Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ерекше балаларға ерекше көңіл

Ерекше балаларға ерекше көңіл

33 қаралым

Республика күні қарсаңында Талғар ауданы Қызылқайрат ауылында орналасқан «Ақ жол-М» балаларды оңалту орталығында Алматы облысының балалардың құқықтарын қорғау басқармасының қолдауымен Оңалту орталығы әкімшілігі ұйымдастырған мерекелік концерт өтті. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Дәулет Шайтұрсын арнайы келіп қатысты.
Облыс орталығынан келген құрметті қонақтарды «Ақ жол-М» оңалту орталығының қызметкерлері жылы жүзбен қарсы алып, мекеме жұмысымен жан-жақты таныстырды. Бұл орталық мыңнан астам ерекше қажеттіліктері бар балаларға кешенді медициналық-әлеуметтік оңалтуды тегін ұсынады. Халықтан жиналған қайырымдылық қаржысы және меценаттардың қолдауымен құрылған мекеме қозғалыс функцияларын қалпына келтіруге және пациенттерді әлеуметтік бейімдеуге арналған озық құралдармен жабдықталған.


Күндізгі орталықта мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтудың бірыңғай стандарты қолданылады. Онда психолог, массаж, емдік дене щынықтыру, жүзу бойынша толыққанды қызмет алуға болады. Мамандар ағылшын тілінен сабақ өткізеді, шахмат, шашка, армрестлинг және тоғызқұмалақ бойынша ойындарды үйретеді. Орталықтың қамқорлығында 200-ден астам бала бар, олар мұнда 72 маманның білікті оңалту емшараларын қабылдайды. Мемлекет тарапынан мүгедектігі бар балаларға емдеу мен оңалтудың толық кешені үшін барлық жағдай жасалуда. 2020 жылдың қаңтарынан бастап «Ақ жол-М» қоры ҚР Әлеуметтік қорғау және еңбек министрлігінің 58 балаға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтеріне мемлекеттік тапсырыс алады.
Қонақтар орталықтың барлық кабинетін аралап, балалардың оңалтудан өту үдерісімен егжей-тегжейлі танысты. Мұнда күн сайын 170-200 баланы қабылдау жоспарланған. Әр түрлі аурулармен ауыратын 1000-нан астам бала қордың есебінде тұр, көрсетілетін оңалту көмегі күндізгі режимде жүргізіледі. Мұнда әрбір балаға жеке қарайды және ата-аналардың өзін жалғыз сезінбеуі үшін баласымен бірге болу мүмкіндігі бар.
Орталықтағы емдеу үрдістері көрсетілген соң, одан әрі іс-шара мәжіліс залында жалғасты. Мұнда балалар концерт қойып, өз қолдарымен жасаған керемет шығармашылық еңбектерімен де қуантты. Әсіресе кішкентай ғана Әмина Манаптың домбырамен билеуі және Элифа Фиязованың «Ақ жол-М» орталығының әнұранын орындауы қонақтарды ерекше тебірентіп, көпшілік ду қол шапалақтады.


Орталықта оңалту шараларын алып жатқан балаларды облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев Республика күнімен құттықтады. Ол барлық қатысушыларға, балаларға, қызметкерлерге, олардың ата-аналарына шынайы қолдау білдіріп, тең мүмкіндік, қолайлы орта және әрбір баланың дарынын ашу үшін жағдай жасау жергілікті атқарушы билік жұмысының басты басымдығы екенін атап өтті.
– Әрбір бала – біздің болашағымыз, мақтанышымыз. Ерекше қажеттіліктері бар балаларда шынайылық, керемет рух күші мен дарын бар. Біздің міндетіміз – сіздер өздеріңізді сенімді, қауіпсіз және бақытты сезінулеріңізге мүмкіндік жасау. Біз сіздердің өмірге деген құштарлығыңыз, алғашқы жеңістеріңіз үшін ерекше қуанамыз, – деді Ғани Айдарұлы.
Ол ерекше балаларды тәрбиелеу мен оңалтуға күн сайын жан-тәнін салып, асқан шыдамдылық, шексіз сүйіспеншілік танытып жүрген ата-аналарға, заңды өкілдер мен педагогтарға алғыс айтты. Дарынды балалардың күшімен дайындалған концерт үшін ерекше ризашылығын білдірген облыс әкімінің орынбасары орталық қызметкерлері мен тәрбиеленушілеріне емдеу аппараты мен мерекелік сыйлық тапсырды.
Өз кезегінде орталық қызметкерлері қонақтарға алғыстарын білдіріп, балалардың қолымен салынған үлкен суретті сыйға тартты. Іс-шара соңында Ғани Айдарұлы әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту, мамандандырылған оңалту орталықтары мен инклюзивті алаңдар ашу жұмыстары алдағы уақытта да белсенді жалғасатынын, әрбір бала өз арманын жүзеге асыра алатынын атап өтті.
Осылайша біз мереке қарсаңыңда елімізде ерекше қажеттіліктері бар балаларға ерекше көңіл бөлінетініне тағы бір мәрте көз жеткізе түстік.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы

↑