгінде нағыз кәсіби мамандар еңбек етеді. Орталық жетекшісі Анар Қилыбаева – нейропсихолог әрі ойын терапевті. Жазира Меземхан мен Сәнім Өміртаева – бейімделген дене шынықтыру бойынша жаттықтырушылар, сондай-ақ балаларды мектепалды даярлаумен айналысады. Дария Мырзақұлова – логопед-дефектолог, Өміргүл Жанатхан – логопед әрі психолог, Гүлмира Сәрсенбаева – логомассаж және сенсорлық интеграция бойынша маман. Осынау қуанышты күні олардың да еңбегі атап өтіліп, Алғыс хаттар табысталды.


Орталық жетекшісінің айтуынша, сабақтар бағдарламасына бейімделген дене шынықтыру, нейропсихология, сенсорлық интеграция, Томатис терапиясы, нейропорт терапиясы, Фохо массажы, нүктелік массаж, логомассаж және басқа да бағыттар кіреді.
– Бейімделген дене шынықтыру – қимыл үйлесімділігін, бұлшықет тонусын дамытатын және психологиялық кедергілерді жеңуге көмектесетін спорттық-сауықтыру шаралары мен жаттығулар кешені. Нейропсихология адамның ми қызметі, психикалық процестері мен мінез-құлқы арасындағы байланысты бақылау үшін қажет. Томатис терапиясы музыка мен дыбыстар арқылы миды жаттықтырады. Нейропорт тіл рецепторлары арқылы берілетін жеңіл электр импульстерінің көмегімен ми мен жүйке жүйесінің қызметін қалпына келтіруге ықпал етеді. Массаждың да түр-түрінің пайдасы зор. Біз әр балаға жеке тәсілмен қараймыз, арнайы диагностикалық карта әзірлейміз, содан кейін нәтижелерін бақылап отырамыз. Орталықтағы сабақтар үш айға есептелген. Оның қорытындысы бойынша 80 пайызға дейін оң өзгерістерге қол жеткізуге болады. Көзбен көрген нәтижелеріміз – жұмысымызды әрі қарай жалғастыруға үлкен серпін береді, – дейді Анар Қилыбаева.


Көріп отырғанымыздай, орталықтың жұмысы мектепке дейінгі жастағы балалардың сөздерді анық айтуына және үйлесімді дамуына көмектесуге бағытталған. Бұл – ерекше балалардың ата-аналары үшін үлкен қолдау. Өйткені олардың көпшілігі кейде тығырыққа тіреліп, үмітсіздікке бой алдырады. Ал «Ақылдым» орталығының арқасында олардың үміті артып, мамандармен бірлесе отырып, балаларының бойындағы қабілеттерін ашуға және белгілі бір жетістіктерге жетуге мүмкіндік алады.
– Мұнда өте жақсы жағдай жасалған. Ең бастысы – білікті мамандар еңбек етеді, – дейді ата-ана Мейірім Докторбекқызы. – Мұнда өткізілетін сабақтардың ешқайсысы зая кетпейді. Нәтижесі көзге көрініп тұр. Оның үстіне балалар орталыққа ықыласпен, қуана келеді. Меніңше, бұл өте маңызды. Қаскелең қаласында осындай орталықтың жұмыс істеп тұрғаны қандай ғанибет!

Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы

↑