«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының «Ақсауыт» әскери-патриоттық бағдарламасы бізге арнайы ат басын бұрып, шекарашылардың қызметімен танысты. Ал бұл дегеніміз, шекарашылар үшін керемет жаңалық! Сонымен, еліміздің Қарулы Күштерінің тыныс-тіршілігін халыққа жеткізіп, көрермендерінің көзайымына айналып жүрген журналист Жанерке Берікқызы бастаған түсірілім тобын ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Ақжардағы оқу базасында құшақ жая қарсы алып, ішке бастадық. Орайы түсіп тұрғанда айтуымыз керек, шекарашылардың тыныс-тіршілігі жайында сюжет дайындауға білек сыбана кіріскелі тұрған шығармашылық топтағы режиссер мен қос оператордың бірі бізге етене таныс болып шықпасы бар ма?! Олар – Дастан Еркінұлы және Самат Курбиев еді. Бір қызығы, біз Дастанды «Ақсауыттың» режиссері һәм операторы ретінде білетінбіз. Аспантау етегіндегі шекара бөлімшелерін бірге аралап, шекарашылар туралы тағылымы мол репортаждар жасады. Бұл-бұл ма, Дастан Еркінұлы қалың жұртшылыққа шекарашылармен бірге сапқа тұрып, еліміздің Әнұранын жатқа айтатын балақайды танымал еткені әлі ұмытыла қойған жоқ.

Сол жолы бейнекамераның алдында журналистің сауалдарына қысылмай жауап берген бес жасар балапан қазір мектепке барып жүр… Саматпен де бұған дейін «Алматы» шекаралық бақылау басқармасының халықаралық әуежайы ұйымдастырған мерекелік шарасы кезінде танысып, содан бері байланысымыз үзілмеген. Сосын да жаңа форматтағы әскери-патриоттық телебағдарлама ұжымының құрамынан шекарашылардың ел шебіндегі қас-қағым, қарбалас тіршілігін өзінің бас саусағындай жақсы білетін тәжірибелі операторды көріп, өзіміздің ежелгі танысымызды кездестіргендей күйде болғанымызды несін жасырайық?! …Сержанттар құрамын даярлау бөлімі бастығының тәрбиелік, идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Азамат Биманов барлығын тап-тұйнақтай етіп дайындап қойыпты. Сондықтан, қос оператор Самат Курдиев пен Азамат Кенжетаев бейнекамераларын бірден іске қосса, жүргізуші Жанерке Берікқызы да алаңда саптық жүрістің қыр-сыры мен дағдыларын үйреніп жатқан жеке құрамға қосыла кеткен. Әрине, үстіндегі әскери формасына қарап, біздің азаматтық өмірдегі әріптесімізді әп-дегеннен, шекарашылардың біріне балап қалар едіңіз… Әрі қарай, жүргізуші ханым департамент бастығының тәрбиелік, идеололгиялық және кадр жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Ж.Андасбаевпен сұқбаттасқан. – Әскери мамандықты таңдау – жай ғана кәсіп таңдау емес, ел алдындағы жауапкершілікті мойынға алу. Сондықтан әскери қызметке қызығушылық танытқан жастарды осы бағытта білім алып, кәсіби тұрғыдан дамуға шақырамыз, – деген Жанат Өміржанұлы Шекара қызметінің міндеті мен әскери мамандықтың ерекшеліктеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Бұл кезде түсірілім тобын «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының мүшелері күтіп отырған болатын. Тарқатып айтар болсақ, бұл – сержанттар құрамын даярлау бөлімінің бастамасымен, өткен жылы ашылған клубтың сайыпқырандары. Бүгін оларға кадрлар бөлімінің консультанты, подполковник Баубек Жаңабаев отандық және шетелдік әскери жоғары оқу орындарына түсудің жолдары туралы айтып берді. Офицерді мұқият тыңдаған жас шекарашылар арасында өздерін толғантқан сұрақтар қоюмен қатар, журналиспен бүкпесіз әңгімелесуден тартынбаған…
Нысана көздеу, із кесу қалашығындағы дәрістер де түсірілім тобының «нысанасынан» тыс қалмаған. Осылайша, оқу базасының бір күнімен танысып, кадеттердің қаруды шашып-жинау кезіндегі жылдамдықтарына тәнті болған журналист Жанерке Мұсаны «Қарғалы» шекара бөлімшесіне шақырдық. Ел шебінің тыныс-тіршілігімен таныстыру үшін… Тек, бұл туралы бөлек қалам тербейтін боламыз. Ал әзірге айтарымыз, бүгінгі түсірілімнің сәтті өткені.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы


